Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Маңғыстауда сыңсу айтып ұзатылған 55 жастағы әйел бақытын қалай тапты? (фото)

Опубликовано:

Қазнетте 55 жасында тұрмысқа шыққан әйел туралы бейнеролик пайда болып, қазақы дәстүрмен сыңсу айтып қоштасқан келіншек жұлдызға айналған болатын. Желіде танымалдыққа ие болған жұбайлардың шаңырағында NUR.KZ тілшісі қонақ болып қайтты.

Отау құрғандарына бір ай болған Қобылан ағай  мен Айтгүл жеңгей жас сәбидің иісін аңсап отырғандарын да жасырған жоқ.

«Жалғыз жүрмеңіз» деп қолқалаған балаларым. «Қасыңа серік кемпір тауып ал» деді. Маған кемпір емес, қыз бұйырды. Айналайын, несін жасырайын, алғаным қыз болды. Танысқанда бұл кісіге бірден жағдайымды айттым. Арақ ішпеймін, темекі тартпаймын. Келісімін бергеннен кейін қосылып отырған жағдайымыз бар. Интернетте жүргендей тап солай сыңсу айтылды. Тек 60 жастағылар дегені сәл көңілімізге келіп қалды. Кемпірімді қыздай алып отырғаннан кейін қазақтың салтымен беташарын да жасадық», - дейді Қобылан Агиев.

Қобылан Агиев бірінші әйелінің 2008 жылы қайтыс болғанын айтады. Қызы тұрмыс құрып, екі баласы шаңырақ құрған, немерелері бар. Қазір келіншегімен бірге үлкен баласының қолында тұрады.

"Ұсыныс жасағаннан кейін бұл кісі туралы сұрастырдым, ағаларыма айттым. Әкемдей болып кеткен екі ағам қатты қуанды. Інім: «Апа, даладан кетпе, туыстардың батасын алып үйден шығарайын» деген соң шағын бата алу жасадық. Інімнің өзі келін түсірген адам. Жасымыз келген соң ұлан-асыр той жасамадық. Бала емеспіз, тойдың кезінде суретке де түскен жоқпыз. Интернетке қалай кетіп қалғанын білмейміз. «60 жастағы кемпір» деп неше түрлі әңгіме айтып жатыр. Елді шулатамыз деп ойлаған жоқпыз. Теледидардан өзімізді көргенде біртүрлі болдық", - дейді Айтгүл Отарбаева.

Шай үстіндегі еркін әңгіме кезінде ерлі-зайыптылардың қалай танысқаны да айтылды.

«Шынымды айтсам бұл кісімен екі жыл бұрын таныстым. Қосымда Қонақбай деген жігіт болды. Кемпірім қайтқанына біраз уақыт болғанан кейін осындай қыздарға хабарласып жүрдік. Бұл қыздың да телефонына қоңырау шалдым. Бұл кісі «Алло» деп телефонды тастап жіберді. Екі жылдан кейін қайта қоңырау шалдым, кездесуге бардым. Екі жыл бұрын қоңырау шалғанымды айтып, танысып кеттім. Екінші күні қайта бардым. Сөзіміз, әңгімеміз жарасты. Басқа не айтайын, қалған өмірімде кемпір-шал болып жүре берсек деген ойымыз бар. Жақсы адам. Отырған жері өзінікі, артық сөзі жоқ», -дейді Қобылан Агиев.

55 жасында тұрмыс құрған Айтгүл Отарбаева өзінің қазір бақытты екенін жасырған жоқ.

"Келіншек болғаныма бір ай болған күні сіздер келіп отырсыздар. «Бақыттымын» деп өзім мәз болып жүрмін. Алла бақытымды ұзақ қылсын. Мені ұялы телефонға түсіріп, интернетке таратып жібергендерге не айтарымды білмеймін. Отбасында жетеуміз. Ағам 1942 жылғы үлкен кісі, екіншісі 1945 жылғы. Кейін төрт қыз туылдық.  Мен үйдегі кіші қызбын, артымда інім бар. 1971 жылы әкем, араға үш жыл салып 1974 жылы шешем қайтыс болды. Ата-анам тірісінде екі ағам үйленіп, бір әпкем тұрмысқа шықты. Қалған бауырларымды екі ағам аяқтандырды. Іштеріндегі тұрмыс құрмай қалғаны мен едім. Кішкентайымнан ағаларымның қолында өстім", - дейді Айтгүл Отарбаева.

Отағасының бауыры, отбасының досы саналатын Күзенбай Агиев 55 жасында тұрмысқа шыққан жеңгесінің атағы Қайрат Нұртасты басып озды деп әзілдеді.

«Интернеттің айтқыштары «60 жасқа келген қыз неге жылайды?» деп шулады. Көкелерім-ау, нешеге келсе де бұлар адам емес пе? Бұл кісі бақытты адам. Қыз, күйеу, немерелері мен шалы да бар. Одан артық не керек? Біздің ауылда 60, 70 жасқа келсе де қыз болып отырған кемпірлер бар. Бұл кісіні өзім алып келдім. Айтгүл жеңгемнің танымалдығынан Қайрат Нұртастың атағы қалып қояды. Рас емес пе? Бір-ақ күнде елді шулатып жіберді. Бұл да бақтары болар»,- дейді бауыры Күзенбай Агиев.

Кеш тұрмысқа шыққан жеңгей кәрі қыздардың тұрмысқа шықпай жүре беруінің де бір себебін айтты.

«Біз Түркия елінен Ақтау қаласына 2011 жылы көшіп келдік. Қолымыздағы қаржыға жер алып, қара жұмыс жасадық. Бауырларымды қолдап, ақша тауып жұмыс істеп  жүре бергенбіз. Ақшадан тарықпаған соң жігіт те іздемейді екенсің. Уақыттың қалай өткенін білмей қалдым. Қыздардың тұрмысқа шықпай қалуының бар бір себебі осы. Ақша тауып жүре береді», - дейді Айтгүл Отарбаева.

55 жастағы келіншек енді ана болу бақытына кенелгісі келеді.

«Балалы болу бірінші Құдайдың, екінші мына кісінің қолында. Алла берейін десе егіз де бере салады. Кемпірім «туамын» деп отыр. Біз қарсы емеспіз. Мұндай қуанышымыз болса, біз туралы шындықты жазып, көптің көзін ашқалы отырған NUR.kz-ті бірінші шақырамыз»,  - деп қоштасты отағасы.

Материал ҚР Заңнамасына сәйкес қорғалған. Барлық авторлық құқықтар NUR.KZ интернет-порталына тиесілі. Материалдың кез-келген бөлігін көшіру, тарату үшін редакциямен байланысу қажет.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1315688-manhghystauda-synhsu-aytyp-uzatylghan-55-zha/

pixel