Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Бейтаныс жігіт алып қашқан 17 жастағы бойжеткен күйеуінің соққысынан сәбиін жоғалтып алды (фото)

Опубликовано:

22 жастағы Айым өмірде талай қиындықтарды еңсерген. Оны 17 жасында бейтаныс жігіт алып қашып, соққыға жығып отырған. Салдарынан екі рет түсік тастаған бойжеткен тек үшінші мүмкіндігінде бала сүйді. Ал күйеуі оның көзінше көңілдесімен жүріп, енесі немересін қабылдаудан бас тартқан деп хабарлайды NUR.KZ.

Мені 17 жасымда бейтаныс адам алып қашты

"Талдықорғаннан Алматыға оқуға келдім. Бірінші курста құрбыларыммен қыдыруға шықтым. Сол кездесуде бейтаныс жігіт менімен таныспақ болды. Мен бас тарттым. Кейін такси ұстап жатқанымызда ол жігіт көлігімен бізге қайта келді.

Біз көлігіне отырмай, ұзақ тұрдық. Алайда, ол ақыры көндірді. Бәрін үйлеріне жеткізіп, ең соңында мені апаратын болды. Алайда бензинім таусылды деп  жанармай құю бекетіне тоқтады. Сол сәтте көлікке тағы бірнеше жігіт отыра кетті. Олар мені алып қашып жатқанын айтты.

Ол мені алып қашып, Қапшағайға әкетті. Мен ұзақ жылап, келіспеген едім. Алайда  мені алып қашқан жігіттің туыстарын анам таниды екен. Анам олардың жақсы адамдар екенін айтып, тұрмыста қалуға көндірді. Анам айтқасын, көндім. Анасын тыңдамайтын қыз бола ма?

Соққыға жыққаннан кейін балам өлі күйінде туылды

Күйеуім менімен құрдас болып шықты. Мен Алматыдағы оқуымды жалғастырып, күн сайын сабаққа кететінмін. Ол ішкілікке салынып, қатты қызғанатын болды. Күнде қоңырау шалып, мұғаліммен дәрісте отырғанымды растау үшін  фото жіберуді талап ететін.

Жүктілігімнің екінші айында біз ұрсысып қалдық. Ол мен көлікте ішімнен бір ұрды. Дәрігерлер баланы құтқаруға тырысты. Алайда ол өліп кетті. Ата-анасы түк болмаған кейіп танытты. Ол кезде анама ештеңе айтпадым.

Үш айдан кейін тағы жүкті болып қалдым. Дәрігерлер ұл болатынын айтты. Үйдегілер сол кезде қатты қуанған еді. Жүктілігімнің алтыншы айында күйеуім мені тағы да ұрып-соқты. Құрсағымдағы бала одан емес деп шу шығарды. Менен қан кетіп, тағы жедел жәрдем шақырдық.

Мерзімінен бұрын босанып қалдым. Алайда нәресте өлі күйінде дүниеге келді. Мен сене алмай ұзақ жыладым. Емханадан мені ешкім күтіп алмады. Үйге қалтамдағы 50 теңгемен өзім жеттім.

Тойдан кейін ұрлықшы деп жала жапты

Кейін мен күйеуімнің маған дейін өзге әйелмен көңіл жарастырғанын білдім. Алайда ол әйелдің өзгеден баласы болғасын, ата-анасы келін ретінде қабылдамай қойған. Нәтижесінде ол сүйіктісімен және ата-анасымен сөзге келіп, ақыры мені алып қашқан.

Ол әлгі әйелмен менің көз алдымда ойнас құратын. Менің көзімше оған хабарласып, ата-анасы үйде жоқ кезде үйге алып келетін. Бұл өмірге шыдай алмай одан кетіп қалып, анама бардым. Екі айдан кейін ол маған қайтып оралуымды өтініп келді. Анам ажырасқан ұят болады деп қайта баруға көндірді.

Бізге ақыры той жасап берді. Ол кезде мен жүктіліктің алтыншы айында едім. Той кезінде маған алтын сыйлап, көп ұзамай өздері ұрлап алды. Кейін менің өзімді ұры етті. Бірақ мен өз затымды өзімнен ұрлап қайтемін? Көп ұзамай күйеуімнің әпкесінің үйіне жөндеу жүргізуге бардық. Сол үйден ломбардтағы түбіртекті кездейсоқ тауып алдым.

Мен тағы түсік тастайтындай күйге түстім. Күйеуім сағат таңғы төртте үйге мас болып келді де, мені бетімнен ұра бастады. Тағы емханаға түстім, абырой болғанда, қызымды уақытылы босандым. Алайда ол дүниеге әлсіз болып келді, біз екі ай емханада жаттық.

Өгей әкем олармен бірге тұрғанымды қаламады

Балам алты айға толғанда анамнан мені алып кетуін өтіндім. Басымнан өткерген бар қиындықтарды айтқанымда, ол осы уақытқа дейін шыдап жүргеніме таң болды. Себебі, оған ешқашан үйдегі жайтты айтқан емеспін.

Кейін Алматыдағы "Аналар үйіне" кетуіме тура келді. Содан бері бір жылдай уақыт өтті. Мен неге ертерек кетіп қалмағаныма таңмын. Ойлап қарасам, ол менің түсік тастағанымды қалап, әдейі соққыға жығып отырған.

Бүгін ол әлгі әйелмен тұрып жатыр. Соған үйленбек. Оның анасы маған хабарласып, оларды айырылыстыруын, қайтып оралуымды сұрады. Бірақ мен бас тарттым. Сотқа бердім, енді ол маған айына 25 мың теңге алимент төлеп отыруы тиіс. Алайда анасы айына 15 мың теңгеден артық төлейметіндерін айтты.

Айтқанындай, айына тек 15 мыңнан ғана карточкама салып отырады. Оның  қарызы 250 мыңнан асты. Күйеуімнің кесірінен оқудан шығып қала жаздадым. Айырылысқаннан кейін екі ай өткенде ол университетке келіп, кафедраның әйнегі мен вазасын шағып кетті. Мені қуып шыққылары келді, алайда мен бәрін айтып бергесін, оны сотқа бермек болды. Алайда ол бар шығынды өтеп, іс жабылып қалды. Шілде айында дипломымды аламын.

Анаммен тұра алмаймын. Анам жесір қалған. Өзге ер адаммен бірге тұруға бел буды. Ал өгей әкем қызыммен бірге олардың үйінде тұрғанымды қаламайды. Енді анаммен сирек сөйлесетін болдым. Тек Жаңа жылда құттықтап хабарластым. Ол немересін көргісі келмейді.

Мені алып қашқанда сонда қалуыма көндірген анамды кінәлаймын. Өмірімнің күл талқаны шықты. Мен сол өмірге үйренісуге тырыстым, алайда оның отбасы мені қабылдамай қойды. Қазір өлі туылған сәбилерім үшін ішім удай ашиды. Егер болашақта қызымды да алып қашатын болса, мен оның сол жерде қалуына мүмкіндік бермеймін. Қайтарып аламын.

Тағы оқыңыздар:

Америкалықтар асырап алған қазақ баласы туған анасына толғанысын жеткізді (фото)

"Қазақ аруы" байқауында тұңғыш рет орыс қызы өнер көрсетпек (фото)

Еліміздің кейбір аймақтарында жауын-шашын күтіледі

Қазақ офицері БҰҰ медалімен марапатталды (фото)

Қазақстанда ауасы ең көп ластанған қай қала?

 

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1419635-beytanys-zhigit-alyp-qashqan-17-zhastaghy-bo/

pixel