«Нұр Отанға» сырттай қабылданған «мүшесі» жарнаны қайтаруды талап етті
Жарияланған күні:
Ақмола облысы Целиноград ауданының тұрғыны Нарғиза Сосани «Нұр Отан» партиясы қатарына мені ескертпестен қабылдапты әрі мүшелік жарна ретінде ай сайын жалақымнан 229 теңге ұстап қалады» деп мәлімдейді.
Бұл туралы Азаттық хабарлайды.
Ақмола облысы Целиноград ауданының тұрғыны Нарғиза Сосанидің мәлімдеуінше, оны тіпті ескертпестен «Нұр Отан» президенттік партиясы қатарына қабылдаған. Балабақшада жұмыс істейтін әйел (кейіпкердің өтініші бойынша редакция мектепке дейінгі мекеме орналасқан кент атауын көрсетпеді) мөлшері 33 мың теңге (95 доллар) болатын мардымсыз жалақысынан мүшелік жарна ұстап келгенін жуырда ғана білген. Ол мұны бухгалтерияға кіріп, демалыс ақысы мөлшерін сұраған кезде кездейсоқ біліп қалған.
"Ешқандай партияға мүше емеспін, бірақ міндетті аударымдар кестесінен «партиялық жарна» деген бағанды көріп қалдым да, сұрай бастадым. Олар «сізге ескертпеген» деп, бар кінәні хатшы қызға артты. Бірақ партияға мүше болсам, қолымда партия билеті болуы тиіс қой, бұлары қалай? Түптеп келгенде, шынымды айтсам, әлгі партияның мүшесі болғым келмейді", - дейді Нарғиза Сосани Азаттыққа.
Оның сөзінше, әріптестері оның ашуланғанына қайран қалып, «229 теңге деген түкке тұрғысыз тиын-тебен емес пе» дей бастаған. Кейбірі тіпті «ойпырай, президент партиясына мына тиын-тебенді де қимайсың ба?» деп сұраған.
"Мен оларға «мәселе ақшада емес, принципшілдікте» дедім. Маған ескертсе ғой, «партияға кіргің келе ме?» деп ең болмаса, пікірімді сұраса қайтеді. Олар «Бұл – біз емес, бізге Мариновкада (Ақмол ауылы – Целиноград ауданының әкімшілік орталығы) отырғандар бәрін енгізіңдер деп бұйырған» дейді. Олар жалақымнан 229 теңгені бірнеше айдан бері аударып жүргендерін айтты, әрі «сен қарсы болады деп ойламадық» деді", - дейді Нарғиза Сосани.
Нарғиза 229 теңгеден бөлек, ай сайын жалақысының бір пайызын кәсіподақ жарнасы ретінде ұстап қалатынын айтады. Бұған қоса, Нарғиза Сосани «Балабақша штатындағы 40 қызметкерді 6 айға немесе бір жылға газетке жазылуға мәжбүрлейді, бұған бес мың теңгедей кетеді. Ал бұдан бас тарта алмайсың» дейді.
«Нұр Отан» партиясына «сырттай» мүшелікке қарсы шыққаннан кейін Нарғиза Сосаниге «партиядан шығу туралы арыз жазыңыз, енді жалақыңыздан мүшелік жарна ұсталмайды» деп уәде еткен.
Целиноград аудандық білім беру бөлімі Азаттыққа бюджет саласы қызметкерлерінің «Нұр Отан» партиясына мүшелігі туралы жағдайға қатысты комментарий бере алмады. Азаттық тілшісі бірнеше күн қатарынан мекеме басшысы Қанат Ахметовты орнынан таба алмады. Хатшысының айтуынша, ол жиналыста болған.
«Нұр Отан» партиясының аудандық филиалы өкілдерінің айтуынша, Нарғиза Сосани - партия мүшесі емес, бірақ биылғы қаңтардан бері оның жалақысынан 229 теңге мүшелік жарна ретінде «жаңылысып» ұсталған.
«Нұр Отан» партиясының Целиноград аудандық филиалына қарасты есеп және статистика секторы меңгерушісі Рақымжан Сейдахметов «Оларда партияға мүше үш адам бар, ал бухгалтериясы қателесіп, олармен бірге Нарғизаның жалақысынан да ұстапты. Олар бәрін [құжаттарын] ақтарып, анықтапты, енді оған қаңтардан шілде айына дейін 229 теңгеден (1603 теңге) ұстаған ақшасын қайтарып береді» дейді.
Оның сөзінше, ішінде бюджет саласы қызметкерлері де бар әр адам «Нұр Отанға» өз қалауымен өтеді, партияға мүшелікке өту туралы арызды өз қолымен жазады. Сейдахметов «егер мектеп болса, директор жиналыс ашып, қызметкерлерге мүшелік туралы жариялайды, сосын екі адам партияға өткісі келетін адамға мінездеме береді, тек содан кейін ғана оны партияға қабылдайды» дейді.
Рақымжан Сейдахметовтің түсіндіруінше, «Нұр Отан» партиясына жарна екі жолмен түседі – партия мүшелері қолма-қол ақша төлейді немесе бюджеттік ұйым бухгалтериясы аударады.
"Біздің ауданда 2 700-ден аса партия мүшесі бар, әрбірімен жеке жұмыс жүргізіп, жағдайына қараймыз. Ал партияға бұлай кіріп кеткен жандар бар екен, демек, кейде біреулер жете түсінбей қалатын, енді бір жерлерде мекеме басшылары дұрыстап түсіндірмеген небір жайттар болып қалуы мүмкін, ал біз ешкімді өз келісімінсіз қабылдамаймыз, бухгалтерия да аудармайды", - дейді Рақымжан Сейдахметов.
Ол Азаттық тілшісіне Нарғиза Сосаниге де, әлгі балабақша меңгерушісіне де ешқандай репрессиялық шаралар қолданбайды және олар өз орнында жұмыс істей береді деп уәде етті.
«Нұр Отан» партиясының орталық аппараты сайты дерегінше, 2014 жылы партия 1,3 миллиард теңгенің жарнасын жинаған. Парламент сайлауында жеңген партия ретінде «Нұр Отан» мемлекеттік бюджеттен 3,3 миллиард теңге алған. 2014 жылы саяси ұйымның кірісі шамамен сегіз миллиард теңгені (сол кездегі бағам бойынша 43 миллион долларға жуық) құраған. 800 мың мүшесі бар президенттік партия 2015 жылдың деректерін жариялаған жоқ.
Тағы оқыңыздар:
Қарсыласын қуып жүріп сабаған Василий Левит небары күміс жүлдегер атанды
Зілтемірші Зайчиков Қазақстан қоржынына 10-шы жүлдені салды
Данияр Елеусінов Рио финалында өзбек боксшысымен кездеседі
Риодағы жанкүйерлер Левиттің қарсыласын құрметтемей, "Қазақстан" деп айғайлады
Жанкүйерлер Жәнібек Әлімханұлының жекпе-жегі алдын ала шешіліп қойғанын айтуда
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1221547-nur-otangha-syrttay-qabyldanghan-mu/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.