Қазақстандағы төрелер өздеріне бейресми сұлтан деген атақ беруді талап етті
Жарияланған күні:
Белгілі ғалым, ауылшаруашылығы ғылымдарының докторы, өзін Дүниежүзілік Шыңғыс Хан Академиясының академигі деп таныстырған Аман Шотаев қазақ төрелері атынан ерекше ұсыныс жасады.
Ол Шыңғыс ханның ұрпағы болып есептелетін төрелерге бейресми сұлтан атағы берілуіун сұрайды. Ғалымның хаты Абай.кз сайтында жарияланып, оқырмандардың сынының астында қалған.
Тарихқа бойлап, шығыс елдерінде есте жоқ ескі заманнан келе жатқан "Сұлтан" атауы барын, кейінгі тарихымызда осы атақ қазақ жерінде де ел билеуші лауазымына, ұғымына айналғанын тілге тиек еткен ғалым:
"Жаратқан Иеміз, Бір Аллаға шүкіршілік етейік, қазақ жерінде Хан Шыңғыс ұрпақтары - төрелер сақталып қалған, олар баршылық. Сондықтан, қазақ төрелерінің Ата–бабаларынан қалған жалғыз «мұра», казіргі демократия салтанат құрған зайырлы қоғамымызда, заманымызға лайықтап бейресми «Сұлтан» атағын қалпына келтіруге төрелер мен басқа ел-жұрт азаматтары қалай қарайсыздар? Көршіміз Ресейде дворияндық атақ пен қауымдастыға қайта қалпына келтірілді ғой", - деген ұсынысын айтты.
"Бейресми "Сұлтан" атағы ең алдымен алдыңғы қатарлы ел-жұртқа белгілі белсенді, білімді, ықпалды, жігерлі ата-тегі (шежіресі) нақты анықталған Хан Шыңғыс ұрпақтары төре тұқымдарына берілуі шарт. Ол бейресми "Жоғарғы Мәртебелі Сұлтандық" «Грамота мен сұлтандық куәлікпен" расталып, бекітіледі", - деп жалғастырған сайтқа хат жолдап, өзін "Сұлтан" деп атап кеткен ғалым Сұлтан-Аман Нұғманұлы Шотаев.
Селекционер-ғалым атақтың ұрпақ тәрбиесіне тікелей әсері сөзсіз болатынына сенімді. Ол сондай-ақ бейресми "Сұлтандық" атақты мұрагерлікке беруді ұсынды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1166194-qazaqstandaghy-toreler-ozderine-beyr/