Жанельдің еміне ақша жинаған белсенді джип мініп, дүркіретіп той тойлап жүр
Жарияланған күні:
Қызына ота жасалғаннан кейін бірнеше ай хабарсыз кеткен Ақмарал Жақсылықова NUR.KZ порталының редакциясына хабарласып, өз позициясын білдірді.
Ақмарал Жақсылықова бірнеше ай бойы бұқаралық ақпарат құралдарына шықпай жүрген. Оның себебін келіншек ота жасатқан қызына күтім жасап, жанында болуымен түсіндірді.
«Мені Мәулен деген жігіт жан-жақта, интернетте қаралап, ақшаны қайтар деп, неше түрліні айтыпты. Мен соған жауап берейін деп келдім», - дейді Ақмарал Жақсылықова.
Осыған дейін отандық басылымдарда Жәнелдің еміне деп еріктілер тобының жинаған қаржысына Ақмарал Жақсылықованың Алматыдан пәтер сатып алғаны туралы ақпарат тараған болатын. Жәнелдің анасы бұл сөзді жоққа шығарды.
«Ешқандай үй алынған жоқ. Менің атымда да үй жоқ. Оны өздері шығарып алған. Дәлелденбеген. Ол ақша - қызымның, Жанеляның еміне арналған халықтың берген көмегі. Қызыма жұмсау үшін халықтан көмек сұраған болатынбыз. Соны ары қарай да жұмсап жатырмын», - дейді ол.
Еске сала кетсек, «Қайырымды жандар» еріктілер тобы Жәнелге отаның тегін жасалғаны және донордың жақын туысы болғанын ескере отырып, жиналған 12 миллион теңгенің есебін сұраған. Еріктілер тобы жетекшісі Мәулен Алғазы Жәнелдің анасы донор болатын адамды мүлде жасырын ұстағанын айтқан еді.
Өз кезегінде Ақмарал Жақсылықова донорды, яғни, қайын інісін расында да ота жасалғанға дейін жасырғанын мойындап отыр.
«Донорды танымаймын деген ешқандай әңгіме болған жоқ. Өтірік айтпасын. Донор болуға ниет еткен қыздар да, жігіттер де болды. Көбінің қан тобы қызыма сәйкес келмей жатты. Қайным да бірден берем (бүйрегін – ред.) деген жоқ. Ол кісі (қайын інісі Бақтияр Жылқыбаев – ред.) менімен бұл туралы сөйлескен жоқ. Өзінің ағасына: «Жанелдің қан тобы менімен сәйкес келеді екен. Мен берейін», - депті. Ағасы, яғни, менің күйеуім оған ойлан деген.
Ол: «Ертең әңгіме болып жүрмесін, әпкелеріміз, анамыз ренжіп жүрмесін маған. Сен өз еркіңмен берейін деп жатсың ба?», - деп сұрады. Қайным өз еркімен беретінін айтқан», - деп мәлімдеді Ақмарал Жақсылықова.
Жәнелдің ата-анасы өздерінің қазіргі таңда некеде емес екенін жеткізді. Ақмарал Жақсылықованың айтуынша, күйеуі расымен де ішімдік ұрттаса қызуқанды, арқасы бар. Ал дәрігерлер ота жасатып шыққан Жәнелге тыныштық керек екенін айтқан. Сондықтан ажырасыпты.
Алайда, Жәнелдің әкесі Данияр қызын ай сайын тапсыратын қан талдауына өз көлігімен тасып, барынша отбасына көмектесіп жүргенін алға тартты. Жәнелдің ата-анасы қайырымды жандарға еш өкпесі жоқ екенін, тек сол топты бастап жүрген Мәулен Алғазыны жаратпайтындарын білдірді.
«Қайырымды жандар бізден отаның квотамен тегін өткенін, донордың туған інім болғанын желеу етіп, 12 миллионды қайтарып бер деп отыр. Ал енді сол еріктілердің жетекшісі Мәулен менің інімді қасына ертіп алып, мен саған ақша алып берем деп жүр. Ауылдағы анама алтын сырға тақты. Арты қуыс болмаса, солай істер ме еді? Сөйтіп бізді сотқа бергізді », - дейді Данияр Жылқыбаев.
«Қайырымды жандар» еріктілер тобының есеп беру туралы талабын Жәнелдің анасы ішінара орындапты.
