Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Шымкенттік бизнесмен табысты болудың басты құпияларымен бөлісті (фото)

Опубликовано:

Бақуаттылардың  қатарына қосылып, ешкімге тәуелді болғысы келмейтін адам жоқ шығар?!. Бірақ не істеу керек? Жоқтан бар жасаудың сырлары неде? Танымал шымкенттік кәсіпкер, Nuray construction компаниясының басшысы әрі қазақ боксшысы Қанат Исламның демеушісі Алтай Айнабек NUR.KZ-тің өңірдегі тілшісіне берген эксклюзивті сұхбатында бизнесті сәтті бастаудың құпияларымен бөлісті.

- Бизнесте жүргендерің көбі балалақ шағында түрлі қиыншылықтан өткенін жиі айтып жүреді. Ал сізде ше?

- Кеңес үкіметі тараған кезде халық қандай кезеңдерді бастан өткергенін өздеріңіз де білесіздер. Қыстың күндері жылуды айтпағанның өзінде жарықсыз аядай ғана бір бөлмеге тығылатынбыз. Ешкім масаттанып (шиковать) жүрген жоқ. Аса бір қиыншылықты бастан өткердім дей алмаймын, ешқандай да Америка ашқым да келіп отырған жоқ. Сондай заманда өмір сүрдік, көппен бірге көрдік қой. Бәлкім қазір етек-жеңімізді жиып алған соң ол қиын кезең сияқты боп көрінетін шығар?!. Бірақ оның барлығы сол жылдары қалыпты жағдай болды. Мектеп жасындағы балалар көшеге шығып, жүк тасушы болып жүрді. Мен солардың қатарынан табылдым. Базар жағалап, әйтеуір қолымызға бес-он тиын тапсақ деген мақсат болды.

- Бірақ ол балалардың барлығы сіз секілді кәсібін дөңгелетіп отырған жоқ қой. Өзіңіз бизнес ортаға қалай келдіңіз?

- Шынымды айтсам, менде «бизнес бастау қажет» деген ой мүлдем болмаған. Анам «қазір жұмыс істеп қалыңдар» деп үнемі ақылын айтып отыратын. Бала кезімнен еңбекке әбден пісіп өстім. Қолдан не келеді, соны жасадым. Әлі есімде небәрі алты жастамын. Біздің үй жақта екі дүкен болатын, соның алдында өзбек ұлтының әйелдері көкөніс сататын. Кәдімгі жол бойында, жабайы базар секілді ғой. Күн сайын әлгілерді көремін, анам үйдің ауласында қияр өсірген болатын. Оны теріп алып, мен де жаңағы саудагерлердің қасына жайғастым. Қиярдың бағасы елу тиын тұрады, орысша білмеймін. «Пятьдесят» пен «пятьсотты» шатастырып ала беремін (күліп). Клиенттер келе бастады, біреуіне «елу», екіншісіне «бес жүз» тиын деп қоямын. Бір кезде қарапайым киімдегі ер кісі жақындағаны сол еді қасымдағы әйелдер тұра кеп қашты.

Сөйтсем әлгі кісі құқық қорғау қызметкері екен. Мені қолымнан жұлқылап ұстап алды да, бір дүңгіршекке алып келді. Ол жақта мен секілді сауда жасағандардың біразы отыр. Олай сауда жасауға заңмен тыйым салынады екен. Әйтеуір адамгершілігі бар полицей қызметкері менің тауарымды алып қалғанымен, өзімді босатты. Үйге келіп, анама болған жағдайды айтып беріп, еңкілдеп жылап алғаным әлі есімде. Енді өзіңіз түсініңізші, бұл менің бизнес бастаудағы ең бірінші сәтсіздігім боп тұр ғой. «Пакеттен» бастап жүгеріге дейін базар аралап жүріп саттым. 8-9 класс оқып жүргенімде тауарым ауқымдалып, Ташкентке ара-тұра барып келуді бастадым. Шымкентте «Қырғы базардан» 50 келі қант салынған қапты арқалап, автобуспен «Көктем» деген базарға әкеп пайда тауып жүрдім. Достарыммен бірге «дискотека» да аштым. Айта берсем, көп қой. Әйтеуір қол қусырып қалмаудың амалы. Ал құрылысқа келуімнің өзіндік себебі бар. Кейде сәтсіздікке тап боласың, ал енді бірде жолың болады дегендей өз ісімді бастап кеттім. Бизнес ортада жүргеніме он бес жыл болыпты.

