Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Үйлену тойын артық шығынсыз өткізудің әдістері қандай?

Жарияланған күні:

Үйлену оңай, той жасау қиын. Той құны жылдан жылға қымбаттамаса, арзандамайтыны анық. Дегенмен, жас отбасының бақыты қымбат той жасаумен бағаланбайды.

Үлкен шығынсыз керемет той өтпейді деу қате пікір. Toibiznes.kz порталы той жасауда шығынды азайтудың келесі кеңестерін ұсынады:

1) Той қамына ерте кірісіңіз. Алдын-ала жоспарланған тойдың шығыны анағұрлым арзан болатынын есте сақтаңыз. Салтанаты келіскен сапалы мейрамханалар мен таңдаулы той жүргізушілері бірнеше ай бұрын тапсырыс қабылдап қоятынын естен шығармаңыз. Мейрамхана мен қажет қызмет түрлеріне тапсырыс беріп, алдын-ала келісіп қою бюджетіңіздің 20-40%-ін үнемдейді. Алайда, ерте тапсырыс берем деп, асығыс шешім қабылдап қоюдан сақтаныңыз.

2) Той жасау уақытын белгілеуде асықпай ойланыңыз. Мәселен, шілде-қыркүйек айында той жасау қымбат, қараша, қаңтар-ақпан айларында арзанырақ болады. Қолайлы уақытқа тап келсеңіз, қалтаңызды себепсіз жұқарудан сақтайсыз.

3) Мейрамхана таңдауда асығыстық танытпаңыз. Тізімдерді анықтап алып, көңіліңізге жаққан бірнешеуіне қонақ болып қайтыңыз. Мейрамхана әкімшілігімен кездесіп, нақты ұсыныстар мен өтінішіңізді жеткізіп, келісімшарт жасасыңыз. Кей тағам түрлерін өзіңізбен бірге алып баратыныңыз, немесе оның мейрамхана тарапынан дайындалатыны қаншалық айырмашылық көрсететінін есептеңіз! Кейде барлығын мейрамхана қамтамасыз ететін жағдайда кәдімгідей арзанға түсетіні де бар.

4) Тойды аптаның қай күні жасайтыныңызды ойланыңыз. Қазақтың тойы көбіне сенбі-жексенбіге белгіленеді. Ертесі демалыс деп өз-өзімізді алдаусырататынымыз болмаса, көңілді тойдан адам дүйсенбі күні де демалып қайтатынын ұмытпаңыз. Жұмыс күндері той жасау да бүгінгі күні қалыпты жағдайға айналып барады. Есесіне қызмет түрлерін таңдау мен баға жағынан үлкен айырмашылықты сезінесіз. Бұл сіздің бюджетіңізді кәдімгідей сақтайды.

5) Тойға келетін қонақтар санын нақтылаңыз. Кеңпейілділікке салынып, көңілін қимай шақырған біраз қонақтарыңыздың жартысы тойға келмей, босқа шығынға батып қалудан сақтаныңыз. Қонақтар тізімін нақты дайындап болғаннан соң, екі-үш қайтара тексеріп шығуды ұмытпаңыз. Мейрамхана әкімшілігімен келісіп, мейлінше аз орынға тапсырыс беруге тырысыңыз. Той жақындап, қонақтарыңыздың саны артып жатса қосымша орындарға тапсырыс беру оңай. Ал көп қонақ келмей, бірнеше орын артылып қалса да барлығын төлеуге тура келетінін есте сақтаңыз. Сондықтан, тойға 2-3 күн қалғанда қонақтарыңызға хабарласып, нақтылап алғанның да артығы жоқ.

