Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Вокзалдағы сауда: Жолаушыларға қандай тамақ ұсынылып жатыр?

Жарияланған күні:

Қызмет сапасын қаншама арттырып, жолаушыларға жағдай жасаймыз деп тырысқанымен, Шымкенттегі пойыз жолаушыларының айтар реніші еш басылған емес. Билет тапшылығы, алып-сатарлардың көктемнен кейінгі саңырауқұлақша көбейіп кеткені, саудагерлердің дөрекілігі, тағысын тағы бар.

Ал дәл қазіргі таңда Шымкент вокзалының жағдайы қандай? Бұл сұраққа жауапты NUR.KZ-тің аймақтағы тілшісі іздеп көрді.

Теміржол вокзалына келе сала билет алуға асықтық. Сөйтіп «Шымкент-Түркістан» бағаты бойынша билет алдық. Біз күткен пойыздың келуіне әлі жарты сағаттай уақыт бар. Вокзал ішін аралап шықтық. Гу-гу еткен адамдар. «Алматыға ма?», «Астанаға барасыз ба?» деген алып-сатарлар қаптап жүр.

Бақыт есімді келіншек Астана бағытына қарай билет алуға келіпті. Бірақ жолға бір айдан соң шығамын дейді. Айтуынша, билетті алдын ала алып үлгермесең, алып-сатарлардың қармағына түсіп, өз құнынан екі-үш есеге қымбат алуға тура келеді. Ал Алматыға қарай жолға шыққалы тұрған шымкенттік студент Фариза пойызбен қатынау әлдеқайда тиімді екенін айтты. Билет құны қалтаға қонымды, әрі билет тапшылығы деген аса көп бола қоймайды екен.

Шымкенттен Түркістанға баратын пойыз жолаушыларының қарасы көп екен. Осы аралықта сауда дүңгіршектерінде жағдайды білуге тырыстық. Есімін айтқысы келмеген саудагер келіншек вокзалдағы сауда арқылы күнін көріп отырғанын жасырмады. Оның дайындаған бәлішін тек жолаушылар ғана алмайды. Вокзал қызметкерлері тұрақты клиенті болғаны қашан. Күнделікті табысын ашып айтқысы келмеген ол тек сауда әр кезде әрқалай болатынын ғана айтты. Тауары санитарлы талапқа сай деп көндіргісі келді.

Сәл жоғары жүріп өзге дүңгіршекке бас сұқтық. Әрине, вокзал болған соң мұндағы тауар бағасы арзан болмасы анық. Кей тауардың бағасы тіптен шарықтап кеткен. Мәселен, қала ішіндегі дүкендерде 80-100 теңге тұратын тез дайындалатын кеспе бағасы 200-250 теңге. Сауда жасап тұрып саудагерді әңгімеге тарттық. Бізді таң қалдырғаны вокзалда жүріп сауда жасайтын саудагерлер саны тіптен аз. Тек бірді-екілі келіншек шұжық, піскен жұмыртқа, бәліш сатып жүр.

Саудагердің айтуынша, жүріп сататындар саны күн жылығанда көптеп болады екен. Әсіресе жаз мезгілінде мұнда мектеп оқушыларына дейін сусын сатып жүретын. Ал қазір күн салқын болғандықтан пойыз аялдағанда жолаушылардың көбі сыртқа шыға қоймайтындықтан саудагерлер де жүре сауда жасауға тырыспайды.

Сонымен біздің пойыз да келіп жетті. Елмен бірге билетте көрсетілген сан бойынша өз орнымызға жайғастық. «Шымкент-Түркістан» пойызы заманауи талаптарға сай келеді. Жеделдетілген бағытта жүретін оның пойыз деген аты болмаса, іші кәдімгі метроға ұқсас. 18 бақылау камерасы бар. Оның төртеуі пойыз сыртында орналасқан.

Бір бағытта 200-ге жуық адам тасымалданады. Жолсеріктің айтуынша, бұл бағытта аптаның жұмасы мен жексенбі күндері жолаушылар саны күрт артады. Ал сейсенбі, сәрсенбі күндері тек 10-11 жолаушы алып келген күндері де болыпты. Шымкенттен Түркістанға жүретін пойыздың билет құны 541 теңге. Айтпақшы, мұндай пойыз Қазақстан былай тұрсын, ТМД елдері бойынша тек оңтүстікте қатынайды екен.

Тура сағат кешкі 18.24-те қозғалған пойызда төрт сағаттан астам уақыт жүрдік. Бұл аралықта небір қызыққа куә болдық десек болады. Тұрақты жолаушылардың айтуынша, мұнда тек екі әйел жүріп сауда жасайды. Керегіңнің бәрін табуға болады. Алайда жолаушылардың көбі тек қапталған тауарларды сатып алуға құмар.

"Олардың қолдан пісірілген тағамдары санитарлы талапқа сай болмауы мүмкін ғой. Мен осы пойызбен жиі  Түркістанға барып тұрамын. Жолда ешнәрсе сатып алмауға тырысамын. Қыздарыма да алып бермеймін. Тек кейде сусын ғана аламын. Негізі бұл саудагерлердікі рахат. Салық төлемейтін де шығар. Жүріп сататын болғандықтан орынға ақша шығындамайды. Тауарының бағасы базардағыдан екі-үш есе артық", - деп әңгімесін бастады қасымызға жайғасқан түркістандық келін Мақпал Қасымханова.

Төрт сағат біз үшін зуылдап өте шықты. Кешкі он бірге таяу Түркістанның теміржол вокзалына келіп жеттік. Вокзал маңы тып-тыныш. Бірді-екілі саудагерлер жүр. Түнгі уақытта келіп түскендіктен Түркістан вокзалының жағдайы туралы көп біле алмадық.

Күннің ертеңіне вокзалға қайта келдік. Келушілер саны тіптен көп болмаса да, билет сұрап, кезекте тұрғандар бар. Бір ерекшелігі мұнда билет алып-сатарларды тіптен кездестірмедік. Ал саудагерлердің сауда жасау әдісі барлық жерде бірдей секілді көрінді.

Вокзалдағы жағдаймен жақынырақ танысу үшін бір күн жолаушы болып көріп, осылайша көз жеткіздік. Ал сіздер қандай ерекшеліктерді байқайсыздар?

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1096464-vokzaldaghy-sauda-zholaushylargha-qanda/