Ата-аналар оқушылар қатысатын қосымша үйірмелердің қымбаттығынан шошып отыр
Жарияланған күні:
Бала кезде оқығанымызды тез әрі жеңіл жаттап, үйренген нәрсемізді өмір бойы ұмытпайтынымыз рас. Балалар естіген-көргенін көңіліне тез тоқып алады. Сондықтан олардың қызығушылығын дамытып, шығармашылық қабілетін қолдауды жастайынан қолға алған жөн. Бұл тұрғыда алматылық мектеп жасындағы ұл-қыздар «не үйренемін, не оқимын?» демейді. Бұл қалада сабақтан тыс үйірменің бәрі бар. Бірақ олардың құны қарапайым ата-ананың қалтасына қаншалықты шақ келеді?
Алматылық Айтолқын Күзербай бір балаға сабақтан тыс білім беру үшін айына кем дегенде 30 мың теңге кететінін айтады. Ал балаға толыққанды қосымша білім беру орта есеппен бір айға 75 мың теңгеге айналатынын алға тартып отыр.
«Екінші сынып оқитын ұлымды түрлі үйірмелерге, дамыту сабақтарына қатыстырғанды жөн санадым. Ең алдымен баламның бойындағы қабілетті анықтап алу үшін оны спорттық және музыка үйірмелеріне бердім. Баламның толыққанды білім алуы үшін айына 75 мың кетеді. Домбыраға – 12 мың, ағылшын тілі курсына – 12 мың, сурет үйірмесі - 7 мың, міне, тек осы базалық қосымша білім берудің өзі 30 мың теңгеге шығып отыр. Ал, шахмат немесе басқа да спорттық секцияға қатыссақ, тағы қымбат», - дейді Айтолқын.
Талғар қаласының тұрғыны Марфуға Мұқашева екі бала тәрбиелеп отыр. Жолдасы уақытша жұмыссыз. Сондықтан, ұл-қызын ақылы үйірмелер мен секцияларға жіберуге шамасы жоқ. Аналарының айтуынша, олар сабақтан кейінгі уақыттарын бос ойынмен өткізіп жатыр.
«Сабақтан кейін олар көбінесе теледидар немесе компьютердің алдында отырады. Бұрын қатысып жүрген бес мың теңгелік секцияға да бара алмай қалдық. Үйде бір өзім жұмыс істеймін. Менің айлығым пәтерақы мен азық-түлікке әрең жетеді», - дейді ол.
Кей ата-ана баласының бос уақытын қосымша шығынсыз тиімді ұйымдастыра алып жүр. Олар көбінесе қала орталығында тұратын отбасылар.
«Алматыда тұрғанымыздың бір пайдасы - қалада тегін үйірме-секциялар көп. Менің балаларым оқушылар үйінде тегін үйірмелерге қатысады. Биі, шахматы, живописі бар. Ақылы үйрмелер отбасылық бюджетке кәдімгідей салмақ салады. Мысалы, бұрын ұлымның гимнастикасына жеті мың шығаратынмын, қазір ол он екі мың болып кетіпті. Ал бір үйде екі-үш бала болса, онда тіпті қиын», - дейді екі баланың анасы Гүлзира Қайырбекова.
Елімізде баланы дамыту орталықтарының және оған барып жүрген оқушылардың статистикасы жүргізілмейді. Шалғайдағы аудандарда тұратын оқушы қыз-жігіттердің бос уақытын қалай өткізіп жатқаны туралы мәлімет жоқ. Ал нарықта жекеменшік ақылы дамыту орталықтары көбейе бастады. Бірақ оған бәрінің бірдей қолы жетпейді.
Кей қазақстандықтардың ойынша, мемлекет оқушыларға қосымша білім беретін бұрынғы мекемелерді қайта қалпына келтіруді жартылай қаржыландырса, ата –ана қалтасына едәуір жеңіл тиетін еді.
«Мұндай жүйе өте ыңғайлы болар еді, сол кезде жұмыс істейтін ата-аналар балаларының сабақтан кейін көшеде тентіреп не болмаса компьютерге телміріп уақыт өткізетініне бола бас қатырмайтын еді», - дейді Гүлзира Қайырбекова.
Қалалық ата-аналар балаларын жан-жақты дамытуға көп мән береді. Олар балаларын музыка, би, жүзу, шахмат, сурет өнері, футбол сияқты түрлі үйірмелер мен секцияларға сүйрейді. Ауылды жерлерде бұрынғы кеңестік дәуірден келе жатқан мәдени ошақтар саны айтарлықтай азайып қалған.
Белгілі болғандай, елімізде балаға қосымша білім беру үшін айлығыңыз орташа жалақыдан жоғары болуы тиіс екен.
Ұлттық экономика министрлігі таратқан ақпаратқа сәйкес 2016 жылдың шілде айында ол 143 мың 650 теңгені құраған.
Тағы оқыңыздар:
Ақтөбелік бойжеткен 49 жастағы анасына екінші өмір сыйлады (фото)
Қарағандыда ұлы пышақтап өлтірген әйел туралы көршілері айтып берді
Семейде суға кеткен баланың мүрдесін құтқарушылардан бұрын туыстары тапқан
Дәрігерлер атауы өзгертілген көшені іздеп жүргенде сырқат сәби өліп қала жаздады
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1433652-ata-analar-balagha-qosymsha-bilim-berud/