Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ақтөбеде бір шаңырақтың астында 4 келін тату-тәтті тұрып жатыр (фото)

Опубликовано:

Ақтөбеде бір шаңырақтың астында күн кешіп жатқан отбасы бақыттың өмірдің құпиясын ашты деп хабарлайды өңірдегі NUR.KZ тілшісі.

Шаңырақтың отанасы Қарлығаш апай төрт келінін де қолында ұстап отыр. Апайдың сіңлісі де баласымен бірге осы үйде тұрады екен.

«Шалым бар. Мал дәрігері болып зейнетке шықты. Қазір баласын ертіп, ауылдан мал әкелуге кетті. Алмагүл, Айман, Жақсылық, Бейбіт, Рүстем –Дастан есімді алты бала өсірдім. Соңғысы егіз. Үлкен қызым тұрмыста, төрт баласы бар» ,- дейді Қарлығаш Төлегенова.

Отбасы Ақтөбеге Арал қаласынан көшіп келген.

«Балалармен Аралдан бастап бірге тұрамыз. Екі келінмен он жылдан кем тұрған жоқпын. Ыстығымызда да, суығымызда да бірге болдық. Ақтөбеге келгенімізге 3 жыл болды. 2013 жылы үй салып, Атырауда жүрген екі баланы осында шақырттық. Сіңілімнің балалары да менің қолымда, осында оқиды.

Арасында қонағымыз бар. Аралдан келгендер болса үйге қондырамыз. Балаларымның бәрі институт бітірген. Әрқайсысы шаруаларын жасап жүр. Екі-үш балалары бар. Арбада отырса да Айманым оқуға түсіп, сырттай бітірді», - дейді Қарлығаш ана.

Алтыбақанның астында қалып, мүгедек болған қыздың тағдыры

Қарлығаш апай екінші қызының қалай мүгедек болғанын айтып берді.

«Айманымның дені сау болып туылды. 1 мамырда ауылда концерт қарап тұрғанында үстіне алтыбақан құлап, мүгедек болып қалды. Ол кезде 10 жаста. 1993 жылы түскі сағат 12:20 да үйге әкелді. Уақытына дейін ұмытқан жоқпын. Осы қызды емдетемін деп бес жыл далада жүрдім. Ақша біткенде ауылға келіп сауда жасап, айлап жатып емдететін едім. Сол кез аласапыран уақыт. Үкіметтен көмек болған жоқ. 2011 жылы Астана қаласында ота жасап, қызым жақсарды. Тоғыз жыл жазылмаған жараны емдеп берді», - дейді анасы.

Айман ешкімге масыл болмай, мемлекеттік бағдарламамен жұмысқа кірді. Өзі үш тілді жетік меңгерген.

«Жұмысқа кіргеннен кейін бөпелі болды. Астанаға барып босандырып әкелдім. Қыз қайда болса сонда жүремін. Қызымды аяғынан тұрғызамын деп бармаған жерім жоқ. Сол кездегі арқалаған бейнетімді қазір қайтарып отыр. Шүкір, балаларым рахатын көрсетіп жатыр.

Ақтөбеге де Айманның арқасында келдік. Ол қызы ауырған соң емдетемін деп осында алып келді. Оны мында жалғыз жібере алмай, бәріміз көштік. Енді Айманыма бір үй алып беріп, қызын жеткізіп кету арманым. Темірден жаралған жоқпын. Артыма алаңдамай кетер едім. Қызын жеткізсем, қолы мен аяғы болар еді», - дейді Қарлығыш апа.

Айман бауырларына бас болып отырса да оларды қорғаны санайды

«Інілерім жиналып, 400 мыңға автоматты түрде жүретін арба алып берді. «Бірге тұрайық» деген сөзімді тастамай, Атырауда жұмыс жасап жүрген екі інім де үйге келді», - дейді Айман Бисенова.

 

 

«Тамақты бір табақтан жесең берекеті, ауызбіршілігі болады»

«Біздің кезімізде тамақты жеке ыдысқа салып бермейтін еді. Бір табақтан жесең берекеті, ауызбіршілігі бар дейтін. Біз де солай табақты ортаға қоямыз. Дастархан басында бірге отырып, бірге жейміз», - дейді аналары.

