Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Көпшіліктің жүрегін елжіреткен атыраулық ғашықтардың махаббат хикаясы (фото)

Опубликовано:

Жастайынан ауыр дертке шалдығып, денсаулығы сыр берген Әнел ауруханадан көз ашпай өмір сүрді. Ал, оның жанында 7 жыл бойы Мәрлен есімді азамат болған. Ғашығы ауруханада жатса да, әрдайым қасынан табылған Мәрленнің Әнелге деген махаббаты осы күндері Қазнетті жаулап, халықтың сүйіспеншілігіне бөленді. Осы орайда, NUR.KZ порталы назарларыңызға атыраулық ғашықтардың хикаясын ұсынады.

Олардың бір-біріне деген махаббаты, өмірге деген құштарлығы мен болашаққа деген мол сенімі халықты тәнті етті. Сүйіктісінің 10 келілік құрылғысын көтеріп, ауруханада бірге қонып, 7 жыл бойы жанынан бір елі алшақтамаған Мәрлен Әнелге демеу болып, қолдау көрсетуден жалықпаған. 

Мына сурет көпшіліктің есінде болса керек, өйткені бұған дейін ауыр дертке шалдыққан сүйіктісін бір сәтке де тастамаған жігіттің махаббаты туралы әлеуметтік желілерде жарыса жарияланған болатын. Жұрттың жүрегін елжіреткен ғашықтар хикаясының басты кейіпкері Әнел порталымызға арнайы сұхбат берді.

"Екеуміз бір-бірімізді мектеп кезінен бастап білеміз. Өйткені, Мәрлен де, мен де Құлсары қаласындағы Д. Жазылбеков атындағы №16 мектепте білім алдық. Ол менен бір сынып төмен оқыған. Біз алғаш сөйлесіп жүрген кезде Мәрлен менің ауыратынымды білетін, бірақ, соған қарамастан әрдайым жанымда болды", - деп бастады әңгімесін Әнел.

"2009 жылдан бастап ауыр дертке шалдыққанымды білдім. 2010 жылы ең алғашқы ота жасалып, бір өкпемді алдыртып тастадым. Содан бері жыл сайын бірнеше рет ота жасатып келемін. Бір диагноздан соң келесі диагноз алмасып қойыла берді. Өте қатты әлсіреп, дем жетпей қалатын сәттер көп болды. Тыныс алу қиынға соққан соң кислородты баллонмен жүруге тура келді.  Оның салмағы өте ауыр болатын. Соны таға бастаған кезден бастап Мәрлен қасымнан бір елі де алыстамады. Қайда барса да бірге жүрді. Мен жаман нәрсе ойламасын деп әрдайым көңіл-күйімді көтеріп, қолынан келгеннің бәрін жасайтын. Ауруханада менің жанымда қонған кездері де аз емес", - деп ағынан жарылды бойжеткен.

Сондай-ақ, Әнел ең басты ауруын жеңіп шығуға көмектескен қарағандылық хирург Аманжол Алданұлы туралы да айта кетті.

- 2014 жылы жағдайым күрт нашарлап кетті, алайда, дәрігерлер аурудың емін таба алмады. 2009 жылдан бастап мені қарап келе жатқан хирург Темірбаев Аманжол постпульмоноэктомикалық синдром деген нақты диагноз қойып берді. Оған ота жасалып көрмеген еді Қазақстанда. Сондықтан, құжаттарымның бәрін жинап Мәскеуге жіберді. Біз, әрине бірден келістік. Өйткені, мен кислородпен жүрсем де өте қатты әлсіреп, төсек тартып жатып қалдым. Бірақ, ол жақтан жақсы хабар келмеді, өкінішке орай.

Алматыға Қытайдан келген профессор да үміт жоқ екенін айтып, еңсемізді түсірді. Әбден күдер үзілді деген кезде дәрігерім Аманжол Алданұлы хабарласып, өзі ота жасайтынын айтты. Кореяға барып, арнайы тәжірибе жинап келген ол менің диагнозым бойынша Қазақстандағы алғашқы отаны жасап, менің өміріме араша болды. 7 сағатқа созылған ота сәтті аяқталып, 7 күн жансақтау бөлімінде жаттым. Сол кезде Мәрленнің қолдауы маған көп көмектесті. Тұнжырап жүрген сәттерде "ештеңе ойлама, біз бәрін жеңіп шығамыз, қорықпа, бәрі жақсы болады" деп барынша демеу болды, - дейді ол.

- Тойға, қонаққа, кез-келген жерге барса да мені жанына тастамайтын Мәрлен талай рет бір қолына баллонды, екінші қолына мені көтеріп алып жүрді. Менің көңілімді аулау үшін Қазақстанның көптеген қалаларына апарып, қыдыртты. Екеуміз 7 жылдан бері бірнеше қызықты сәттерді бастан кешіріп келеміз. Арасында мұңайған кездерім де жиі болды, әрине. Бірақ, Мәрлен оның бәрін көрген түстей ұмыттырып жіберді.

- Студент кезімізде де алдында баллонды, артында мені арқалап жүрген күндері көп болды. Ешкімнен ұялмайтын. Қайта, керісінше мен қысылып қалмасын деп жанталасатын. Осы орайда, достарымыз да бізге қолдау білдірді. Сонымен қатар, ата-аналарымыз да екі жақтан демеу болды. Ол кісілерге айтар алғысымыз шексіз.

Өткен кезді елжірей еске алған Әнел болашақтағы жоспарларымен де бөлісті. Ес білгелі ауруханадан шықпағандықтан, ата-анасының жанында көп бола алмағанын алға тартқан ол тұрмыс құруға асықпайтынын жеткізді. Ол жағынан Мәрлен мен оның отбасы да түсіністік танытып отыр екен.

- Аллаға шүкір, қазір денсаулығым жақсы. Уақытымен қаралып тұрамын. Мәрлен жұмыс істеп жүр. Менің де болашақта өзім қалаған жұмысқа орналасатын ойым бар. Алдағы уақытта кітап жазу туралы жоспарымды жүзеге асырғым келеді. Бірақ, ол уақыттың еншісіндегі дүние. Отбасым аман болып, Мәрлен екеуміз бақытты болуымыз үшін қолымнан келгеннің бәрін жасаймын, - деп аяқтады әңгімесін кейіпкеріміз.

Өз кезегінде біз де жастарға бақыт тілеп, күллі қазақ елі болашақтарынан үміт күтетінін жеткіздік.

Суреттер әлеуметтік желіден алынды.

Материал ҚР заңымен қорғалған. Материалды көшіріп басуға және кез келген бөлігін алуға рұқсат етілмейді. 

Тағы оқыңыздар:

Назарбаев: Шымкент жақында миллион тұрғыны бар үшінші қалаға айналады

Петропавлда 24 жастағы құрылысшы жігіт 14 қабаттан құлап көз жұмды

Шымкентте бірден үш қылмыстық топ қолға түсті (фото)

Сәпиев: Қанат Ислам нокаутпен ұтады деп ойлаймын (видео)

Елбасы Германияның жаңа президентін Қазақстанға шақырды

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1408025-kopshiliktinh-zhuregin-elzhiretken-atyr/

pixel