«2 жарым миллион теңгенің есебі берілді. Өткенде азаматтық сот болды. Екінші процессте олар есеп бергенімізді мойындап отыр. Қазіргі таңда қалған ақшасы жаратылып жатыр. Қызым қазір Ақсай ауруханасында. Лейкоциті төмендеп кеткен. Жатқанына он күн болды. Бүйрек салғаннан кейін шауып кетеді дегенге ешкім 100 пайыз кепілдік бере алмайды. Киімі бар, дәрісі бар, әйтеуір бәрі ақша ғой. Менің қызым қазір шыны сияқты, сындырып алмау керек. Тұмауратып қалған жағдайда бүйрегін ағзасы қабылдамай қоюы мүмкін. Ақшаның алты миллионы қалды», - дейді қаржының қайда жұмсалып жатқанынан хабардар еткен Жәнелдің әкесі.
Анасының айтуынша, Жәнелге дәріні мемлекет тегін беріп жатыр.
«Үкімет дәріні тегін беріп жатыр. Ота тегін жасалды. Бірақ ақша майда- шүйдесіне кетіп жатыр. Ота жасалмай тұрып дайындалуы да, одан кейін де күтіміне ақша жұмсалды. Апта сайын 80-90 мыңдап кетіп жатыр. 12 миллионды бас кезде Израильге барамыз деп жинадық. Ал енді неге мен қызыма жиналған ақшаны алмаймын?! Қызым өмір бақи мүгедек. Ақша маған өте қажет. Мен оны ары қарай да жұмсаймын. Ақшаны қайтармаймын!», - дейді ол үзілді-кесілді.
Жәнелдің ата-анасы еріктілер тобымен арадағы келісім шартқа қол қоюда өздерінің алданып қалғанын жеткізді. Ақмарал Жақсылықованың айтуынша, Мәулен Алғазы оның орыс тіліне шорқақтығын пайдаланып, алдап қол қойғызып алған.
«Мәулен деген кісі кезінде әйелімнің орысша мүлде түсінбейтінін пайдаланып, қол қойғызып алды. Ақмарал жиналған қаржыны ала алмай жүрген. Өйткені Мәулен шотты өз атына ашып алды. Бұл кісі аналық көз жасымен «Жан жылуы» бағдарламасына, 31 арнаға, Алматы арнасына барып, көмек сұраған. Көмек берілетініне Мәуленнің көзі жетіп тұрды. Телевидениеге шыққан нәрсені алды да инстаграмға сала салды. Әйелімнің көз жасын пайдаланып, ақша жасап отыр», - дейді Данияр Жылқыбаев.
Ақмарал Жақсылықова соңғы екі ай бойы еріктілер тобын бастап жүрген Мәулен Алғазыдан қорлық көріп келе жатқанын айтады.
«Ол кісінің маған екі ай бойы не істегенін айтайын. Оны халық білмейді. Маулен халықты «Мен Жәнелдің туған ағасымын» деп алдаған. Маған жұрт осыны айтып хабарласа бастады. Ол қандай туған ағасы? Мен оған рұқсат берген жоқпын. Маған айтпаған сөздері жоқ. «Жер бетінде жүргізбейтін қылам» деді. Ақшаны сұрау үшін оның маған көрсетпеген қорлығы жоқ. Бір күні біз жоқта үйге келіп, ақтарып-төңкеріп кеткен. Диванда жатқан қызымның хәлін де сұрамаған. Содан үйден шығып бара жатқан жерінен жолықтырып қалдық. Сонда ол менің жолдасыма «Әйелің ақшаның есебін бермесе, соттатамын. Менің адамдарым көп. 250 студентіме айтсам, сені жерден алып жерге салып жамандайды»,- деп қорқытты. Маған телефон шалып, тағы бүйрек керек пе деп біреулер мазақтайтынды шығарды», - дейді Ақмарал Жақсылықова.
Осылайша Жәнелдің ата-анасы еріктілер тобының жетекшісі Мәулен Алғазының үстінен шағым түсірді.
