Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ет жақынынан айырылғандар дастарханды неліктен жайнатып қояды?

Опубликовано:

Қазақта “Өлі разы болмай, тірі байымайды” деген сөз бар. Соған сай халқымыз марқұмды ақтық сапарға шығарып салуға барын салып жатады. Осыған орай «Өлім – бардың малын шашады, жоқтың артын ашады», - деген мәтелдің әлі күнге өзектілігін жоймағанын байқаймыз. Кісі өлімінен қара жамылған үйдің мал сойып, аста төк дастархан жаюы туралы қоғамның ойы қандай?

Осыған байланысты қарапайым халық Nur.kz порталына өз пікірлерін білдірді.

Алматылық Бақытгүл жуырда туған ағасынан айырылды. Әдеттегідей, жаназасына туған-туыс, жора-жолдас, алыстағы құда-жекжат тегіс жиналған.

«Жасаған дастарханымыз мол болсын деп, 3 түрлі бәліш, 4-5 түрлі салат, өрік-мейіз, жемістің 5-6 түрін қойдық. Енді олай істемесең, ұят. Дастарханымыз жұпыны болса, келген ел сөйлейді. Алыстан келген ағайын-туыс бар дегендей. Меніңше үстеліміз жақсы болды. Келген адамдардың көңілінен шықты, бәрі жақсы жасапсыңдар деп мақтады», - дейді Бақытгүл.

«Мысалы, біздің ауылда қарапайым адамдардың өздері жылқы сойып, елден қалмауға тырысады. Егер бір жылқының құны 300 мың теңгеден асады деп есептесек, азық-түлік, басқа да шығындармен бір жаназасын шығаруға миллиондай қаражат кетеді», - дейді Гаухар ханым.

Сондай-ақ, оған марқұмның қырқы мен жылын атқаруға кететін қаржыны қосыңыз. Гаухар ханым бір жалақыға қарап отырған отбасылар үшін бұл үлкен жүк екенін айтып отыр.

«Марқұм болған жандардың жаназасын атқаруда пендешілікке жол беріліп жүр. Әрең күн көріп отырған адамдар бұл үшін тіпті қарызданып, кайғы үстіне қайғы жамап алады», - дейді үй шаруасындағы Гаухар.

«Мен өзім Алматы маңайында ауылда тұрамын. Жуырда туысымыз қайтыс болып, Өскеменге барып қайттық. Онда біздің жақтағы сияқты аста төк дастархан жоқ. Үлкен мешітте ас берілді. Тек бауырсақ, ет, азғантай өрік-мейіз болды. Салат, бәліштер, басқа да тәттілер атымен жоқ. Себебі олардың имамы ондайға рұқсат бермейді екен. Барлығына ортақ мешітте болады. Дастарханы да бірыңғай дейді туыстарым. Тіпті, жеміс-жидектер де қойылмаған. Сосын қазір бізде қалыптасқандай ешкім қапшық таратып берген жоқ. Есесіне, елдер бала-шағаларымен келіп, құран оқылған тамақтан ауыз тиіп кетті. Отбасына үлкен салмақ салынбайды», - дейді Жайна есімді келіншек.

Осыған дейін біз Ақтөбе обылысындағы Шалқар ауданында садақаға келген әйелдер дастархандағы сарқытқа таласып қалғаны туралы айтқан болатынбыз.

«Жақын туыстарымыздың бірінің 9-сынып оқитын баласы көз жұмып, көңіл айтуға бардық. Үйіндегілер жылап, қайғырып жатқанда тамақ ішіп отыру да ыңғайсыз. Бірақ ол ауылдан ыңғайсызданған әрекетті байқадым. Тұрып бара жатқандарында дастархандағы барлық нәрсені салып алады екен. Пакеттерін өздерімен бірге ала келеді. Көргенде шошып кеттім», - деп таңданысын жасыра алмап еді ақтөбелік келіншек.

Ал Қытайдан өткен ғасырдың алпысыншы жылдары елге оралған жетпіс бес жастағы Күлтай апа бұрындары өлім-жітімде орындалатын рәсімдерді еске түсіріп көрді.

«Кісісі марқұм болған үйдің адамдарын жұбатуға барғанымызда өзімізбен бір-бір табақ ет асып алып баратын едік. Ол еттен сол үйдің алыстан келген ағайындары дәм тататын. Ал, ертең жаназасы шығарылады деген күні кешке сол үйдің иесі малын сойылып, ертеңгі күнге етін асып дайындап қоятын. Дастарханға қойылатын жеті шелпек пен бауырсақты көрші-көлең жүгіріп жүріп істейтін. Қазіргідей салат, тәтті торт, жылы жұмсақ тағамдар дастарханға қойылмайтын. Тағы бір айтарым, қазір кафеде өткізілген жетісі, қырқы, жылдығы сынды жиындарда сөз алып тоқтамай «тост» айтып кететіндер болады. Онысы дұрыс емес деп ойлаймын. Ондай жерде молданың уағызын тыңдаса құба-құп», - дейді кейуана.

Бас мүфти биыл Алматыда өткен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Ғұламалар кеңесінде Құдайы ас беру кезінде ысырапқа жол беруге болмайтындығын түсіндірген болатын.

“Құдайы ас берудің өзіндік әдебі, тәртібі бар. Шектен тыс шығынға батып, ысырап етуге болмайды. Мұны дінімізде құптамайды. Біз еліміз бойынша баршаға тиімді болатын Құдайы астың ортақ мәзірін әзірлеп, көпшілік қауымға ұсындық. Бұл бастамамызға ел ағалары, ақсақалдар, зиялы қауым өкілдері, мешіт жамағаты үлкен қолдау көрсетіп жатыр. Мәселен, Павлодар облысындағы орталық мешіттің асханасында осы ас мәзірі бойынша Құдайы ас беріліп келеді. Жергілікті жамағат игі бастама үшін алғысын білдіріп, ізгі тілектерін жеткізуде. Қолға алған жұмысымыз өзге де облыстарда жүзеге асады деген ойдамыз”, – деген еді Ержан қажы Малғажыұлы.

Шариғат және пәтуа бөлімінің маманы Медет Құрмашұлының айтуынша, осыған дейін де діни басқарманың пәтуасымен жаназадағы көптеген пендешілік әрекеттер тыйылған.

«Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жақын арада «Жаназа» кітабын толықтырып, қайта жарыққа шығаруды жоспарлап отыр. Сол кітапта жаназаға қатысты барлық сұрақтар қамтылған. Біз оны елге алдын ала хабарлайтын боламыз», - деді маман.

Тағы оқыңыздар:

Молдовада ресейшіл кандидат президент болып сайланды

Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі тағайындалды

БҚО-да сегіз жасар баланы мас күйде қағып өлтірген тұрғын жазасын алды

Қызылорда тұрғыны бейтаныс жанды аяусыз пышақтап өлтірді

Бизнесмен қарамағындағы қызметкерлерін құрт жегізіп қорлады

Көліктің газ шығаратын түтігін жаппақ болған азамат жұртты күлкіге қарық қылды

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1317612-et-zhaqynynan-ayyrylghandar-dastarkhan/

pixel