- Құрылыс компаниясына басшылық етіп отырсыз. Шыныңызды айтыңызшы, өзгелерден компаниялар тендер аларда белгілі бір мөлшерде «откат» беруге мәжбүр дегенді естиміз. Рас па?

- Берсе беретін шығар. Өзім мемлекеттік тапсырыспен жұмыс істемеймін, төрт жыл болды. Мен ондай «системадан» кеткенмін. Себебі тендерге алынған нысан құрылысында үнемдемесең, банкротқа ұшырайсың. Көзбен көріп, қолмен ұстап алмаған соң және де сотта дәлелденбегеннен кейін «откат» туралы  кесіп айту қиын.  

- Пара беріп көргенсіз бе?

- Қиын сұрақ (күліп).  Мен басқа планетаның адамына немесе коррупциясы жоқ елдің азаматына ұқсаймын ба? Қарапайым ғана мысал келтірейін, бала өмірге келді делік. Перзентханада «сүйінші» деп дәрігерге ақша беріп жатамыз ғой. Оны да параға жатқызуға болады. Менің айтқанымнан ешнәрсе өзгермейді, қайта керісінше қоғамда «мынау да пара береді екен, демек бізге де болады» деп ойлауы мүмкін.

- Сонда күллі жұрт сіздің айтқаныңызды жасайды деп ойлайсыз ба?

- Әрине, жоқ. «Тамшыдан көл пайда болады» деген сөз бар. Барлығы солай айта берсе, не болады? Негізі бұл мәселемен күресу керек.

- Қалай?

-  Онымен күресу – менің құзырымда емес. Мен ойымдағыны ұсынар едім, бірақ біразына жақпасы анық. Сол үшін айтпай-ақ қояйын. 

- Саясатта бағыңызды сынап көргіңіз келмей ме?

- Ешқашан барғым келмеген, алдағы уақытта да ондай қадамға бармаймын деп ойлаймын. Мен тіпті депутаттықтан да жанымды аулақ ұстаймын. Өз кәсібіңді істеп жүріп-ақ қоғамға пайдаңды тигізе білсең болды.  Шенеунік атануға болмысым сай келмейді.   

- «Гастарбайтерлерге» қатысты көзқарасыңыз қандай?  

- Оған ешқандай да үркіп қараудың қажеті жоқ. Олар кедей мемлекетке бармайды, демек «гастарбайтерлердің» елге келуі – жақсы көрсеткіш. Мәселен Өзбекстан азаматы Тәжікстан немесе Ауғанстанға бармайды ғой. Украина тұрғыны Өзбекстанға келмейді. «Отандастарымыз жұмыс таппай жүргенде өзгелерді неліктен жұмыспен қамтуымыз керек?» деп ойлауыңыз мүмкін. Бірақ таяқтың да екі ұшы болады. Өз басым осыдан төрт-бес жыл бұрын жұмыс күшін таппай шарқ ұрғаным есімде. Міне көрдіңіз бе, кейбір азаматтарымыз «гастарбайтерлер» секілді қара жұмыс істегісі келмейді. Заңгер, экономист немесе бірден басшы болуды жөн көреді. Әрине, елімізде жұмыссыздықтың барын жоққа шығара алмаймын. Онымен қатар  жалқаулық та жетеді...  

- Түрлі қайырымдылық шараларында төбе көрсетіп қоятыңызды білеміз. Бірақ әлдекімдер секілді оны жарияға жар сала бермейсіз. Әлде айтқыңыз келгенімен, ол ойыңыз жұртшылыққа жетпей қалып жата ма?

- Өзіме күніне екі-үш адам көмек сұрап келіп, хабарласып жатады. Көмекке мұқтаж барлық адамға қол ұшын беру мүмкін емес. Мен қайырымдылық қоры емеспін. Табысымның белгілі бір бөлшегін қайырымдылық жұмыстарына деп бөліп отырамын. Тұрақты түрде жәрдемдесіп тұратын адамдарым да бар. Оны жария еткім келмейді. «Оң қолыңның бергенін, сол қолың көрмесін» деген бар. Қайырымдылық оны жасаған адам мен Алла арасындағы амал болғаны дұрыс деп есептеймін.  

