Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қызметтік баспалдақта өсу үшін бір-біріне көмектескен бажалар кімдер?

Опубликовано:

Бажа – қазақта туысқандықты білдіретін ұғым. Яғни, апалы-сіңлілі қыздарды алғандардың күйеулері бір-біріне бажа болып келеді. Олардың бір-біріне деген құрметі ерекше.

"Бізде кейбір бажалардың қызметтік баспалдақта көтерілуге де бір-біріне ықпалы тиіп жатады. Сонымен, билікте жүргендер мен жалпы танымал тұлғалардың бажалары кім?", - деп жазады Корреспондент басылымы.

Қайрат Мәми мен Құдайберген Ержан

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының төрағасы Қайрат Мәми 1954 жылдың 9 мамырында Алматы облысы, Жамбыл ауылында дүниеге келген. Оның бажасы мәжілісмен Құдайберген Ержан.

Құдайберген Төлепұлы 1959 жылы Өзбекстан елінде туылған. Төменгі палатаға депутат болып сайланбай тұрып талай жыл Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының хатшысы болған. Білетіндердің айтуынша, қос бажа өздерінің туысқандық байланыстарын көп айта бермейді.

Бірақ осыдан біраз уақыт бұрын мәслихат хатшысына қатысты теріс пікірлер тараған еді. Тіпті бірі оның үстінен іс қозғалып қалады-ау деп болжам жасаған-тұғын. Осы аралықта Шымкентке Жоғарғы Сот төрағасының өзі келіп, жиын өткізіп, бажалық туралы айтып қалыпты деседі.

Содан бері оңтүстіктегі жұрт Құдайберген мырза туралы әңгіме қозғалса, бірден Қайрат Мәмиді сөз арасына қосып жүр. Дәл қазіргі таңда екі бажаның қызметтері де, үйлері де бір қалада.

Қайрат Мәми мен Бағлан Халықов

Бізге жеткен мәліметтерге сенсек, Жоғарғы Сот төрағасының тағы бір бажасы Шымкентте тұрады екен. Ол – Бағлан Халықов. Оңтүстік Қазақстан облыстық Ішкі істер департаментіне қарасты кадр жұмысы басқармасының басшысы Бағлан Әнуарбекұлы 1954 жылы Оңтүстік Қазақстандағы Киров ауданында (сол кездегі) дүниеге келген.

Алғашқы мамандығы инженер-құрылысшы. Одан кейін заңгерлікті оқып алған. Ішкі істер саласында 1991 жылдан бастап еңбек етіп келеді. Бажасы Қайрат Әбдіразақұлы органдағы қызметін 1981 жылы бастаған. Айтпақшы, төраға жары Мақпал екеуі екі қыз, бір ұл тәрбиелеп отыр.

Бейбіт Атамқұлов пен Нұрбах Рүстемов

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Бейбіт Атамқұловтың жары Бағила Сапарбаеваның әпкесі Гүлмира Қазақстанның Венгриядағы төтенше және өкілетті елшісі болған Нұрбах Рүстемовтің жары. Естуімізше, бұл бажалардың жұбайлары Оңтүстік Қазақстан облысы, Төлеби ауданының тумалары екен.

Нұрбах Рүстемов 1965 жылы дүниеге келген. Жары Гүлмира Рүстемова 1966 жылғы. Олар бір қыз, бір ұлдың ата-анасы.

Нұрбах Тұрарұлы бұл қызметке 2013 жылы тағайындалды.

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Бейбіт Атамқұловтың да елшілік стажы бар. 2006 жылы Қазақстанның Ресейдегі елшілігінің кеңесші-елшісі, кейін Ирандағы кеңесші-елші болған. 2010 жылдан бастап Қазақстан Республикасының Малайзиядағы төтенше және өкілетті елшісі қызметін атқарды. Ал 2012 жылы Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің жауапты хатшысы болып тағайындалды. Айта кетейік, Бейбіт Бәкірұлы Малайзия премьерімен құда. Ұлы Диас малайзиялық Әлия Генеид есімді аруға үйленген.

Жанболат пен Марат Сәрсеновтер

Белгілі кәсіпкер Жанболат Сәрсенов өзінің туған ағасының балдызы Айманға үйленген. Жанболаттың ағасы Марат Сәрсеновтің әйелінің есімі Шолпан. Марат та бизнес тізгінін ұстаған адам. Ол Қазақстандағы ең бай адамдардың елулігіне кірген. Былтыр оның байлығы 140 млн АҚШ долларына бағаланғаны белгілі.

Қысқасы, апалы-сіңлілі Айман мен Шолпан бір үйдің ұлдарына тұрмысқа шыққан. Яғни, қос миллионер бір-біріне бажа.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1107542-qyzmettik-baspaldaqta-osu-ushin-bir-bi/

pixel