6) Той шығынын азайтуға тырысам деп фото-видео операторлар мен асаба қызметінен үнемдеп қалудан аулақ болған жөн. Өйткені, сіздің көптен күткен қуанышыңыздың басты тұлғалары осылар. Сапалы сурет пен тұнық бейнетүсірілім тойыңыздың өмірлік естелігі. Ал тойыңыздың ойдағыдай өтуімықты асаба таңдауға байланысты екенін оқыған боларсыз. Зал ішінде дыбыстың да сапалы болғанын міндетті түрде ескеріңіз! Үнемдеуге болмайды деп қымбатқа ұрыну да жарамайды. Мұнда үнемдеудің жолы — алдын-ала келісіп, тапсырыс беру немесе өзге қызметтер есебінен үнемделген қаражатпен орнын толтыру.

7) Шоу-бағдарламалар мен өнер иелерін таңдауға жақсылап кірісіңіз. Кейде қонақтарыңыздың көңілін әр тойда кездесетін жаттанды өнерпаздар емес, креативті бағдарламалар көтеріп жатады. Мықтап кіріссеңіз көңіліңізге қонымды бағада өнер көрсетететін түрлі таланттарды кездестіресіз.

8) Шақыру билетін дайындау, сыйлықтар, тойбастар дайындау сынды істерге көз жұма қарауға болмайды. Ұсақ шаруа көрінгенімен, қалтаңызға кәдімгідей күш салатынын ұмытпағаныңыз жөн. Мәселен, шақыру билетін өзіңіз жоспарлаған бағада одан да ерекше етіп жасатуға болатын сәттер жиі кездеседі. Яғни, уақыт пен таңдау жеткілікті болса жетеді. Ал тойбастарға салатын сыйлықтар көлемін, санын азайтып, сол бағада сапалы заттармен де толтыруды болады.

9) «Тойға келетін сыйлықтар сомасымен шығынды жаба саламын» деген оймен өзіңізді алдаусыратпаңыз. Қонақтар әкелуі мүмкін сыйлықтар есебін болжап шығарыңыз. Сіздің тойға жұмсайтын бюджетіңіз сол болжанған сыйлық сомасынан көп асып кетпеуін қадағалаңыз. Сонда қалтаңыздан нақты қанша қаражат кететінін шамалап болса жоспарлай аласыз.

10) Ең соңғы негізгі кеңес — той өткеннен кейінгі күнді де ескеріңіз.  Тойдың болғанынан «боладысы» қызық екені рас. Ел есінде сақталатын ерекше той жасау – жұмсалған есепсіз қаражатпен емес, ақылмен, есеппен жасалатынын есте сақтаңыз! Сондықтан себепсіз жүйке жұқарту, сабыла уайымдау, бойыңыздағы энергия мен қалтаңыздағы қаражатты бос шашудың орнына өзіңізге Өзіңіз көмектесіп, ақылмен басқара білсеңіз – кез-келген тойды дүркіретіп өткізе алатыныңызға көзіңіз жетеді!

Аталған кеңестерді іске асыра білсеңіз қарызға белшеден батып, несиеге ұрынып, тойдан кейінгі тәтті күнді сары уайыммен бастамайтын боласыз! Үнемдеу дегеніміз сараңдық таныту деген сөз емес, ысырапшылдықтан сақтану. Керісінше, жомарттығыңыз өз ойлағаныңыздан асып түсетіндей дәрежеге жету деп қабылдағаныңыз абзал.

Тағы да оқыңыздар:

Қызылордалық жезөкшелер қаржылық дағдарыстан жаппай басқа қалаларға кетіп жатыр

Балқашта құрықталған лаңкесшілерге қатысты тың ақпарат пайда болды

Экономистер бір-екі жылда Ұлттық қордың түбі көрінеді деп қауіптенеді

Ататүрік әуежайындағы жарылыс Ыстамбұлға аттанған жерлестерімізді шошыта қоймады

Қабдеш Жұмаділов: Ешкімнің әкесінен қалған мемлекет жоқ

Есімов: Жол жөндеп, үй салуға бөлінген ақшаны ЭКСПО «алып алды» деу ақылға сыймайды

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1176492-uylenu-toyyn-artyq-shyghynsyz-otkizudi/