Есепті "шемішкеше шағатын" Шөкеевтің біз білмейтін қырлары қандай? (фото)

Опубликовано:

«Самұрық-Қазына» АҚ Басқармасының төрағасы қызметін атқарып жүрген Өмірзақ Шөкеевтің саксофонда жақсы ойнайтынын жұрт біледі.

Ауылдық ансамбльде өнер көрсеткен ол гитарада да тәуір өнер көрсеткен. Волейбол мен баскетболды жақсы ойнап, палуан атанған Шөкеевтің көпшілік біле бермейтін сырлары да бар. Шөкеевтің ел білмейтін тағы қандай құпиясы бар. Бұл сұраққа NUR.KZ-тің аймақтағы тілшісі жауап іздеп көрді.

Өмірзақ Шөкеев туралы мәлімет жинау үшін өскен жері Оңтүстік Қазақстан облысындағы, Бәйдібек ауданына бардық. Сұрастыра келе өзінің тұрған үйін оңай таптық. Алайда қара шаңырақта ешкім болмады. Бір білсе, көршілері білер деген оймен көршісімен сөйлестік. Өзін "Шөкеевтің келінімін" деп таныстырған келіншек бірден енесімен сөйлесуді өтінді.

Еліне көмегін аямайтын Шөкеев өскен ауылына жиі бас сұға бермейді. Ол білім алған мектепте талай жыл директор қызметін атқарған Сәуле Әлжанова осылай дейді. Тек әр жылдың тоғызыншы мамыр қарсаңында әкесінің әруағына арнап құран оқытып кетеді.

Жеңгесі Айман Сатқанова (әкесі Естай Шөкеевтің інісінің жары) "Самұрық-Қазына" АҚ Басқарма төрағасының анасы туыстарымен жақсы араласқанымен, байланыс нөмірін қалдырмайтынын айтты. Тек өзі хабарласып тұрады. Сонымен қатар Шөкеевтің анасы Тұрсын Сүлейменова туыстарына ұлы туралы ашық айтуға қарсы екен.

Туыстарынан білгеніміз, Өмірзақ Шөкеев бала күнінде бойы кішкентай, толық болған. Мектепті Алтын белгімен бітіріп, спортқа бейім болып өскен. Мақта да терген. Басқарма төрағасы бала күнінде өнерге де жақын болып өскен. Гитара мен барабанда жақсы ойнаған. Тіпті мектептің "Балдәурен" ансамблінде талай жыл өнер көрсеткен.

Сыныптасы Гүлнәр Парменованың айтуынша, Шөкеев математика мен физика пәндерін "шемішке" секілді шағатын болыпты. Мектеп бітірер жылы өткен сынақта Шөкеев физика пәнінен қойылған 45 сұраққа 45 минутта қатесіз жауап берген.

Ірі денелі оқушы Өмірзақ баскетболдан мектеп құрамасының капитаны болыпты. Ол мектеп оқып жүрген кезінде аудан орталығы Шаянда әжесімен бірге тұрған. Ал ата-анасы қызмет бабымен Ақбастау ауылында болған.

Сыныптасының сөзіне сенсек, тек білім ғана емес, қоғамдық шараларда да белсенділігімен көзге түскен ол махаббат дегеннен жанын аулақ ұстауға тырысыпты. Тек мектеп қабырғасын бітірген соң ғана ол сыныптасы Эльмира Мейірбековаға ғашық екенін байқатқан. Алайда махаббат жауапсыз қалыпты.

Бүгінде Шөкеевтің алғашқы ғашығы Оңтүстік Қазақстандағы Қазығұрт ауданында тұрады. Тағы айта кетерлігі, лауазымды Шөкеев сыныптастарының қызметтік өсуіне көмегін тигізіп жүр деген де әңгіме бар. Мұны сыныптасы да растап отыр.

"Сыныптағы ер балаларға көмегі тиген. Жарқын Оспанов деген бір сыныптасымыз прокурор болды. Өмірзақпен сыныптың ер балалары әлі күнге дейін араласады. Мектеп бітіргенімізіге 35 жыл болды", - деді Парменова.

Бұны Өмірзақ Естайұлының інісі Серіктің сыныптасы Темірхан Болсынаев та жоққа шығармады.

Алғашында Шөкеев туралы ешнәрсе білмеймін деген көршісі Болсынаев сәлден соң сұрақтарымызға жауап беруге келісті.

