Алғаш рет ораза ұстаған жанға арналған 18 пайдалы кеңес
Жарияланған күні:
Бүгін қасиетті Рамазан айы басталды. Бұл айда мұсылман қауымы 30 күн ораза тұтып, жаман әдеттерден тыйылады. Алғаш рет ораза ұстаған адамдар нені ескеруі керек? Мақаладағы кеңестерге құлақ түріп көріңіз.
1. Ораза - бір ай бойы аш жүру деген сөз емес
Бұл оразаны сізге дейін де миллион адам ұстаған және сізден кейін де қаншама адам жалғастырады. Олардың бәрі де бұл айды өте жақсы нәтижемен өткерді. Бірі нәпсісін тізгіндеп, өзгелермен қарым-қатынасын, мінезін түзеп алса, енді бірі білім деңгейін жетілдіріп, рухани қуат, азық алды. Сонымен бірге ораза - бір ай бойы аш жүру деген сөз емес. Бар болғаны сіз күндіз ішетін тамақтарыңызды енді түнде ішетін боласыз.
2. Ораза сынағынан өтіп көріңіз
Алғаш рет ораза ұстаймын деген жандарда уайым болары сөзсіз. Мұхаммед пайғамбар Рамазаннан кейінгі Ораза үшін ең жақсы ай Шагъбан айындағы ораза екенін айтқан. Шагъбандағы ораза да сүннет саналады, Алла Тағаланың рақымымен тамақ пен сусыннан бірден бас тартпауы үшін үмбетіне Рамазан басталғанға дейін өзін осыған бейімдей алатындай сынап көруді бұйырған.
Сонымен қатар Рамазан айына дейін тұтынылатын тағам мөлшерін азайту керек екен, өйткені ағзаға тұтынылатын тағамның күрт төмендеуіне бірден үйрену өте қиын болады.
Алла Тағала құдси хадисте: "Адамзаттың барлық амалы өзі үшін, ал ұстаған оразасы Мен үшін, оның сауабын Өзім беремін. Өйткені ол Менің разалығым үшін таң атқаннан күн батқанға дейін тағамнан, ішімдіктерден және жыныстық қатынастан бас тартты» - дейді (Бұхари, Муслим). Олай болса, оразаның құндылықтары, Алла алдындағы дәрежесі туралы толығырақ білуге асығыңыз, жиі еске алыңыз.
Бұл сіздің оразаға деген құлшынысыңызды арттырады. "Биыл ұстамай-ақ қояйын, келесі жыл бар ғой» деген секілді ой келсе, қуылған шайтаннан Аллаға сыйыныңыз (Әъузу билләһи минәш-шайтонир-рожиим").
3. Қорқынышты жеңе білу
Ғалымдар адамның қарнында өз денесін 2 тәулік бойы алып жүруге жеткілікті деңгейде тамақ болатынын дәлелдеген. Осы тұста "онда неге адамның қарны ашады?" деген заңды сұрақ туады. Расында, неге? Естеріңізде ме, әлгі итке жасалған тәжірибе бар еді ғой.
Күнде бір кәнденге жүйелі түрде бір уақытта тамақ беріледі. Бірде иттің тамағын тесіп, ішіне түтік салады да, күнде дәл сол уақытта беретін тамақты әкелмей қояды. Сол кезде ит тыпыршып, мазасыздана бастайды. Ал әлгі түтіктен сөл тамшылайды.
Яғни адам белгілі деңгейде бір уақытта жүйелі түрде тамақтанып үйреніп қалғандықтан, қарны аш болмаса да, асқазанына сөл бөлініп, ол миға қарнының ашқандығы туралы жалған ақпарат береді екен.
Демек адам ашығып бара жатқандығынан емес, ең әуелі жүйелі келетін тамақтың келмей қалғандығынан қиналады. Ең бастысы, "тамақ ішуім керек еді" деген ой аштыққа шыдатпайды екен.
4. Ораза тұтпауға өзіңді алдап, түрлі себеп пен сылтау тауып алу оп-оңай
Мысалы, "кешке дейін жұмыста отырамын, аш болсам, басым істемей қалады" дейтін сылтаулар бар.
Он сағат ұйықтап тұрсаң да, басың мең-зең болып жүретін кездер болады. Сондықтан тәуекел еткен дүниені соңына дейін жеткізу - оң іс.
5. Рамазан оразасы жайындағы біліміңізді арттыратын кітаптар оқыңыз
Кеңес сұраңыз. Тіпті, оразаны бір рет қана және биыл бірінші рет тұтқалы отырған адамдармен де пікір алысыңыз. Одан соң арнайы әдебиеттерді оқып, білім көкжиегін арттырыңыз.
