Шымкенттің «шіріген» байлары кімдер?
Жарияланған күні:
Шымкенттің байлары кімдер? Корреспондент басылымы аймақтағы дәулетті әулеттердің тізімін жасады.
Серікжан Сейтжанов
Оңтүстікте Сейтжановтар әулетін танымайтын адам кемде-кем. Себебі бұл әулеттің байлығы көпті тамсандырып, біреудің қызғанышын, екінші біреудің қызығушылығын оятады. Осыдан бір жыл бұрынғы мәліметке сенсек, Сейтжановтар әулетінің байлығы $220 000 000 долларға бағаланыпты.
Әулеттің «Сауст-Ойл», «Стандарт-Цемент», «Talas Investment Company» серіктестегі мен Шымкентте тұңғыш рет ашылған «Rixos Khadisha Shymkent» қонақ үйі бар. Бұл әулет 2012 жылдан бері республиканың ең бай адамдарының елулігінен түспей келеді.
Серікжан Сейтжанұлы 1949 жылы ОҚО, сол кездегі Қызылқұм ауданы, Шілік ауылында дүниеге келген.
Тоқтар Төлешов
Төлешовтің есімі шымкенттік жұртшылыққа бұрыннан етене таныс. Наурыздың соңынан бастап ол жайлы күллі республика хабардар болды. Кәсіпкер арнайы жасақтың операциясымен құрықталып, істі болды. Құқық қорғау органы оған ҚР ҚК 297-бабының 3-бөлігі («Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу») және 266-бабының 3 бөлігі (Қылмыстық топтың әрекетін қаржыландыру, сол сияқты мүлiктi сақтау, бөлу, қаржыландыру арналарын әзiрлеу) бойынша айып тағып, 2016 жылдың 30 наурызына дейін қамауға алынғанын хабарлаған еді.
Кейін бұл іс құпия сақталып, тергеу амалдарының қазіргі барысы беймәлім болып отыр. Тек белгілісі, ол иелік ететін «Шымкент Сыра» зауыты сатылымға қойылды.
Төлешовті бұған дейін тек сыра зауытының иесі емес, «Шымкентәйнек» (шыны ыдысының өндірісі), «Шымкент Pictures» (деректі және көркем фильмдер өндірісі) кинокомпаниясының директоры ретінде де білетінбіз. Сонымен қатар ол – 13 ұл-қыздың әкесі. Қыздарының туған күнін ерекше сценариймен атап өтуді әдетке айналдырған. Тіпті шетелдік жұлдыздарды шақырып, дүркіретіп тойлағанын ғаламторда жүрген видеолардан байқауға болады.
Қайрат Сапарбаев
Шымкенттіктер үшін тағы бір танымал отбасы – Сапарбаевтар әулеті. Бұл шаңырақтың отағасы Махамбет Сапарбаев облыс былай тұрсын, республикаға танымал адам. Ол кісі спорттың нағыз жанашыры. Ұлы Қайрат Сапарбаевты да жұрт жақсы таниды. Орыстілділігі басым болғанымен, талай әдеби туындыларды жарыққа шығарған Қайрат Махамбетұлы әр сұхбатында танымал болудан бойын аулақ ұстайтынын айтып жүреді.
Расымен де, ол кейбір қалталылар секілді телеарналар мен басылымдарға жиі шыға бермейді. Білетіндердің айтуынша, Қайрат Сапарбаевқа табыстың негізгі көзі мейрамхана және қонақүй бизнесінен келіп түседі. Оның байлығының нақты көлемі бізге беймәлім. Бірақ, Шымкенттегі мейрамханалары мен қонақүйлерінен клиент үзілмейді. Демек, табыс та жақсы.
«Клара Центр Сапар» қонақүйлер желісі мен еуропалық стильдегі бірнеше мейрамханаға Қайрат Махамбетұлы басшылық етеді. Айтпақшы, кәсіпкер «бизнесте табысты болу үшін ешқашан да риэлторлар мен банкирлерге және де рейтингтік агенттіктердің сөзіне сенбеу керек» деген принципті ұстанады.
Қайрат Молдасейітов
Кәсіпкер Қайрат Молдасейітовтің есімі ол облыс орталығы Шымкентті басқарып отырған шақта кеңінен таныла бастады. Оған дейін Түркістан қаласына басшылық еткен Қайрат Құсейінұлы әкім болмай тұрып облыстық мәслихаттың депутаты болды. Биыл тағы да бағын сынап, сайлаудан сүрінбей өтті. Қайтадан облыстық мәслихат депутаты мандатына ие болды.
Шымкентті басқарған жылдары Молдасейітов табысын көпшілікке жария етіп, талай адамның жағасын ұстатқан еді. Сол кезде оның 316 млн 200 мың теңгесі 3 млн 900 мың АҚШ доллары болған. Оған жылжымайтын мүліктерін қосыңыз. Сөйтіп әкім Молдасейітов ең бай шенеунік атанған еді. Одан бері 4 жыл өтті. Кәсіпкердің қалтасы қалыңдамаса, жұқара қоймаған шығар.
Естеріңізде болса, «Молдасейітов Шымкентке әкім болу үшін бірнеше миллион доллар қаржысын шашыпты» деген қауесет сол кезде жиі айтылды. Қателеспесек, Молдасейітов «Отау Строй», «Кит СО» мен «Тассай» компанияларына иелік етеді. Ал облыстық мәслихат депутаттығына үміткер ретінде тіркелгенінде өзін «Отау Строй» компаниясының президентімін деп көрсеткен.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1098335-shymkenttinh-shirigen-baylary-kimder/