Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Белгілі ақын "Алмас қылыш" фильмі жайлы өз пікірін білдірді

Жарияланған күні:

Белгілі ақын, драматург Иран-Ғайып 5-ші қаңтарда көрерменге жол тартатын "Алмас қылыш" фильмі жайлы өз пікірін білдірді.

"Ел тәуелсіздігіне дейін Керей мен Жәнібек туралы кино түсірілмек түгілі есімдерін атауға қорқатын заман еді. Тарихымыз түгенделіп, өшкеніміз қайта жаңғырып жатса, ол да тәуелсіздіктің жемісі. Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы мен Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек кеш шымылдығын ашты. Жаным рахаттанып көрген фильмім осы болды. Өте дән ризамын. Осы киноны қоюды жоспарлаған билікте отырған адамдарға, оны жеке іске асырған министрге де, «Қазақфильм» киностудиясына да, осы фильмді дайындаған бүкіл ұжымға шын жүрегімнен үлкен алғыс білдіремін.

«Алмас қылышты» оқысаңыз, жұп-жұқа кітап болып ғана шықты. Осы оқыған кезде, біздің тарихымыздың салмағы қылыштың жүзіндей ғана екен ғой деп менсінбеген сыңай танытқандар да болды. Сөйтсек, осы кітапта барлығы бар екен. Бүкіл кескін-кейпіміз, болмыс-бітіміміздің бәрі осы киноның бойында тұр екен. Бұған себеп болған нәрсе, автордың сол кездегі жазып кеткені ішкі рухани жанталасы және таланты. Туынды негізіне тартпай тұрмайды. «Алмас қылыш» талантты жазылмаған болса, бұндай дүние тумас еді. Өнерлі адамдарды қарасаңыз әрі композитор, әрі орындаушы, әрі күйші. Біз бір бақтың, бір баудың ішінде өскен жеміс ағаштары сияқтымыз. Әрқайсымыздың түйнегіміз, жемісіміз әртүрлі. Негізінен сырттан қараған адамға құлпыра бастағандаймыз. Мұны айтып отырғаным, Ілияс Есенберлиннің «Алмас қылышын» сценарий жазған адамдардың түсіне білгендігі. Түйсінгені. Бұл режиссердің парасат-пайымына дөп келіп тұр. Әрі фильмді қоюға тиіс режиссердің қолына түскендігі. Және режиссер бүкіл Қазақстан аумағынан іздеп, өзімізде бар дүниені, өзіміздің алтын-күмістерімізді, қола мен жезімізді, өзіміздің «пайдалы қазбаларымызды» пайдалана білген. Бұл киноның ұлттық нышанда, халықтық қалыпта болуының себебі осында деп ойлаймын. Мәселен, осы кинодағы жүргізуші ретінде алынған Асан қайғы.

Ол жүргізушінің рөліндегі адам емес. Бүкіл халықтың рухани ұйымдастырушысы, ұйытқысы болып тұр. Ақ маяның үстіндегі Асан қайғының кейпі күндіз-түні менің миымда, санамда. Оның әуелгі тарығуы, Шайбани империясынан бөлініп шығар кездегі күмәні, күдігі, түйенің үстінде тарыдай болып отыруы, өз жеріне келіп, халықтық қалпын тапқан кездегі нардың үстіндегі нардай боп отыруы, қас-қабағының жазылуы, болмыс-бітімінің өзгеруі, рухани гүлденуі – маған ерекше әсер қалдырды. Киноны кімге бастатуды, кімге бағыштауды білген. Бұл – режиссердің еңбегі. «Алмас қылышқа» сай. Сол Асан қайғының бейнесінен Ілияс ағаны көргендей болдым. Оны көруге де еріктімін. Өйткені, «Алмас қылышты» жазып, оны дүниеге әкелуге негізгі себепкер Ілияс Есенберлин ғой. Соның негізінде сценарий жазылып, соны режиссер қойып, оны актерлер ойнап шығып отыр. Сондықтан, Асан қайғының орнынан Ілияс Есенберлинді көруге рухани құқым бар. Екіншіден, не көрдім? Кешегі жанталасқан халқымды көрдім. Біз қазір тәуелсіз ел болып, кешегі кеңес империясының жақсы әдеттерін бойға сіңіріп қалуды қолдайтыным рас.

Жәнібек пен Керейдің рөлін ойнаған екі жігіт те жас актер екен. Бірі – Қайрат Кемалов, екіншісі – Еркебұлан Дайыров. Екеуінің де ойыны ұнады. Екеуінің түсіністігі, осы бейнетті бірге кешуі, тәуекелге бірге баруы, іштерінде халықтан басқа алаңның жоқтығы, әсіресе, ақ киізге орап, хан көтеретін тұстағы екеуінің толғанысы... Бұлар өздерін ойлап отырған жоқ. Олар халықты ойлады. Одан кейінгі көргенім, сол биліктің айналасында жүрген болашақ хандыққа енетін адамдардың образы. Олар бір нәрсеге ұмтылып, сүйікті болайын деп ойлап жүрген жоқ. Халықтың рухын қолдап жүр. Режиссердің керемет таланты, сценарийдегі дүниені елдің алдына жайып салудағы шеберлігі таң қалдырды. Халық боламын деп жанталасқан адамдардан кешегі Желтоқсандағы қыздардың қайратын көрдім. Фильмдегі «амазонкалардың» бейнесі. Балаларын артына асып алып, жауға қарсы қайратынан Ұмай ананың, адамзатты жарататын, өмірге әкелетін аналардың тұлғасын көрдім. Жанкештілігін тануға болады. Соны сезіндім. Осы фильмнен режиссер көрдім. «Тұлпар негізіне тартады». Негізіне тартқан тұлға көрдім. Ол менің марқұм досым Жарасқан Әбдіраштың тұңғышы Рүстем еді. «Осы фильм не болады?» деп қысылтаяң тұс тақаған кезде, Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек көмек бергенін, Министр Арыстанбек Мұхамедиұлы халыққа жеткізіп айтты. Өз ризашылығын білдірді. Халық үшін Министр мен әкімнің бірлесіп, жұмыс істегеніне риза болдық.

Фильмде аса айрықша сезіммен айтатын тұстар өте көп. Мәселен, адамзат санасындағы «көшпенділер» бейнесінің кинофильмдік таңғажайып графикасы. Сосын Керей мен Жәнібектен соңғы болашақ қазақ хандарының «Бұрындық, Қасым және т.б.) келешек кескін-кейіптері. Сосын, көшпелі халықтың көші-қон графикасын ерекше сезіммен айтуға болады. Ең қастерлісі – "Қазақ жаны", - дейді ақын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1358986-belgili-aqyn-almas-qylysh-filmi-zhayly/