Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Күні бойы сергек жүру үшін ораза кезінде қалай тамақтану керек

Опубликовано:

Ауызашарға дайындық
Құрма. Көрнекі фото: pixabay.com

Интегративті нутрициолог Айымгүл Ажниязова ораза мәзіріне қатысты бірнеше пайдалы кеңес берді, деп жазады Massaget.kz.

Нутрициолог ағзаға зиян келмес үшін және күні бойы сергек жүру үшін оразада тамақтану кезінде бірнеше ұсынысты сақтауға кеңес берді.

Сәресі кезінде тойымды тамақ жеу

"Әдетте адамдар ауызашарға тойып тамақ жеп алады, одан кейін түрлі десерттермен шай ішеді. Содан соң сәресіне тұрған кезде көпшіліктің тамаққа тәбеті болмайды. Тәбет болмағасын сәресін жеңіл-желпі іше салады. Мысалы, шай іше салады, маусымы болса, қарбыз-қауын жей салады. Кейбіреулер сәресіне нан мен май секілді не бар соны жей салады. Бұл негізгі қателік", - дейді Айымгүл Ажниязова.

Маманның берер кеңесі – керісінше, дәл аш болып жүретін кезеңнің алдында тойып алған дұрыс.

"Сәресіден кейінгі уақытқа дайындалып, сәресіде тамақты дұрыстап жеп алсаңыз, аштық қатты сезілмейді, бас ауырмайды, қарын ашқаннан ашулану немесе мазасыздану болмайды. Себебі адам сәресінде тойып алды, тамағы толықтай қорытылғанша біраз уақытқа дейін шыдайды және ораза айын белсенді өткізеді", - дейді маман.

Нутрициолог сәресі кезінде малдың, құстың немесе балықтың еті сияқты құнарлы тамақ жеу керек екенін айтады.

"Ешбір адам сәресіне палау, котлет секілді тамақтарды жемейді. Алайда негізі сондай тойымды тамақты сәресіне жеу керек", - дейді ол.

Ауызашарда жеңіл тамақтар жеу

"Сәресіде тамақты тойып жеу үшін оның тамаққа тәбеті болуы керек. Ауызашарда қатты тойып алсаңыз, сәресіде тәбетіңіз болмайтыны анық. Сондықтан ауызашарда жеңіл әрі тез қорытындылатын тамақ жеген жөн. Мысалы: борщ, салаттар және т.б.

Ауызашарда да еттен жасалған тағамдар жеуге болады, бірақ онымен бірге ұннан жасалған тағамдар жеп, одан соң ұннан жасалған десерт жеудің қажеті жоқ. Сондай-ақ тамақты асықпай жеңіз. Егер тамақты ұзақ шайнасаңыз, тез тоясыз. Ауызашарда көкөністері мен ақуызы бар тағамдар жеуге тырысыңыз. Сол кезде сәресіде тамаққа тәбетіңіз болады", - деп кеңес береді нутрициолог.

Ұйқы және су режимін сақтау

Маман сағат 00:00-ге дейін жатып қалу керек екенін айтады. Кей адамдар сәресіге дейін ұйықтамай жүреді. Сондықтан күндіз шаршап, әлсіреп жүреді.

Нутрицилог ораза кезінде кей адамдарың өті ауыратынын атап өтті. Оның себебі – сирек тамақтану және суды сирек ішу. Сондықтан ораза кезінде су режимін сақтау маңызды.

"Ауыз ашқан кезде 1-2 стақан жылы суды асықпай отырып ішіңіз. Одан кейін тамақтанып болған соң 1 сағат өткеннен кейін судың нормасын ұрттап-ұрттап ішуге болады. Ауызашарда және сәресіде толтырып 1 литр су ішіп алсаңыз, ол бірден кіші дәрет болып шығып кетеді. Сондықтан ояу жүрген кезіңізде әр 15 минут сайын суды біртіндеп ұрттап ішу керек. Сол кезде күндіз ағзаңызда сусыздану болмайды", - дейді Айымгүл Ажниязова.

Нутрициолог маманның айтуынша, биыл ораза ұстайтын жандар үшін тамақ ішетін уақыт аш жүретін уақытқа қарағанда қысқа болмақ.

"Бізде қазақтарда, жалпы ТМД елдерінде адамдар бір-бірін ауызашарға шақырады. Қонақжай халық болғасын дастарханды мүмкіндігінше толтырып қоямыз және көп адам шақырамыз. Қарны ашып келген адам ауызашар кезінде тойсын деп ойлаймыз. Жалпы қонаққа бармаса да, көп адам ауызашарда қатты тойып кеткенше тамақ жейді.

Рамазан айы көктемге келіп тұр, ауызашар мен сәресінің арасы ұзарды. Десе де ауызашар мен сәресінің арасы сәре мен ауыашардың арасына қарағанда қысқа. Яғни, тамақ ішетін уақытымыз аш жүретін уақытымызға қарағанда қысқа", - дейді нутрициолог.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2066106-kuni-boiy-sergek-zuru-usin-oraza-kezinde-qalai-tamaqtanu-kerek/

pixel