«Мәуленді сотқа беріп отырған себебіміз, ол еш жерде тіркелмеген. Қайырымдылық қоры деп шот ашып алған, бірақ салық төлемейді. Аналардың көз жасын пайдаланып, ақша тауып жүр. Қазір ол 1 миллион 200 мың теңгеге адвокат жалдап алыпты. Оны біздің адвокаттан естідім. Ақшасы болғасын адвокат жалдап отыр ғой. Өзі еш жерде жұмыс істемейді. Біз қайғырып жатқанда ол отыз жасын тойлады. Астында джип көлігі. Нағыз коррупционер, нағыз мошенник сол. Бізге қағазын көрсетпеді. Мүмкін менің қызыма 12 миллион емес, 17 миллион жиналған шығар?! Соны тексерсін деп салық басқармасына шағымдандық. Үйімізге түнделетіп келіп ақтарғаны үшін, әйелімді балағаттағаны үшін, заңсыз тексергені үшін ішкі істер департаментіне де бердік. Прокуратураға да жаздық. Он күннің ішінде жауабын береді. Алаяқтықпен айналысып жүрген нағыз сол адам. Еш жерде тіркелмеген. Әшейін жап-жас студенттерді пайдаланып, күнін соған көріп жүрген біреу», - дейді Жәнелдің әкесі Данияр Жылқыбаев.
Ақмарал Жақсылықова да оны растап отыр.
Жәнелдің отадан кейінгі жағдайын анасы Ақмарал айтып берді.
«Қызым ота жасалғаннан кейін жүгіріп кеткен жоқ. Өте қатты күтім қажет. Диетада отырады, 9 мезгіл дәрі ішеді. Уақытылы тамағын дайындап беруім керек. Сағат сайын дәрісі бар. Бөлмесінде бірде-бір инфекция болмау керек. Тұмау жұқса бүйрек кез келген уақытта жұмысын тоқтатады. Мен барлығын қадағалап отырмасам, кім қарайды? Қызым бес қадам да жүре алмайды. Көтеріп жүреміз. Мен қазір 4 сағат жұмыс істеймін. Бастығыма рахмет. Сол төрт сағат арасында қызыма қарап үлгеруге тырысам. Жұмыс істемей-ақ қояйын десем, бізге де ақша керек. Пәтер жалдап тұрамыз, басқа да балаларым бар. Ал Жанеляның ақшасын тек өзіне жұмсауым керек», - дейді Жәнелдің анасы.
Ақмарал Жақсылықова күйеуінің бұрын құмар ойынға әуес болғанын, қайнысының да сондайға жақын екенін, әлі күнге сол жаман әдетті тастай алмай жүргенін ала тартады. Оның сөзінше, қайнысы Бақтияр алған несиелерін құмар ойнына салып тастаған.
Сондай-ақ, Ақмарал Жақсылықованың айтуынша, донор болған қайнысы Бақтияр Жылқыбаевтың кезінде құмар ойынға салу үшін кредит алып, оны өтей алмаған. Тығырықтан шығу үшін әйелімен үйленгенде оның пәк еместігін туыстарына айтпауға уәде берген. Есесіне әйелі оның кредиттерін жауып беруге өзара келіскен. Осы арада Ақмарал Жақсылықованың күйеуі оның жеке мәселе екенін айтып, тоқтау салды.
Жәнелдің әкесі қазіргі таңда інісінен беті қайтып қалғанын жеткізді. Айтуынша, қарындасына бүйрегін берген Бақтияр Жылқыбаев одан соңғы рет елу мың теңге сұрап хабарласқан.
«Ініме көмектесем, екі жұмыс істесем де деп жүргенмін. Әйелімді сотқа бергеннен кейін одан көңілім қайтып қалды. Қазір сөйлескім де келмейді. Өткенде маған елу мың теңге тауып берші деп хабарласып тұр. Маған енді телефон соқпа деп тұтқаны қоя салдым», - дейді Жәнелдің әкесі.
Еске сала кетейік, "Қайырымды жандар" еріктілер тобы бүйрегі істен шыққан Жәнел Жайлауоваға 12 млн теңге жинап берген болатын. Кейіннен Жәнелге бүйрегін берген Бақтияр Жылқыбаев мәлімдеме жасады. Осыдан соң, "Қайырымды жандар" еріктілер тобы Ақмарал Жақсылықовадан жұмсалған ақшаның есебін сұраған болатын.
Бұл жаңалықты Whatsapp арқылы немесе әлеуметтік желіде бөлісіңіз
⇓⇓⇓
Тағы оқыңыздар:
Декрет демалысында жұмыс істеудің жолдары қандай?
Жәнібек Әлімханұлының қашан шаршы алаңға оралатыны белгілі болды
Қазақстанның хоккейші қыздары чемпионат кезінде төбелесіп қалды (видео)
Сапарбаев аймақтағы әкімдіктердің әлеуметтік желідегі белсенділігін қадағалап отыр
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1476314-zhaneldinh-emine-aqsha-zhinaghan-belsend/