Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Жас келіннің артынан бір сандық киім әкелуді бұйырған құдағи көпшіліктің ашуын келтірді

Опубликовано:

Қыздың жасауы ұзатылардағы ең үлкен мәселенің бірі. Қызы барған жерінде абыройлы болуы үшін ата-ананың әжептеуір тер төгетіні рас. Бұл жолы еліміздің кей өңірлерінде ұстанып, қайсыбірінде міндетті деп саналмайтын салт - қыздың артынан киімін апару сөз болмақ. Осы салт көбінесе оңтүстік облыстарда кең таралған.

Қызылордамен құдандалы болған Әйгерімнің ата-анасы қызға киім апару туралы тойға санаулы күндер қалғанда ғана білген. Алматы облысының тұрғындары қызының көңілі үшін амалы жоқтан киім әкелуге келісім бергендерін айтады. Әйгерімнің айтуынша, ата-анасының осылайша келісуіне құдағиының ауыр сөздері әсер етіпті.

«Қызылордаға мен осыдан үш жыл бұрын келін болып түстім. Төсек-орнымды беретін кезде енем: «Біздің жақта қыздың киімін бірге әкеледі», - деді. Басында үйдегі киім-кешегімді әкелер деп аса мән бермегенмін, кейін абысындарымнан сұрастырып білсем, жасауға жап-жаңа, төрт мезгілдің киімін әкелу керек екен. Оның ішінде аяқ киім мен іш киім, шубаға дейін бар. Ол аздай бәрі жап-жаңа, этикеткасымен болуы тиіс. Шынын айтсам, сол уақытқа дейін мұндай дәстүр барын естімеген едім.  Қойшы деп қолды бір сілтейін десем, бұл жақта қыздың жасауына баға беріп, қатты қарайды екен. Өзім жағдайы төмендеу отбасының қызымын. Амал жоқ анама жасауымнан бөлек, артымнан киім әкелу керек екенсіздер дедім.

Анам қыз беріп отырғанын, біздің жақта ондай салттың жоқ екенін айтты.  «Мен өз дәстүріммен барамын», - деп келіспеді. Енеме айтқанымда, ол кісі: «Бізді масқара қылмасын, бір киіміңді әкеле алмайтындай бейшара емес шығар»,- деді. Cол сөздерден кейін мен қатты намыстанып кеттім. Оны естіген әкем ашуға булығып, киімімді әкелетін болып шешті. Осылай төсек-орным, ыдыс-аяғым, көрпе-жастығым аздай, маған енді анам киім-кешек алды. Өзім Қызылордада жүрдім. Анам мен әпкем керек деген төрт мезгіл киімді көтеріп келді. Жасауымды ашқанда әйелдер бәрін ашып-шашып, этикеткасына дейін қарады»,- дейді таңғалған келіншек.

«Бұл не деген жабайылық?! Жарайды, қызыңды бағып-қағып бер, оқыт, тәрбиеле, ұзату тойын жаса, көрпе-төсегін апар, ол аздай келіп төрт маусымға киімін апарасың, этикеткасына дейін тексеріп өткізесің. Біреулер үшін бұл жақсы шығар. Бірақ, жағдайы орташа отбасы үшін нағыз шығынның көкесі дер едім. Төрт маусымға ең аз деген киімнің өзіне кемінде екі жүз мың керек. Бұл ең минималды баға. Оның үстіне қыздың киімі көп», - дейді ол.

Бұл салтты қисынсыз дейтін шымкенттіктер де бар екен.

ОҚО тұрғыны Алтынай Нәбиева ата-анасы артынан әкелген бар киімді сатып жіберген.

«Маған әкелген киімді тек құдалар жағына көрсету үшін алып келгенбіз. Оған кеткен ақша текке ысырап дер едім. Киімдерді анам екеуміз базардан бірге екі-үш сағаттың ішінде аралап жүріп алып шықтық. Ол киімдерді кимейтінім о бастан белгілі болды. Өйткені нағыз өзіңе ұнайтын тонды жүз мыңға таппайсың. Одан бөлек түрлі көйлек, төрт мезгілге аяқ киімің бар. Сондықтан арзан бағадағы киім-кешекті апарып көрсете салды. Кейін бәрі өткен соң, этикаткасы жұлынбаған бар киімімді шетінен сатып тастадым. Оның ішінде түлкі терісінен тігілген тон,  төрт мезгілдік аяқ-киім де бар», - дейді Алтынай.

Дегенмен кей жерлерде бұрыннан келе жатқан бұл  жоралғыны қолдайтындар көп. Қыздың артынан төрт мезгілдің киімін апарған дұрыс па? Сіз қалай ойлайсыз?

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1457912-zhas-kelinninh-artynan-bir-sandyq-kiim/