Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Кәріс қызы: Қазақтың үйлену тойына ешбір елдің мерекесі жетпейді

Жарияланған күні:

Анжелика Ким есімді бойжеткен шет елде тұрмыс жақсы болса да Қазақстанды ешбір елге айырбастамайтынын жеткізді деп хабарлайды Qamshy.kz.

Кимпабты Алматының картоп бәлішіне айырбастамаймын

Алматыда туып-өскен ол он жеті жасында Сеулге оқуға аттанған.

"Сеулге барған алғашқы күннен бастап Қазақстанды сағындым. Кәрістердің кимпаб сияқты тағам түрлерін мен Алматының картоп бәлішіне айырбастамас едім. Иә, мен ащы тағамдарды жақсы көремін. Кимчиді күнде жеуге дайынмын. Бірақ палау, манты және қазы-қартаның орны мен үшін бөлек. Тегім кәріс болса да, қазақ халқының ұлттық тағамдары менің жаныма жақын", - дейді бойжеткен.

Кәріс достарымыз қазақ тағамына тамсанумен болды

Алматыдағы әке-шешем маған қазақстандық тағамдарды жіберіп тұрды. Елден сәлемдеме келгенде, он-он бес досымды шақырып, бірге жейтінбіз. Жергілікті кәріс достарымызбен де бөлістік. Кәріс жастарына қазақстандық өнімдер қатты ұнады. Әсіресе, бал, шоколад, сыр, шұжық, нан мен жеміс-жидектерге дейін дәмді екендігін айтып мақтап жатты. Ол жақта бұндай табиғи тағамдар кездеспейді. Бәрінің дәмі біртүрлі жасанды сияқты. Сондықтан дәмі тіл үйірер қазақ тағамдарына кәріс достарымыз тамсанды-ақ. Оларға елден келген құрт-ірімшікке дейін үлестірдік. Кәріс достарымыз бәрінен де қазақтың құртына таңғалды. Олар үшін таңсық тағам ғой.

Кәрістердің жан-дүниесі мен үшін жұмбақ күйінде қалды

Кәрістердің жан-дүниесі мен үшін жұмбақ күйінде қалды. Мен көпшіл болғандықтан достарым да көп. Сеулге алғаш барғанда жаным құлазып, өзімді қоярға жер таппадым. Кәрістердің бір ерекшелігі кездескен адамнан бірден жасын сұрайды. Ал біздің тәрбиеміз басқаша ғой, қыздың жасын сұрамайды. Менен жасымды сұрағанда қысылып, іштей ренжіп қалдым. Кәрістердің адамның жасын неліктен сұрайтынын кейін білдім. Олар қалай сөйлесу керектігін анықтау үшін сұрайды екен. Кореядағы кәрістердің менталитеті туралы айтсам, олар кәріс тілін меңгерген адамды бағалайды. Егер сіз «сәлеметсіз бе» және «рахмет» деген екі сөзді ғана білсеңіз, соған қуанады.

Оңтүстік Корея тұрғындары үйіне қонақ шақырмайды

Кәрістер қонақжай халық. Кез-келген мейрамханада сіздің шетелдік екеніңізді білген иесі сізге салат пен кофе ұсынады. Сату үшін емес, жай қонақжайлық белгісі ретінде. Кәріс жастары қонаққа келген шет ел азаматтарына көрікті жерлерді көрсетуге асығады. Бұл да өздерін танытуға ұмтылған бір ұлтжандылықтың белгісі болса керек. Бірақ, Қазақстан халқының қонақжайлығына ешбір ел тең келмейді, әрине. Тек қазақстандықтар ғана кең дастарханын жайып, үйіне қонақ шақыратын сияқты. Өйткені, мен білім алған Оңтүстік Корея тұрғындары үйіне қонақ шақырмайды.

Үйлеріне кісі баруы сирек. Қазақстан халқының тағы бір артықшылығы қонағына бар дәмдісін ұсынуы. Ыстық тағам, салаттың небір түрі, тәтті-дәмділермен дастарханды толтырады. Дастархан басында бір-біріне жақсы тілектер айтады. Ал кәрістерде олай емес. Мен бірде кәріс достарымды қазақтың үйлену тойына шақырған едім. Сол тойдан алған әсерлерін кәрістер көпке дейін ұмыта алмай жүрді. «Қазақтың тойына ешбір елдің мейрам-мерекесі жетпейді екен» деп таң қалған. Сеулде өткен сегіз жыл жарқын сәттерге толы болса да, мен Қазақстанда тұруға бел будым. Жолдасым кәріс азаматы, бір ұлымыз бар. Үйде де қазақтың ас мәзірлерін дастарханнан үзбейміз. Қазақстанды ешбір елге айырбастамаймын!

Материал авторы: Дана Қамшыбек.

Тағы оқыңыздар:

Шетелдік бай азаматпен көңіл қосқан астаналық ару шалқып өмір сүруде (фото)

Баян Мақсатқызы өзін ұрып-соққан бұрынғы күйеуінің сотына келді

Қазақстандық бизнесмен итальяндық миллионерге ерекше биімен жауап берді (видео)

Алматыда ашушаң келіншек тоғыз жастағы қызын өлімші етіп сабаған

Қазақстандықтар мерекеде қанша күн демалады?

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1287659-karis-qyzy-qazaqtynh-uylenu-toyyna-eshb/