6. Нашар әдеттеріңізді тастауға бел буыңыз
Ғайбат, өсек-өтірік айту секілді нашар қасиеттерді біртіндеп жеңуге тырысыңыз. Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): "Ораза кезінде кім өтірік айтуын және өтірікті амалға асыруын тоқтатпайтын болса, ондай адамның тамағы мен сусынынан бас тартқанының Алла үшін қажеті жоқ" (Бұхари). "Сендерден біреу ораза болған күні жаман сөздер айтпасын, даусын көтермесін. Ал егер біреу оны балағаттаса, немесе төбелескісі келсе ондайға: "Расында, мен оразамын!", - десін"деген (Бұхари, Муслим).
Тамақ пен сусыннан бас тартып, күнәдан алыстамаған адамға: "Бәлкім ораза ұстаушы өзінің оразасынан тек аштық пен шөлді ғана алар" деген екен. Бұл – асқазанның ғана емес, ойдың, көздің, тілдің, құлақтың оразасы екенін ұмытпаңыз.
7. Күн тәртібіңізді біртіндеп өзгерте бастаңыз
Себебі бұл айда күн тәртібіңіз күрт өзгереді. Тамақты басқа уақытта ішіп, ерте оянасыз. Асқазаныңызды таңертең едәуір тамақ жеуге үйретіңіз. Ерте тұруды әдетке айналдырыңыз. Шаруаларыңыз көп болса, рухани жаттығуларға уақыт арнау керек болады. Теледидар мен ғаламторда отырғанды жақсы көрсеңіз, бұл әдеттен тыйылғаныңыз жөн.
8. Дертіңіз болса, дәрігерге қаралыңыз
Қажетті ем-домды қабылдаңыз. Алла Тағала бекіткен құлшылықтар адам баласына қиындық тудыруды мақсат етпейді. Оразаның денсаулығыңызға орын толтыра алмастай зарар тигізбейтініне көз жеткізіңіз. Ал егер айтарлықтай қауіп жоқ болса, Аллаға тәуекел етіңіз. Бәлкім осы құлшылығыңыз сырқаттан айығуыңызға себеп болар.
9. Темекі шегетін болсаңыз, Рамазан – бұл әдеттен арылуға көмектесетін жақсы мүмкіндік
Осы бастан әрекет жасаңыз. Үнемі сағыз шайнаушылардан болсаңыз, мұныңызды да жайына қалдырғаныңыз абзал.
10. Намазыңызға бекем болыңыз
Нәпіл намаздарыңызды, түнгі намаздарыңызды жиілете бастаңыз. Әлі де бес уақыт намазды толықтыра алмай жүрсеңіз, сауаптар еселенетін Рамазаннан кейінге қалдырмаңыз. Мешітке бас сұғуды да ұмытпаңыз (ер адамдарға).
11. Күн сайын Құранды қолға алыңыз
Тәжуидті меңгермеген болсаңыз да, мағыналық аудармасына көз жүгіртіңіз. Бұл сіздің діни біліміңіздің артуына сеп болады.
12. Арнайы дұғаларды жаттаңыз
Рамазан – дұға айы болғандықтан, ауыз ашу кезінде, ауыз бекіту кезінде айтылатын дұғаларды жаттаңыз.
13. Рамазанға қарызбен кірмеңіз
Бұл туралы ҚМДБ-ның "Ораза келгенше жасалуға тиіс 10 іс" мақаласында айтылған. Рамазан басталғанға дейін, егер өткен Рамазан айының қалған қарызы болса, оның орнын толтыру керек. Хадисте Әбу Салама: "Мен Айшаның (оған Алла разы болсын): "Мен өткен Рамазанда қарыз едім, оларды Шабаннан басқа уақытта орындауға мүмкіндігім болмады" деп айтқанын естідім" дегені айтылады. Әл-Хафиз Ибн Хаджар: "Оның Шабандағы оразаны толтыруға деген ұмтылысынан келесі Рамазан басталғанға дейін оразаның өтелмеген қарызын кейінге қалдыруға болмайтынын байқаймыз", - деген ("Фатх-ул-Бари", 4/191 қараңыз).
Сондай-ақ Ақтөбе облыстық орталық "Нұр-Ғасыр" мешітінің "Оразаға қатысты 100 сұрақ" жинағында да бұл мәселеге қатысты былай делінеді:
"Негізі қаза болған оразаны кешіктірмей өтеу қажет. Себебі Рамазан айында ораза ұстау парыз болса, оның қазасы да парыз. Сондықтан парыз болған оразаның қазасын тезірек, арасын үзбей немесе бөліп-бөліп өтеуіне рұқсат. Алайда биылғы Рамазан айына дейін өтелмеген болса, әуелі уақыты келіп тұрған Рамазан оразасын ұстайды. Кейін Рамазан айы біткен соң қазасын өтейді".
