Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ринат Зайытов: "Қазақша білмейтін адам қазақты басқармауы керек" дегенге сүйенуіміз қажет

Опубликовано:

Танымал айтыскер ақын Ринат Зайытов Қамшы порталына сұхбат беріп, оқырман көкейінде жүрген сауалдарға жауап берді.

 - Қазір Ринат Зайытов қайда жүр? Немен айналысуда?

- Қазір айналысып жүрген жұмыс көп. Күзде шығармашылық кешімді өткізбекшімін. Қазір соған дайындық үстіндемін. Ол кеш қазан, қараша айларының бірінде үлкен концерттік жоба ретінде өтпек. Ал, негізгі айналысып жүргенім – шығармашылық жұмыс.

 - Айтыс ақындары «Айтыстан кеттім» немесе «Айтысты қойдым» дегенді жиі айтып жүр. Мұның себебі не? Айтыстан кеткенін жер-жаһанға жария ететін ақындарға не айтасыз?

- Алдыңғы бір сұхбатымда да айтқанмын бұл туралы. Негізі бұл әрбір ақынның түсінігіне байланысты жұмыс. «Айтыстан кеттім» деу – зейнетке шықтым дегенмен тең. Зейнетке шығатын адам алдымен бейнет көруі, елге бір еңбек сіңіруі керек. Сонда ғана жаңағыдай сөз айтуына болады. Қазір тірі жүрген айтыскерлердің ішінде сондай елге еңбегі сіңген төрт-бес ақын ғана бар шығар. Ал, қалғандарының айтып жүргенін өз басым қолдамаймын. Өзім айтыстан кетер ойым жоқ. Ой болса да олай айтпаған болар ем.

- Оқырмандар Сіздің қазіргі ақындар айтысына қатысты ойыңызды білгісі келеді. Сондай сұрақтардың бірі ақындардың келісіп айтысуы, ұйымдастырушылар тарапынан ақындарға нұсқау беріліп, аузына сөз салу жайына қатысты қойылыпты. Одан кейін сол айтысты ұйымдастырып жүргендерге қатысты да көптеген сауалдар түсуде. «Әр жерде әр түрлі айтыстар өтіп жатады. Оған бір ақын қатысып, бір ақындар қатыспайды. Кейін бір-бірін сөз етіп жүреді. Бұның себептері не?» деген сұраққа жауап берсеңіз.

- Ақындардың санасы тәуелсіз болмай бәрі бекер. Мәселе, айтыста емес, ақындардың өзінде. Салауат Исақаев деген ағамның «Біздің ақындарды Германияға апарып айтыстырсаң, «Айналайын Гитлер, немістен шыққан есіл ер» деп отыра береді» деген бір сөзі бар. Сол секілді, ақындарымызды өздерін мақтатуға, біреуді даттатуға пайдаланғысы келетіндер бар. Бірақ, мұнда кімді кінәлайсыз? Жүрсінді кінәлаудың, «Нұр Отанды» кінәлаудың реті жоқ. Ақындарымыз өздері қайда баратынын, қандай айтысқа қатысып, кімді мақтайтынын ойламаса оған кім кінәлі? Жоқ дегенде біреуі шығып «Мен ана әліппеден басқа кітап оқымаған Қанат Әлжаппаровпен айтыспаймын» деп айтпаса, олай айтуға қауқары болмаса, ақындарды кім пайдаланбайды?

Тек айтыс ақындарын ғана емес, басқа жазба ақындарды да қол бала етіп жүргендер бар. Жазушылар одағына мүше қаншама ақын-жазушы бар. Алайда, солардың барлығы ақын ретінде, жазушы ретінде тәуелсіз дей алмаймыз. Бұл жерде таяқтың екі ұшы да ақындардың өзіне келіп тиеді. «Кеудемде жаным бар, дастарханда наным бар» деген жасанды шүкіршіліктен айырылмайынша солай бола береді.

 - Ел арасында «Ақындар алдын ала дайындалып алып айтысады, не айту керектігін жоғары жақ белгілеп береді» деген әңгіме бар...

- Кез келген айтыстың алдында бір күн бұрын жиналыс не үшін өтеді? Соны айту үшін, келісіп алу үшін өтеді. Сол жерде біраз мәселе шешіледі.

- Бірақ, сол «келісімді» бұзатын, жетекте жүргісі келмейтін «тентектер» бар ма?

- Бар. Құдайға шүкір, ондайлар баршылық.

- Халық наразылық танытып отырған тағы бір мәселе мына «Шоу-айтыс». Бұл айтыссымақты сахнаға шығарудағы мақсат қандай?

- 3 жылдай бұрын бұлар мына шоуларына ертең Жүрсін Ерманды да қосып алады деп айтқамын.  Бірақ, сол кезде осыны ұйымдастырушылардың бірі Бақытжан Қасымның өзі әу баста бұны уақытша бастама, бір рет қызық үшін көреміз, кейін ұйымдастырмаймыз деген. Алайда, олай болмай шықты.