"Өмекең (автор: Өмірзақ Шөкеев) менен төрт жас үлкен. Өте еңбекқор адам болған. Біз бір мектепте оқымасақ та оның білімді оқушы болғанын білемін. Қарапайым, студент кезінде ауылына демалысқа келген ол өзгелер секілді демалмайтын. Ауылда қыш құйып, оны тасып ақша табатын. Сыныптастарының барлығы қазір мықты қызметте. Жарқын Оспанов деген сыныптасы генерал. Бәрін сүйреген ғой...  Сыныптастарының ішінде қызметі жағынан ең жоғарысы Шөкеев қой", - деді Серік Естайұлының сыныптасы (автор: Ө.Шөкеевтің інісі).

Одан өзге Болсынаев өз сөзінде Өмірзақ Шөкеевтің халық үшін талай жақсылықты жасағанын айтып, бір-екеуін атап өтті.

"Ауылға су, газ сол кісінің арқасында кірді. Осыдан бірнеше жыл бұрын қонақта отырған Шөкеев ауылдың молдасы жалақының жоқтығынан (аздығынан) жұмысын өзге жаққа ауыстыратыны туралы естіп қалады. Сол кезде: "Бір жылдық жалақысы қанша?" деп сұрап, інісіне "сол жалақыны өзіміздің атымыздан бере сал" деп тапсырма берген. Негізі Өмекең секілділер жақсылық жасайды, бірақ жарнамалайды ғой", - деп ойын түйді Темірхан Болсынаев.

Серік Естайұлының сыныптасы Өмірзақ Шөкеевтің қызметте көтерілуі тек өз біліктілігінің арқасы деп сеніммен айтты.

"Самұрық Қазынаның" Басқарма төрағасы Мәскеу экономикалық-статистикалық институтын қызыл дипломмен бітірген. Темірхан Болсынаев Өмірзақ Шөкеевті аталған жоғары оқу орнында Қазақстан былай тұрсын, Орта Азия мемлекеттері ішінде қызылмен бітірген жалғыз түлек екенін айтты.

Бүгінде Шаянда Естай Шөкеев атындағы көше бар. Ол көшеге бұл атаудың берілгеніне шамамен жиырма жыл болып қалған. Бірақ, онда Шөкеевтер әулеті тұрмайды. Қара шаңырақ М.Әуезов көшесінде орналасқан. Ол үйге Өмірзақ Естайұлының анасы ара-тұра келіп-кетіп тұрады.

Осы ретте Шөкеевтің отбасы  туралы да сөз қозғай кетейік.

Әкесі қызметтегі адам болған, Ұлы Отан соғысына қатысқан. Анасы Тұрсын Сүлейменова - тігінші. Ол кісі Өмірзақ Естайұлы Мәскеуде оқып жүрген кезде өз қолымен тон тігіп берген.

Ғаламтордағы мәліметке сенсек, Шөкеевтің әйелі Зәуре Мұхаметжанова өзінен екі жас үлкен.

Өмірзақ Естайұлы - үйдің тұңғышы. Өзінен кейін екі інісі мен үш қарындасы бар.

Үлкен қарындасы Гүлнәр Шөкеева Шымкентте тұрады. Темірхан Болсынаевтың сөзіне сенсек, Гүлнәр Естайқызының жолдасы Шымкент әуежайының басшысы.

Екінші қарындасы Ләззат Шөкеева -  Оңтүстік Қазақстан облыстық Қазынашылық департаментінің басшысы. Жолдасы құқық қорғау саласында еңбек етіп, сол жақтан зейнеткерлік жасқа шығыпты. Бүгінде аңшылық шаруашлығы қоғамында жұмыс істейді.

Үшінші қарындасы Райхан Естайқызы Алматыда банкте қызмет етсе, оның жолдасы ОҚО,-ның Созақ ауданында прокурор екен.

Шөкеевтің інісі Серік Естай "Бейнеу-Бозой-Шымкент" газ құбыры мекемесінің директоры. Тағы бір інісі Берік Естай Астанада Азаматтық және әкімшілік істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының төрағасы болып еңбек етеді.

ОҚО, Қостанай облыстары мен Астана қаласының әкімі, Экономика министрі болып, үкімет басшысының бірінші орынбасары лауазамына дейін көтерілген Шөкеевтің Нұрбала, Нұргүл деген екі қызы мен Нұрасыл есімді бір ұлы бар. Өмірзақ Естайұлының жеңгесі (әкесінің інісінің жары) Айман апаның айтуынша, үлкен қызы Нұрбала тұрмысқа шыққан. Кіші қызы мен ұлы Америкада оқиды.

Фотолар Өмірзақ Шөкеевтің өзі білім алған мектеп мұражайынан алынды

Материал ҚР Заңнамасына сәйкес қорғалған. Барлық авторлық құқықтар NUR.KZ интернет-порталына тиесілі. Материалдың кез-келген бөлігін көшіру, тарату үшін редакциямен байланысу қажет.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1196129-esepti-shemishkeshe-shaghatyn-shokeevtinh-b/