Қызылордада күйеуден қайтып келген қызға қайтадан беташар жасау дәстүрге айналып келеді
Жарияланған күні:
Ел ішінде естімеген көп демекші, Сыр өңірінде салт-дәстүрден аттағысы келмейтіндер арасында күйеуден қайтып келген қызға қайтадан беташар жасайтындар кездеседі екен. Бұл үрдіс туралы толығырақ өңірдегі NUR.KZ тілшісі хабарлайды.
Қызылорда қаласының тұрғыны Айдана Әлімқұл (есімі өзгертілген) осыдан бірнеше жыл бұрын күйеуімен ажырасуға мәжбүр болыпты. Араға біраз уақыт салғаннан кейін басқа азаматты жолықтырып, ұсынысын қабылдағанын айтады.
«Қазіргі күйеуім мүлдем отбасын құрмаған жігіт. Менің бұрын ажырасқаныма қарамастан, ұсыныс жасап, үйіме құда түсіп келді. Ата-енем той жасайтынын айтты. Ұлының қуаныштарын дүркіретіп өткізгілері келді. Қалың малымды төлеп, мейрамхана жалдап, бетімді ашты», - дейді Айдана.
Жас келіннің жаңа туысқандарының көбісі бұрын оның отбасы болғанынан бейхабар екен. Жақындары жасырып келеді екен.
Жалпы, қазақ салт-дәстүрге, ырым-тыйымға бай халық. Ежелден қалыптасқан дәстүрлеріміз уақыт өте келе көп өзгеріске ұшырап жатқаны белгілі. Біреулері сақталса, енді бірі мүлдем ұмыт болып кетті. Соның ішінде күйеуден қайтып келген қызға қайтадан беташар жасайтындар да кездеседі.
Бүгінгі күні ұлттық дәстүрлеріміздің біразы сақталмай келе жатқаны жасырын емес. Келіншек екінші рет күйеуге тисе де, ақ көйлек киіп, дүркіретіп той жасалынады. Әйелдің қайтадан беті ашылып, бұрыңғы өмірі жайлы тіс жарып айтылмайды. Бұл қалыптастып келе жатқан үрдіс. Ұлының бақыты үшін бәріне көнген ата-ана балаларының таңдауымен келіспеске амалдары тағы жоқ.
Беташар салты туралы дінде айтылмаған. Сол себептен де дін қызметкерлері бұл тұрғыда нақты пікір айта алмайтындарын жеткізді.
Осы орайда келіндеріне өнегелі ене болып отырған тележурналист Айткүл Шалғынбаевамен пікірлескен болатынбыз. Қазақтың салт-дәстүрлерін жақсы білетін маман, бұл тақырыптың қоғам үшін өте өзекті екенін айтты.
«Қазақтың салты бойынша күйеуге тиіп шыққан келіншектің бетін ашпайды. Екі жақ келісіп, үлкендердің батасын алады. Кәде-кәуметтерін оңайлатып, өзара келісіммен жасайды. Бірақ жаңа заманның лебімен ақ көйлек кимесе де, той жасап, дүрілдетіп өткізетіндері бар. Тіпті қайтадан бетін ашатындар да бар. Қазақ «есік көрген» деп бұрын күйеуде болған келіншектердің бетін ашпаған», - дейді Айткүл апай.
«Негізінен беташар жаңадан түскен келінге жасалады. Ел екінші мәрте тұрмыс құрып жатқан әйелдің бетін ашу ұят. Біздің қазақи дәстүрімізге жат дүние. Сол себептен де осы олқылықты жоюымыз қажет», - дейді көнекөз қарт та Әбділда Жұбатқанов.
Жасы сексеннен асқан ақсақал той иелері осы жағдайды ескерулері қажет екенін айтады.
Қазақ дәстүрлерінің қасиеттілігі сол, көпшілікті тәрбиелікке баулиды. Ежелдан ата-бабаларымыз қалыптастырған ұлттық құндылықтарымыз мәнін жоғалтпауы тиіс.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1177376-qyzylordada-kuyeuden-qaytyp-kelgen-q/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.