Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Шымкентте бір түндік пәтер жағалаған қыздар көршілерге таңға дейін ұйқы бермейді (фото, видео)

Опубликовано:

Шымкентте Алматыдағы атышулы Саин көшесі секілді жын-ойнақ мекеніне айналған 8 шағынаудан тұрғындары пәтерін жалға берушілермен күресе-күресе шаршаған. Тіпті оған полиция қызметкерлерінің де құзыры жетпейді дейді. Неліктен?

 

«Ұйқыдағы аудан» атанып кеткен бұл мекенге NUR.KZ-тің өңірдегі тілшісі арнайы барып көрді.

Пәтерін тәулікке, тіпті сағатқа жалға беретіндер күн мен түнге қарамайды. Қолындағы кілтін айналдырып, жарнамасын жасап тұрады. Тіпті олар үшін аула не көше болсын, маңызды емес. Әйтеуір «клиент» табудың қамына кірісетіндер кейде өз араларында жанжалдасып та қалады екен. Ондай жайттарға тұрғындар куә. Қаншама мезі шықса да, олар шарасыз. Тыныштықты алатын бұл бизнесті дөңгелеткендер құзырлы мекемедегілерден айласын да асырып үйренген көрінеді.

Тәуліктік пәтерді көбіне жастар жалға алатынын айтқан тұрғындар олардың пәтер ішінде немен айналысатынын да жайып салды. Айтуларынша, бір сәттік ләззат алуға келетін жастар таңға дейін көршілеріне ұйқы бермейді.

«Мазамызды алады, әрине. Түннің бір уақытына дейін шулайды, бір-бірімен жанжалдасады. Қыз зорлау, адам өлтіру, тағысын тағы қылмыстардың көбі осы тәуліктік пәтерлерде орын алады. Шынымызды айтсақ, қас қарайса сыртқа  шығуға қорқамыз.  Екі немерем студент. Сабақтан келерде күтіп аламыз. Бұлармен (автор: пәтер берушілермен) жолдасым күресе-күресе шаршады. Өзі зейнеткер болса да, полицияға шағымданып, бармаған жері қалмады. Учаскелік полицейлер бірнеше уақыт күзетіп тұрғанымен кейін олар да «зытып» кетеді. Полицейлер торуылдап тұрғанда реттеліп қалғанымен, кеткен соң қайтадан басталады. Негізі бұл аудан жақсы емес. Өзіміз Созақ ауданынан келдік. Соңғы алты жылдан бері осындамыз. Немерелеріміздің оқуы үшін амалсыздан тұрып жатырмыз. Енді екі жылдан соң олар оқуды бітіреді, содан соң көшеміз ғой ауылға»,-деді 8 шағынауданының тұрғыны Тілеу есімді әжей.

Зейнеткер бұдан өзге пәтерін жалға берушілер келушілерді жеңіл жүрісті қыздарға да қарық қылып жүргенін ашына айтты.

«Суточный бәлелердің» қайсыбірін ұстап береміз полицияға. Жас қыздарды апарады да пәтерге тығып жібереді. Әлгі қыздар пәтер иелерімен бірлесе жұмыс істейді ғой» деп әңгімесін жалғады тұрғын.

Кейуананың сөзін шағынаудандағы туысына қонаққа келген Дана есімді бойжеткен де растады.

«Осында туыс әпкем тұрады. Кішкентай баласы болған соң жиі келіп тұрамын. Әпкем медицина саласында қызмет етеді, кейде түнгі кезекке түседі. Сондай кезде мен баласына қараймын. Осыдан 1-2 ай бұрын ғой деймін, әпкемді түнгі уақытта кенеттен жұмысына шақырып қалды. Үйіне келе жатсам аулада өтіп бара жатқан жігіттер «Қаншадан деп жатырсың?» деп сұрақты төтесінен қойып қалды. Шошып кеттім»,-деді бойжеткен.

Айта кетейік, осыдан 5-6 жыл бұрын шымкенттік жезөкшелер ашықтан-ашық көшеде тұрып, «клиент» жинайтын. Жүргізілген рейдтік шаралардан соң олар көзден таса болғанымен, қызметтерін тоқтатпаған.

Шымкенттегі тәуліктік пәтерлердің тұрақты бағасы жоқ. Мұнда көбіне жалға алушылар түнгі уақытта келіп, пәтерді таңертең босатады. Ал тәулік бойына жалдаймын десеңіз, бағасы қымбатырақ. Мәселен, пәтерді бір түнге алу құны - баспананың ахуалы мен пәтер бөлмесіне қарай 4000-8000 теңге аралығында. Тіпті кейде пәтер иесімен келісуге де болады екен.

Қалада тек бір ғана шаағынауданда емес, Айбергенов, Жангелдин көшелері мен теміржол вокзалы аумағы, тіпті 17, 18, «Теріскей» мөлтек аудандарына да «пәтер бизнесі» жетіп үлгерген. Айтпақшы, бизнесін дөңгелеткендердің барлығы бірдей пәтердің иелері емес. Солардың бірі – Әзеркүл Абдухаимова.

«Өзім осы ауданда тұрамын. Төрт пәтерді жалға берумен айналысамын. Олардың ешқайсысы өзімдікі емес. Иелерінен жалға алып, күніне осылай табыс тауып отырмын. Әйтпесе бір ғана зейнетақыммен өмір сүру қиын ғой. Ұлым студент. Сол оқуын бітіргенше осылай амалдай тұрамын», деген зейнеткер жалға алушыларды таңдап алатынын айтты.

Сөзіне сенсек, масаң күйдегі және қыздармен сайран салуға келетіндерді кіргізбеуге тырысады. Көбіне іссапармен келгендерге пәтерін өткізіп, тіпті құжаттарын да рәсімдеп береді.

Естеріңізге салсақ, былтыр сәуір айында шымкенттік 19 жастағы жеңіл жүрісті қыздың ашық әңгімесі жұрттың жағасын ұстатты. Теміржол вокзалы аумағына келген көліктердің біріне тап берген бойжеткен көлік иесімен өз қызметінің құпияларын қымсынбастан жайып салды. Тіпті өздеріне полиция қызметкерлері «крыша» болып отырғанын да айтып берген.

Тағы да оқыңыздар:

Алматылық оқушыны азаптап өлтіргендер оның әжесіне де қастандық жасамақ болған

Күдіктіні ауруханаға әкелген полицей лифтінің жертөлесіне құлап кетті

Универсиадаға келген спортшылардың көшін қытайлықтар бастады

Үй жануарларын сүю арқылы сіз қандай ауру жұқтырасыз?

Биылғы "Оскар" сыйлығы кімдерге бұйыруы мүмкін?

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1386580-shymkentte-bir-tundik-paterdi-zhaghalagh/

pixel