Қазір айтысқа әмір жүргізгісі келетіндер айтысты бағындыруын бағындырып алды. Енді көрерменді бағындыру қалды. Қазір айтысқа баратындар азайды. Зал толмайтын болды. Енді рейтингті көтеру үшін үйреншікті әдіс әншілерді қосу сәнге айналды. Бірақ, бұл да уақытша нәрсе.

 - Соңғы күндері елдің білім жүйесіне енетін өзгерістер қызу талқылануда. «Үш тілді оқыту» идеясы қарқын алып жатыр. Осы жайттарға қатысты айтарыңыз.

- Мұның жауабын бір ғасыр бұрын, ұлт қайраткері Міржақып Дулатов айтып кеткен. Ол кісінің «Қазақ даласында балалар 18 жасқа дейін тек қазақ тілінде оқуы керек. Содан кейін ғана ішінен іріктеп алып, екі жылға басқа елге оқуға жіберуге болады» деген сөзі бар. «Қазақша білмейтін адам қазақты басқармауы керек» дегенді де айтқан Міржақып атамыз. Міне, біз осы қағидаға сүйенуіміз керек еді.

Ал, әріпті енді танып жатқан, өз атын жаза алмайтын баланы бірінші сыныптан бастап үш тілде оқытамыз, Абай, Шәкәрім туралы шығарма жаздырамыз деу -  ақылға сыймайтын қорлық. Білім жүйесіндегі қазіргі жағдай осындай күлкілі күйде қалып отыр.

 - Бір сұхбатыңызда «Дін арабтан басталса, оның бұзылуы да арабтан болады» деген тәмсілді тілге тиек етіп, «Біздегі қазіргі жаппай белең алып келе жатқан дін - сол арабтың бұзылған діні» деген ой айтыпсыз. Елдегі діни ахуалға қатысты ол ойыңыз қазір өзгермеді ме?

- Кез келген мемлекетті, топты, елді басқарудың екі жолы бар. Бір жолы халықты бір нәрсеге сендіру болса, екіншісі – бұрынғы сенімінен айыру. Біздің мына ұлан-ғайыр даламыздың сақталып қалуы ол ислам құндылықтарының баба дәстүрімен ұштасқанының, ұлттық идеологиямыздың беріктігінің арқасы. Кеңес өкіметі орнаған соң құдай жоқ дедік, мешіттерді өртедік. Сенімнен айрылдық. Ал, 1991 жылы егемендік алғаннан кейін ең бірінші қабылданған заң ол – «Діни наным-сенім бостандығы туралы» заң болды. Рухани саладағы біраз әттеген-айларға сол заң жол ашып берді.

«Діннің бұзылуы арабтан басталады» дегенім ислам теріс дін дегенім емес. Сол дін атын жамылғандардың жымысқы жұмысына қатысты айтқаным. Біреулер бар сақал қояды, балақ кеседі. Беташар харам дейді. Ол айтқандары өтпей жатса немесе билік тарапынан қарсылыққа ұшыраса бастапқы ойларынан айнып, басқаша сайрайды. Салт-дәстүрімізге, әдет-ғұрып, тіпті  ұлттық ойындарымызға дейін жанашыр бола қалады. Сондай топтардың тірлігі қынжылтады. Олардың ойы қазақты көгерту емес, біріншіден билікке жету, жылы орын дайындау, екінші мақсаттары – ақша табу. Болды.

Қазір әке-шешесін кәпір дейтіндер пайда болды. Ел ішіне іріткі салушылар тек ислам дінін желеу етіп қана қоймай, басқа тараптан да соққылар жасап жатыр.

Қазір масондық ұйымдар белсенді жұмыс істеуде. Ондайлар бізде де бар. Мысалы, Алматыда ашылған масондық ұйымға Әлиханның аты берілді. Оған да көз жұмып отыра береміз. Мұның барлығы сол 1992 жылы қабылданған дін туралы заңның түрлі ағымдарға жол ашып бергендігінен.

Арабтар ислам діні келгенше құдай жоқтықтан емес, құдай көптіктен азды. Оны тарихтан білеміз. Бізге де енді дін үйретушілер көбейді. Солар әркімді әр түрлі құдайға сендіргісі келеді. Тек ізгілікті ғана насихаттайтын дінімізді қазір теріс ағымдар айналаға қалай көрсетіп жатыр? Неге олар Алланың атын жамылып кісі өлтіреді? Заңға қарсы шығады?

Бұдан басқа гомосексуализм, педофилизм сияқты теріс қылықтарды таратушы, сол бағытта ақша салушы топтар бар. Осы себептерге байланысты бұл мәселені тек исламға қатысты проблема деп емес, жалпы діни мәселе деген дұрыс болар.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1094736-zayytov-birinshi-synyp-oqushysyna-abay/

pixel