Шымкенттегі 16 мысық бағып отырған кейуананың бір күні
Жарияланған күні:
Шымкенттік зейнеткер үйінде 16 мысық пен 1 итті асырап отыр. Зейнет жасындағы жалғызбасты тұрғынның тіршілігімен NUR.KZ порталының аймақтағы тілшісі танысып қайтты.
Бала күнінен үй жануарларына деген ерекше қызығушылығы болған Мария Васильевна өмірінің соңғы 26 жылын ит пен мысықты бағуға арнаған. Көшеден қараусыз қалған мысықты кезіктірсе, бірден үйіне алып келеді. Тауып алған мысықтарын міндетті түрде ветеринарға қаратады.
Мария Васильевнаның жасы 78-де. Екі қызы бар. Үлкені биыл зейнеткерлік жасқа шықса, кішісі 56 жаста. Неге екені белгісіз, олар марғауға аса қызыға қоймайды екен. Ал немерелері әжелеріне тартыпты.
Зейнеткер марғауларды бағу үшін өмір сүріп жүргендеймін дейді.
«Оларды тамақтандыру, жуындыру да қимыл-қозғалысты талап етеді ғой. Соның арқасында шүкір, денсаулығым жаман емес», - дейді кейуана.
Тұрғынның бала күнінен ит-мысықтарға ерекше ықыласы болғанымен, ата-анасы оларды үйде ұстауға үзілді-кесілді қарсы болған екен. Марқұм жолдасы иттің «овчарка» тұқымына қызыққан. Мария жолдасы барда бірнеше ит ұстаған. Қазіргі таңда Бакс есімді иті ғана бар. Бакс денесі ірі әрі түрі сұсты болғанымен, адамға ешқашан шабуыл жасамаған.
Мысықтар кейуананың үйіне келген қонақтардың алдынан жүгіріп шығып, өзін сипалатқанды жақсы көреді. Бір қызығы, Марияның иті мен мысықтары ешқашан ырылдаспайды.
Мария жануарларым өзімнің балаларымдай болып кетті дейді. Күніне үш рет тамақтандырады. Көбіне тауықтың басын қайнатып, соның сорпасын әзірлейді. Сонымен қатар геркулес ботқасы мен картоп езбесін сүтке араластырып береді.
Мәселен, тауықтың басының келісін 500 теңгеге, kite kat тағамының бір данасын 480 теңгеге сатып алады. Ал жеңіл тағамдардың (геркулес) келісін 130 теңгеге алады. Кейде етті еттартқыштан өткізіп, шикі түрінде береді. Бұлар ең көбі 5 күнге жетеді екен.
«1993 жылы зейнеткерлікке шықтым. Қазір айына 45 мың теңге көлемінде зейнетақы аламын. Шынымды айтайын, оны әрең жеткіземін. Кейде қыздарым көмектесіп тұрады. Бірақ олардың да өз отбасылары бар. Сол себептен салмақ салғым келмейді. Өзім ет жемегелі біраз болды. Ит-мысықтарыма беремін. Олар менің балаларым секілді. Еркелейді. Кэри есімді марғауым аймаласып сүйгенді ұнатады», - деді Мария Васильевна.
Марғаулар қыстыгүні үйде жылытқыш құбырлардың жанын мекен етеді. Соның алдына қойылған үстелдерге қаз-қатар тізіліп ұйқытайды. Ал жаздыгүні аулада жүреді. Тек тамақтандыратын уақыт болған сәтте жиналады.
Марияның марғауларға деген махаббаты ерекше. Жақында ғана олардың қатары тағы біреумен толықты. Оны әлдекім қорапқа салып, үйінің алдына тастап кетіпті. Оған Рич деген есім берген. Кейуана оны көршілерінің бірі тастап кеткен болу керек дейді. Себебі, көрші-қолаңдарының барлығы кейуананың мысықтарға деген қызығушылығын жақсы біледі.
Ричтің жасы бір айдан асқан. Қарт тұрғын оған сүтті бөтелкемен береді. Марғаулары сырқаттанып қалған жағдайда қасықпен тамақтандырады. Марғауларға есімді өзі қояды. Айтпақшы, мысықтарының алтауы ұрғашы болса, қалғаны еркек. Ит-мысықтарын көрші тұратын ветеринарға жиі тексертіп тұрады. Сырқаттанып қалса, ем-домына қаржысын аямаған.
Тіпті ота жасатқан да кезі болыпты. Жақында Маркизка есімді марғауын көшеде ит тістеп алыпты. Оны 1,5 ай емдеген. Соргона есімді мысық жасы келгендіктен, өзгелерінен алшақ жүреді. 78 жастағы тұрғын тек қана үй жануарларын емес, суреттер коллекциясын жинағанды ұнатады.
Сонымен қатар ауласында гүл өсіреді. Үйіне келген адамды «гүл бағын» аралатпай шығармайды. Мария ит-мысықтарымен өткен бір күнін осылайша бізбен бөлісті. Айта кетерлігі, қарт тұрғын 26 жылдың ішінде 4 мысықты жанашыр адамдарға берген. 15 мысығы түрлі себептермен өліп қалған. Әжей оларды өз қолымен көміпті.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1110655-shymkentte-78-zhastaghy-keyuana-16-mysyq-bagh/