Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

ШҚО-да қайнысына тұрмысқа шыққан келіншек азапты күндерін баяндады

Жарияланған күні:

Қазақ салттарының бірі - әмеңгерлік. Яғни күйеуі қаза болып, жесір қалған әйелді қайнысына немесе жұбайының ең жақындарына тұрмысқа беру. Бұл көнеден келе жатқан дәстүрді ШҚО-ның тұрғыны Бану есімді келіншек те басынан өткеріпті деп хабарлайды өңірдегі NUR.KZ тілшісі.

Айтуынша, күйеуі жол апатынан көз жұмған, сондықтан әулеттегі үлкен кісілер үш баланы жетімсіретпей туған қайнысына тұрмысқа берген.

"2010 жылы жолдасым кенеттен қайтыс болды. Ол кезде тұңғышымыз төрт жаста, екіншім үш жаста болатын. Кенже балама аяғым ауыр еді. Отағасының қырқын өткергеннен кейін, үйдегі апамыз қайныма тұрмысқа шығуымды өтінді. Бар ойы балалар жатбауыр болып, жетімсіремесін деді. Мен бұған басында көнбедім. Өздері қайнымды да маған үйленуге үгіттеп қойған. Ол да өмірі үйленбеген. Жолдасымнан бар болғаны үш жас кішкентай. Не керек. Бір күні енем үйге анамды шақыртты. Екеуі бізді орталарына алып, туған анам әңгіме бастады.

"Қызым, тірі адам тіршілігін жасайды. Енді күйеуің қайтып келмейтіні белгілі. Сен тұрмысқа шығуың керек. Қайныңмен бас қосқаныңды қалаймын деді", - дейді Бану.

Осылайша, үлкендердің қалауын жерге тастамаған әйел қайнысына тұрмысқа шыққан. Алайда кезінде мінезі жуас жігіттен жуан шығады деген оның үш ұйықтаса да түсіне кірмепті. "Бір жастықты бөліспек тұрмақ, бір бөлмеге сыймайтын болдық", -  дейді келіншек.

"Арада 6 ай өткенде үшіншімді босандым. Дәл сол кезде енем қайтыс болды. Әңгіме содан басталды. Бұрын ішімдіктен татып алмаған қайным ауыл азаматтарына қосылып, аузы арақтан құрғамайтынға айналды. Күнде тойып келіп, "тегін концерт" қоятын болды. Жанжалды өзі бастайды. Жатсақ та,тұрсақ та айтатыны бір нәрсе. Маған: "ағамды сен өлтірдің. Туған ұлың шешемді жалмады. Сенімен тұрғым келмейді", - дейді. Құзғындарыңды ертте көзіңді құрт дей берді», - дейді тегін атамауды жөн санаған кейіпкер.

Бірақ, Банудың анасы мен ағалары алғашында қыздарының қайтып келгенін қаламаған. Олар не болса да тағдырдың жазуына төзуін талап етіпті. Сондықтан барлығы күйеу балаларының сөзін сөйлеп келген.

«Жақындарымды көрсем, шыдамай жылап жіберемін. Олар маған өлсең осы үйден сүйегіңді де алмаймыз деп ұрсатын. Бір күні таңертең ерте тұрып қазіргі күйеуіммен тілдесуді жөн санадым. Өзі қасыма да жатпайтын. Бөлек қонақ бөлмесін паналап жүрді. Жайлап қасына бардым. Ойымда жүрген сөздің бірін ашық айттым. Сонда мені сүймейтіндігін және кешке өзі келгенше үйден кетіуімді сұрады. Ал мен балаларыммен қайда барамын? Туғандарым есігінен аттатпайды.

Амалсыз үйде қалдым. Түнгі сағат 11-де есікті қақты. Ашсам қасында бір әйел бар. "Бану шай қойып, бізге төсек сал" деп бұйырды. Бәрін істедім. Бір мезетте "жетімдеріңді ал да көзіңді құрт. Тез киім-кешегіңді жина да шық. Енді маған жолама деп" үйден шығарып есікті құлыптап алды. Сол күні көрші-қолаңның үйіне баруға ұялып, сиыр қорада түнедік. Ертеңінде үлкен ағама қоңырау шалып, бәрін айттым. Бірге туғаным ғой, келді де жинап әкетті», - дейді Бану.

Қазір Бану бала-шағасымен анасының қолында тұрып жатқан көрінеді. Кейіпкеріміз дамыған заманда әмеңгерліктің қажеті шамалы екендігіне көз жеткізіпті. Сондықтан, өзі сияқты жесір қалған келіншектерге көне салтпен тұрмыс құрмауға кеңес береді.

Бұл жаңалықты Whatsapp арқылы немесе әлеуметтік желіде бөлісіңіз

⇓⇓⇓

Тағы оқыңыздар:

Тәжікстан президенті 29 жастағы ұлын Душанбенің мэрі етіп тағайындады

Иракта "Ислам мемлекеті" көшбасшыларының тағы бірі өлтірілді

Ақмола облысында мүгедек жігіт ашық тұрған құдыққа құлап кетті

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1469971-shqo-da-qaynysyna-turmysqa-shyqqan-keli/