Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Арыстан баб кесенесіне өзге дін өкілдері де зиярат ете бастады

Опубликовано:

Оңтүстік Қазақстан облысы, Отырар ауданындағы киелі Арыстан баб кесенесіне сенбі-жексенбі күндері екі мыңнан астам адам ниет етіп келеді. Кесене қызметкерлерінің айтуынша, алыс-жақын шетелдерден де арнайы бас сұғып кетушілер бар.

Орта Азия елдерінен бөлек Ресей, АҚШ, Бельгиядан киелі осы бір мекенге келіп, дұға ететіндер баршылық. Әлбетте олардың барлығы мұсылман жұртшылығы емес. Осы ретте NUR.KZ-тің аймақтағы тілшісі Арыстан баб кесенесіне арнайы барып, киелі кесенедегі бір күнді бақылап келді.

 

Арыстан баб Қожа Ахмет Ясауидің ұстазы болған. Отырар ауданының орталығы Шәуілдірден 20 шақырым қашықтықта жатқан жердегі кесенеге аптаның кез келген күні, тәуліктің кез келген уақытында келеді ниеттенушілер. Тіпті кей жұртшылық мазардың басында түнеп, Алладан тілек тілейді. Солардың бірі – оралдық Тілекқабыл Құнышбаев.

Батысқазақстандық азамат кесенеге алғаш рет келіп тұр. Алыс жолдан келген ол кесенеде түнеп, Оңтүстік Қазақстандағы өзге де киелі орындарды аралауды көздегенін айтып қалды. Айтуынша, батыс өңірінен Арыстан бабқа келушілер өте көп. Тіпті керуен болып, сапарлататындар да бар.

«Киелі орындарды аралау рухани тазарып, жолыңның жеңілдеуіне септігін тигізеді. Алладан тілек тілеп, шипамызға ем берсін деп келіп отырмын өзім», – деді оралдық тұрғын.

 

Шырақшы Құрбан Шоқаев мавзолейде түнеушілер саны жыл сайын артып отырғанын алға тартты.

«Біз тәуліктің кез келген уақытында ниет етіп келушілердің өтініші бойынша қабір басында дұға оқып, құран бағыштаймыз. Арыстан баб тарихы туралы сұрайды. Киелі орын туралы кең мағлұмат береміз. Келушілер санын нақты айта алмаймын. Шамамен мың адам болатын шығар. Ал демалыс күндері олардың саны артады» – деді шырақшы.

 

Зиярат етушілер туралы нақты мәлімет алмақ болып мавзолейдің әкімшілік қызметкерлерін әңгіме тарттық. Белгілі болғандай, мұнда жұмыс күндері мыңға жуық жамағат ниеттеніп келсе, демалыс күндері олардың саны екі мыңнан асады екен.

Айтпақшы, тек қана мұсылман емес, өзге дін өкілдері де зияратқа жиі келеді. Солардың бірі – теміртаулық Елена Куртоева.

– Дінім христиан болса да, киелі жерлерді жылына екі рет, көктем мен күзде міндетті түрде аралап тұрамын», – деп әңгімесін бастады ол. – Мен мұнда арнайы керуенмен бірге келдім. Біздің керуенді  Әмина есімді халық емшісі бастап келді. Ол кісі он бір жылдан бері осы жолда. Сапарымыз сегіз күнге жалғасады. Біздің керуенде отыз бес адам бар. Біз Арыстан бабқа келмес бұрын Сайрамдағы кесенеде болдық. Енді Түркістандағы Әзірет Сұлтан кесенесіне барамыз. Өз басым бұл мавзолейге үшінші рет келіп отырмын. Мұндай киелі жерлерді аралау өзіме ұнайды. Шынымды айтсам, киелі жерлерді аралау арқылы тек өзімінң емес, туыс–бауырларымның да жолы ашылады. Денсаулығымызға да оң әсері бар, – деп ағынан жарылды ниет етіп келуші Елена.

Еленаның айтуынша, керуенмен бірге сапарлату құны – елу мың теңге.

«Бұл меніңше сегіз күндік сапар үшін аса көп қаржы емес. Есесіне рухани жеңілдеп қаласың» деп сөзін түйіндеді теміртаулық тұрғын.

 

 

Зиярат етуші көкшетаулық қария Амангелді осыдан екі жыл бұрын қорқынышты түстер көріп, мазасы қашып жүргенін айтты. Тіпті түсінде ақ шапан жамылған қария осы кесене басында құран бағыштау қажеттігін ескертіпті. Осы жағдайдан кейін Отырарға арнайы келіп, құрбандық шалдым дейді Көкшетау тұрғыны. Содан бері мавзолейге тұрақты келушілердің қатарына айналыпты.

Киелі кесенеге келушілер арасында әсіресе көктем мезгілінде мектеп бітіруші түлектер саны  еселене түседі. Барлығы ұлттық бірыңғай тестілеу сынағынан сүрінбей өтіп, жаңа өмірге бастар қадамдары оң болуын тілейді екен.

 

Айта кетейік, көне киелі орын Арыстан баб мазарының үстіне салынған. Биіктігі – 12 м, жалпы ауданы – 35 х 12 м. Тарихшылардың зерттеуінше, қабірге алғашқы белгі ХІІ шамасында орнатылыпты. Мазар XIV ғасырда қайта жөнделген. Яғни, 1327 жылы. Бізге жеткен мәліметке сенсек, бұл соңғы құрылыс жүрген уақыт.

Ал ХХ ғасырдың басында киелі орын жергілікті халық қаржысына күйдірілген кірпішпен бұрынғы Меккеге қараған есігі Түркістандағы Әзірет Сұлтанға бағытталып, нысанның солтүстік тұсы кесене, оңтүстік жағы мешіт есебінде қайта жөнделген.

 

Кесенедегі бірінші бөлмеде Арыстан баб, кейінгілерінде оның шәкірттері Хермет-баба, Қарға баба, Лашын баба жерленген. Арыстан баб қабірханасының едені басқа бөлмелермен салыстырғанда едәуір биіктеу.

Мавзолей мемлекет қорғауына алынған. Кесене жанында қасиетті құдық бар. Оның тереңдігі – 12 метр. Келушілер ондағы суды шипа болсын деген ниеттеп өздерімен бірге алып кетіп жатады.

Материал ҚР Заңнамасына сәйкес қорғалған. Барлық авторлық құқықтар NUR.KZ интернет-порталына тиесілі. Материалдың кез-келген бөлігін көшіру, тарату үшін редакциямен байланысу қажет.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1117810-arystan-bab-kesenesine-ozge-din-okild/

pixel