Шымкентте марқұмды ақтық сапарға жөнелтудің шығыны қанша?

Опубликовано:

Имамдар халықты ысырапшылдыққа жол бермеуге шақырып, ысырапшылдықты Алла тағаланың жақсы көрмейтінін айтумен келеді. Алайда Оңтүстікте той-томалақты былай қойғанда бүгінде өлік жөнелтудің өзі де шаш етектен ысырап болып тұр.

Oinet.kz жуырда жасы сексеннен асқан әжелерін о дүниеге шығарып салған отбасыға барып, марқұмның ұл-қыздарынан өлікті ақтық сапарға шығарып салу үшін қанша шығынның қажет екенін сұрастырып көрген. Осы тілдесуден түйген мәліметтерді назарларыңызға ұсынады.

Негізінен ең ауыр кез жаназаға дейін болады. Өйткені келген адамдардың қарасы осы күні көп. Жаназадан кейін жұртшылыққа міндетті түрде тамақ беру керек. Ол үшін бір күн бұрын жылқы сойылады. Сойылатын жылқы 300 келіден кем ет бермеуі тиіс. 300 келі ет беретін жылқының құны 300 мың теңгеден асып кетеді. Бұдан бөлек келген қонақтардың қарасына қарай 2-3 қой тағы сойылады. Шымкент жақта ас-жиында көбіне палау таратылады. Ол 70 келіден кем болмауы тиіс. Оған қажетті күріш, сәбіз және дастарханға қойылатын түрлі тағамдардың бәрін есептегенде кемінде 120-150 мың теңге тағы қажет. Ең қиын мәселенің бірі жыртыс беру.

Шымкентте жыртысты негізінен марқұмның жасына қарай береді. Егер марқұм жас болса жыртыс берілмейді. Жыртыс негізінен кәрі адамдар үшін ғана үлестіріледі. Баяғыда жыртысты келген жұрттың бәріне бірдей етіп бір жапырақ матаны жыртып бере салатын. Қазір олай емес. Жыртысты еркектерге бөлек, әйелдерге бөлек дайындайтын салт қалыптасты. Жыртыстардың жалпы саны 1000 деп есептеледі. Соңғы уақытта еркектерге жайнамаз беру әдетке айналып барады. Оның базардағы бағасы 300-500 теңгенің көлемінде. Жайнамаз 300-350 адамға лайықталып алынады. Әйелдерге және жастарға бет сүртетін орамал беріледі. Оның бағасы жайнамаздан арзан болғанымен, саны көп, шамамен 500-600-дей алынуы тиіс. Егер марқұм кемпір болса, «ине-жіп» деген сияқты жоралғы орындалады. Әйелдерге білезік сияқты жылтырауықтар беріледі. Жүзге жуық кесе сатып алынып, ол да келген әйелдерге таратылады. Осындай қаралы жиында құдаларға шапан кигізетін қызықтау бір дәстүр де бар. Жаназа болған күні кешкісін арнайы қой сойылып қонақасы беріледі. Мұндай қонақасы марқұмның жетісі, қырқы және жылы болардан бір күні бұрын міндетті түрде өтеді.

Егер марқұм жас болса, онда оның жетісін жаназаның артынша өткізіп жіберуге рұқсат етіледі. Егер марқұм пайғамбар жасынан асқан болса, онда жетісін жаназа күні өткізіп жіберу ұят саналады. Жеті күндік асқа арнайы мал сойылып, палау таратылады. Осы күні марқұмның қырқы өтетін уақыт жария етіледі. Ал қырқына дейін өлік шыққан үйде әр бейсенбі сайын қой сойылып, құдайы тамақ беріледі.

Оңтүстікте марқұмның жылдық асына дейін өтілетін біраз рәсімдер бар. Мысалы осы бір жыл ішінде өтетін екі айт мейрамында марқұмның шаңырағында құдайы тамақ беріледі. Жегжат-жұрағат, құдалар, ағайын-туыс осы күні марқұмның үйіне кіріп, құран оқып шығуды парыз санайды. Бұдан бөлек ораза айында міндетті түрде ауызашар беріледі.

Марқұмның жылдық асына халық көп жиылады. Сондықтан оған арнайы жылқы малы сойылады. Дастарханға қажетті анау-мынау тағамдары бар, марқұмның жылдық асы да біраз шығынды қажет етеді. Жалпы алғанда марқұмның жаназасынан жылдық асына дейінгі шығынды нақты айту қиын. Ол келген халықтың қарасына қарай әртүрлі. Орта есеппен 1,5-2 миллион теңгені құрауы мүмкін. Алайда мұншама шығынның бәрі марқұмның шаңырағына түспейді. Оңтүстікте ағайын-туыс, жегжат-жұрағат арасында алыс-беріс жақсы. Марқұмның туыстарына әркім шамасына, алыс-берісіне қарап 5 мың теңгеден 30 мың теңгеге дейін,тіпті одан да көп мөлшерде қаржылай көмек ұзатады. Үй иесі кімнің қанша әкелгенін киіз кітабына жазып жүреді. Күні ертең кімге қанша беретінін осы киіз кітабына қарап біліп отырады.

Айтқандай, марқұмның басына қойылатын ескерткіш тастың құны да арзан емес. Ол шамамен 120 мың теңгені құрайды.

Осыншама шашылудың марқұмға сауабы тие ме, жоқ па? Имамдар өлік шыққан үйде үш күн бойы қазан көтерілмеуі тиістігін айтып келеді. Марқұмның жетісін, қырқын, жылдық асын кішігірім құдайы етіп өткізу ұсынылған. Алайда өлікті жөнелтушілер бұған құлақ түре бермейді. Ал, туысқанының жылын беріп, қатардан қалмау үшін қарызданып жатқандар қаншама.

Қысқасы, имамдардың қарсылығына қарамастан шымкенттіктер өлген адамның соңынан жыртыс таратады, ас та төк тамақ береді. Мұндай жиынды соңғы кездері тойхана өткізу де бірте-бірте дәстүрге айналып барады. Марқұмның туыстары «егер олай істемесек, жұрт дұрыс түсінбейді» дегенді алға тартады.

Тағы оқыңыздар:

Рио-2016: Елдос Сметовтің басты қарсыластары кімдер? (фото, видео)

Алматы полициясы 10 күннен бері табылмаған Сафар Шәкеевті тікұшақпен іздеп жатыр

Атыраулық белсенділер Нұрлан Ноғаев бастаған бір топ адамға "сыйлық" жасады (фото)

"Ыстықкөлде" қазақстандық туристер мен жергілікті тұрғындар төбелесіп қалды (фото)

Қазақстан Эфиопияға 50 мың АҚШ доллары көлемінде қаржы беретін болды

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1201436-shymkentte-marqumdy-aqtyq-sapargha-zhon/