Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Еліміздегі ең сапалы сүт және ұн өнімдері Шымкентте шығады

Жарияланған күні:

Сүт және ұн тағамдарымен қамтамасыз етіп отырған шымкенттік «Алтын дән» ЖШС-нің өнімдері қазақстандықтар үшін жақын таныс. Сұраныс та күн санап артып отыр. Әсіресе дайын жаймалар талай нәзік жандының қамыр жаюға кететін уақытын үнемдеуге септігін тигізуде.

«Қазақстанда жасалған» белгісімен нарықты жаулаған өнімдердің шығарылу процесі біздің де назарымыздан тыс қалмады. Жақында компания "Халық маркасы" сертификатын алған.

NUR.KZ-тің өңірдегі тілшісі аталған серіктестікке арнайы барып, тамақ өнеркәсібінің жұмысымен танысып қайтты.

1998 жылы өз жұмысын бастаған тамақ өнеркәсібіне арнайы барғанымызда алдымен сүт өнімдерін шығаратын цехтың жұмысын бақыладық.

Цех меңгерушісі Ирина Садовскаяның айтуынша, мұнда тәулігіне 5 тонна сүт жеткізіледі.

Қажетті сүттің басым көпшілігі серіктестікке тиесілі фермадағы асыл тұқымды сиырлардан алынады. Германиядан әкелінген жабдықтар арқылы алдымен сүт, кейін айран жасалынады.

Қаймақ пен сүзбе, сонымен қатар құрт та аталған цехта өндіріледі. Айтпақшы, өнім арнайы лаборатияда мұқият зерттеуден өткізіледі. Оны химик-лаборант Анель Халбаева әріптесі екеуі кезектесіп жүргізеді.

Анельдің жұмысқа кіріскеніне көп уақыт өткен жоқ. Небәрі 5 ай болыпты. Бірақ, жастығына қарамастан ол өз жұмысының нағыз маманы атанған. Сүт пен айранның майлылығын анықтау жас маман үшін түк те қиын емес. Айта кетерлігі, «Алтын дәннің» бұл цехында майлылығына қарай сүт пен айранның үш түрі шығарылады.

Жұмысбасты қыз-келіншектердің ет асып, бесбармақ дайындарда жайманың алар орны ерекше. «Алтын дән» жаймалары кез келген отбасында табылады десек, қателеспейміз. Өйткені оның пісірілуіне кететін уақыт өзге өнімдерге қарағанда өте аз. Дәмі де кәдімгі қолмен жайылған жаймадан кем түспейді дейді технолог Раиса Ғабидуллина.

Жайма цехында тәулігіне 5500-ден астам қорап жайма шығарылады. Италияндық технологияда алдымен қамыр иленіп, кейін жайылады. Мұнан соң бөлініп, кептірілуге жіберіледі. Кептірілу уақыты – 4 сағат. 8 қызметкер дайын жайманы өлшеп, қорапқа салады.

Серіктестік шығаратын макарон өнімдерін де нарықтан табуға болады. Швейцариялық жабдықтар толықтай автоматтандырылған. Мұнда тәулігіне 47 тонна ұннан 9 түрлі макарон шығарылады. Бір ғана бұл цех 18 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Олардың орташа айлық жалақысы 70-80 мың теңге.

Тамақ өнеркәсібі ашылған күннен бері оның дамуына үлесін қосып отырған директордың орынбасары Болат Бейсембаев нарықта жұмыс жасаудың өзіндік қиыншылықтарын жасырмай айтып берді. Соның ішінде бәсекелестердің аяқтан шалуы кәдімгідей кесірін тигізеді екен.

«Басқа өнеркәсіп сауда нүктелеріндегілерге «Алтын дәннің» өнімін алсаңдар, біз сіздерге өз өнімімізді бермейміз» деп шарт та қойған кездері болды. Бірақ, халық ақымақ емес. Біз бірінші кезекте сапаға жұмыс істейміз. Сонымен қатар бағаны да барынша төмендетуге тырысамыз. Өйткені тұтынушы бағасы төмен, сонымен қатар сапасы жоғары өнімдерді іздейді»,-деді директордың орынбасары.

Айтпақшы, Бейсембаев мырза серіктестікке қабылданатын мамандарға қойылатын талаптың жоғары екенін айтып қалды. Кемінде 7-8 жылдық еңбек өтілі болуы шарт. Ал жас мамандарды өздері оқытып, үйретеді. Айтуынша, жоғары оқу орнын бітіріп келген маманның біліктілігі тым төмен.

«Студенттердің жоғары оқу орнын қандай жолмен бітіретінін білесіздер ғой. Оған қарағанда орта арнаулы оқу орнын тәмамдап шыққандардың білімі жоғары деуге болады. Дегенмен біз өзімізге келген жас мамандарды бірден жұмысқа кірістіріп қоймаймыз. Себебі біз тамақ өнімдерін жасаймыз.

Қателесуге болмайды. Сондықтан да жас мамандарды өзіміз оқытамыз» деп сөзін түйді директордың орынбасары.

Айта кетерлігі, «Алтын дән» ЖШС тек Қазақстан нарығында ғана емес, сонымен қатар Өзбекстан, Қырғызстан және Ауғаныстан секіді көршілес жатқан елдерді де өз өнімдерімен қамтып отыр.

Нақтырақ айтқанда, серіктестік өндіретін жалпы өнімнің 30 пайызы шетелге экспортталса, қалғаны Қазақстан бойынша таралуда.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1343030-qyz-kelinshekterge-qamyr-zhayudy-umytty/