14. Рамазан айында жасайтын істердің тізімін жасаңыз
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының мақаласында ораза ұстайтын жанға оның қарсаңында істердің тізімін толтыру да ұсынылған. Өзіңіз үшін Рамазан айында жасағыңыз келетін істердің тізімін жасаңыз. Міндетті және ерікті қосымша істерді осында жазыңыз.
Ал алдыңызда дайын тізім болған кезде, қалағаныңызды ұмытпау және орындау оңайырақ болады екен. Қатаң тәртіпті үйреніңіз. Бұл сондай-ақ дайын азық-түлік тізімімен дүкенге бару сияқты қарапайым істер де болуы мүмкін. Бұл тізім сіздің өміріңіздің барлық аспектілеріне, сіздің Алла Тағаламен қарым-қатынасыңызға, біліміңізге, іс-әрекетіңізге, ерікті жұмысыңызға, қоғамға, үмбетке, туыстарыңызға, достарыңызға, отбасыңызға және денсаулығыңызға, өзін-өзі жетілдіруге (мораль, сөйлеу, діндарлық және т.б.) қатысты болуы керек.
Тізім дайын болған кезде, әр іс-әрекетке шынайы ниет білдіріп, Рамазанның басталуын күтіңіз, қандай іс-шаралармен айналысатыныңызды тағы бір қайталап, артық уайымға уақытты ысырап етпеңіз.
15. Іс тындыру
Ораза ұстайтын жан қасиетті айда ойы өзгеге ауып кетпеуі үшін тұрмыстағы шаруалардың да қамын жасауы керек екен. Мысалы қарызды төлеу, аяқталмаған істерді соңына жеткізу, білім жетілдіру. Мұның бәрі Рамазан айында адам санасы құлшылықтан өзгеге артық уақыт жұмсамауға септігін тигізеді.
16. Бастысы - ниет
"Нұр-Ғасыр" мешітінің "Оразаға қатысты 100 сұрақ" жинағындағы мәлімет бойынша, Оразаға ниет ету – парыз.
Құранда: "Олар ғибадатты, нағыз Аллаға шынайы ықыласпен бір беткей түрде орындаулары, намаз оқулары және зекет берулері үшін әмір етілген", – делінген. Рамазан оразасына ниет ету ақшам намазынан басталып, ораза ұстайтын күннің сәске, яғни таң уақыты кіргенге дейін жалғасады. Ал, сәресі уақытында ниет етпей ұйықтап қалған жағдайда, таңертең еш нәрсе ішіп-жемеген болса, бесін намазына дейін ниет етуіне болады. Десе де ең дұрысы түнде, сәресі уақытында ниет ету.
17. Тазалыққа назар аударыңыз
"Сәдуақас қажы Ғылмани" мешітінің наиб имамы Зәкір Рамазанұлы мақаласында тазалық мәселесіне назар аударған.
"Үйіңізді Рамазан айына дайындаңыз, яғни толықтай тазалық жүргізіңіз. Киілмейтін қалың киімдерді жуып, оларды таса жерге жинаңыз. Сонымен қатар Рамазан айының алдында толықтай ғұсыл алыңыз. Осылайша, он екі айдың сұлтаны болған Рамазанды таза көңілмен, салауатты тәнмен әрі ақ ниетпен қарсы алайық", - дейді Рамазанұлы.
18. Ас мәзірін әзірлеп қойыңыз
Мүфтият сайтындағы мәлімет бойынша, Ораза қарсаңында отбасыңызбен бірге ас мәзірін құрып қойған артық етпесі анық. Тұзды, майлы, қуырылған және газдалған өнімдерді мүлде алып тастаңыз. Рамазан айында ішетін асымыз сіңімді әрі жеңіл тамақ болғаны дұрыс. Рамазан басталмас бұрын қажетті әрі пайдалы өнімдерді әкеліп қойыңыз.
Мүмкіндік болса уақытыңызды бөліп, түшпара, мәнті секілді жартылай дайын өнімдерді жасап қойған өте жақсы. Рамазан айы құлшылық айы болғандықтан, уақытты үнемдеудің түрлі жолдарын пайдаланған тиімді болмақ.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1147144-alghash-ret-oraza-ustaushygha-arnalghan-15-pa/