Отбасының үлкені шағын кәсіппен айналысады, екіншісі полиция қызметкері, егіздердің бірі ұшқыштар дайындайтын ЖОО-ның қызметкері болса, екіншісі үйдің шаруасымен Арал мен екі ортада газель айдайды.

Әжелері үйдегі балабақшаның бастығы

Дастархан басында әрқайсының өз орны бар. Ата-анасы, ер балалар, келіндер әркім өз орнын біледі. Немеренің үлкені - 2 сынып оқушысы.

«Менің балаларымның нөмірі «крутой». 2013, 2014, 2015 жылы туылған. Бірінші үйленген сыңарыма кейін үйленсем де жетіп алдым», - дейді күліп егіздің сыңары.

«Мен үйдегі балабақшаның бастығымын. Оларды «тәйт» деп қайырып отыратын да - мен. Менен ғана сескенеді. Балалардың бәрі әкелеріне жақын. Әкелері де, аталары да балажан. Жағдайымыз осылай.

Өзім ата-енемді бақтым. Жолдасым үйінің үлкені болатын. Қайынінілерімді үйлендіріп, солармен бірге тұрдым. Біреуімен жеті, екіншісімен бес жыл бірге тұрдық. Жаман болған жоқпыз», - дейді Қарлығаш апай.

Бір үйдің төрт келіні әр облыстан

«Әр келінім әр облыстан. Олар да бір үйдің баласындай үйреніп кетті. Наурыз көжені де әрқайсысы әртүрлі жасайды. Біздің үйдегі үлкен мереке - наурыз.

«Келіндеріңнің бәрін қалай ұстап отырсың» деп жұрт қызығады. Бұл менің ғана жұмысым емес, келіндерімнің де өз ауызбіршілігі бар. Бәрі де тәтесінің айтқанын тыңдайды. Санаспайды, бос болғаны шаруасын жасай береді.

Мұсылмандық жолмен үйде намаз оқимыз. Ораза уақытында отбасымызбен ауыз бекітеміз», - дейді отанасы.

Қазақ шаңырағында келіннің ат қою дәстүрі жоғалмаған

«Қайындарымның бәріне ат қойдым, үлкенін - Мырза бала, кішісін - Төребала деп атаймын. Төреш, Мырзаш деп еркелетіміз. Осы шаңыраққа түскеніме екі жыл болды. Ренжісіп көрген емеспіз. Жұмысты бір бірімізге міндеттеп қоймаймыз. Осында келерде көпбалалы отбасы болатыныңды білдім, еш қорқыныш болған жоқ. Біздің татулығымыз мінез үйлестігімізге де байланысты шығар», - дейді екінші келін.

«Талдықорған қаласының қызымын. Қызылордаға келін болып түскеннен кейін сол жақтың дәстүрімен үлкен абысындарымды жеңге деп атаймын. Тәтелеріміздің де атын айтпай, оларды Ақтәте, Жантәте деп атаймын. Бес жылдан бері бетімізге қарап қатты сөз айтып көрген емепіз. Ренжімеуге, ренжітпеуге тырысамыз», - дейді кіші келін.

Үлкен шаңырақта Қарақат пен Сәкен де бар

«Бала туғанда ат қоюға таласады. Көбіне Айман қояды. Айманның қызы мен үлкен келінім босанғанда атын өзім қойдым. Сол кезде түс көрдім. Әнші Қарақат пен Сәкен маған тойлық әкеліп берді. Екі пакет кәмпит әкелді. Соған ырымдап балалардың атын Қарақат пен Сәкен деп қойдым. Болашақта жайлап, кішкентайлары өскен соң балаларымды бөлек шығарамын», - дейді Қарлығаш Төлегенова.

Тағы оқыңыздар:

Ер адам 50 раушан гүлін ұрлап кетіп, бейтаныс әйелдерге сыйлаған

Қостанай тұрғыны оқу меңгерушісін ұлымды ұрды деп айыптады

Малайзиялық отбасы 20 жетім баланы асырап алды (видео)

Мұхтар Әблязов сырттай сотталуы мүмкін

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1431868-aqtobede-bir-shanhyraqtynh-astynda-4-keli/

pixel