- Қазақ боксшысы Қанат Исламның демеушісі екеніңізді де білеміз. Мақсат – қандай? Себебі бір Шымкенттің өзінде үлкен аренаға шыға алмай жүргендер де жетерлік... Тағы бір сұрақ, соңғы уақытта Қанат туралы сын айтып жүргендер табылып жатыр. Оларға не айтар едіңіз?

- Мен қолымнан келгенінше әртүрлі деңгейдегі спортшыларға демеушілік жасап жүрмін және оны жарнамалағым келмейді. Қанат Исламға демеушілік жасамас бұрын інілерім келіп ұсыныс айтты. «Неге қолдау көрсетпеске?» деп іске кірістім. Қанаттың есімі танымал және оның командасы мықты болған соң біздің демеушілігіміз туралы біраз адам білді. Сын айтатындарға келсем, сыналмайтын адам жоқ, әлем бойынша жеті млрд-тан астам халық болса, сан түрлі пікір болады. Негізі адамдар отырып алып біреуді сынауды қатырады ғой. Өз басым Қанатты жеке танимын, азамат ретінде білемін. Сол себептен оны сынапты екен деп оған деген көзқарасымды өзгертпеймін.  

- Әлеуметтік желіде үнемі «онлайн» отырасыз. Бұл бос уақыттың көптігімен байланысты ма? Әлде тәуелділіктің бе?

- Оны да байқап қойдыңыздар ма? (күліп) Мен уақытымды Тime management жүйесі арқылы реттеп отыруға тырысамын. Бос уақытым да жеткілікті. Ондай кезде кездесу, шәй ішу деген сияқтылар көбейеді ғой. Рас, желіде отырамын. Бірақ көп уақыт емес. Көбіне ноутбугым қосылып қалып, парақшам «онлайн» боп тұрады.  

- Жуырда сіздің бір қызметкеріңіз екі млн теңгесі бар әмиян тауып алып, оны иесіне қайтарып бергені туралы басылым беттері жарыса жазды. Сондай-ақ бұны пиардың бір түріне балағандар да бар...

- Әрине, өкінішті. Мен бар болғаны бұл жаңалықты өз парақшамда жазып, өзгелерге үлгі болса деп едім. Орысша айтқанда «Каждый понимает по мере своей испорченности» демекші, әркім өзі білер. Мүмкін менің ол туралы жазғаным пиар да шығар. Бірақ, ешбір мақсатсыз. Мен одан ақша тапқан жоқпын, өзім салып жатқан нысаннан пәтер де сатпадым. Бастысы, оқиға орын алды. Болған нәрсені дәлелдеп жатудың өзі ақымақтық қой. 

- Желіде жазған әрбір постыңызды оқып отырып, аса білімді және өте қарапайым адам секілді көрінесіз. Бұл смартфонның бер жағында бетперде киген азаматтың әрекеті емес пе?

-  Жұрттың ұлдары секілді мен де қарапайым азаматпын. Білімпаз болатындай асып жатқан түгім жоқ. Жазбаларым барынша шынайы болғанын қалаймын. Мен мақала немесе кітап жазып жатқаным жоқ, өмірде сөйлегендей «жалпақ» тілдегі диалогтарды қосамын. Желіде айтылатын, айтылмайтын әңгіменің барын мен де түсінемін.  

- Бизнеске келгісі келетіндерге айтар қандай кеңесіңіз бар?  

- Бизнес – тек кедергілерден тұрады, оның бірі деп қорқақтықты айтар едім. Кедергілерге дайын болыңыз. Сондықтан ешнәрсеге қарамастан тәуекелге бел буу керек. Білім алыңыз, кітап оқыңыз. Кітапханаға барсаңыз, түрлі құндылықтар таба аласыз. Біреулер «ақшаң болмаса, бизнес істей алмайсың» деп айтады. Оларға «ақшамен кез келген ақымақ жұмыс істей алады» деп жауап берер едім. Жоқтан бар жасап, бастысы ұрлықсыз, коррупциясыз жұмыс жасай білу – өнер. Басты кеңесім ретінде ең алдымен адам ортасын өзгерту қажеттігін айтар едім. Әншілердің ортасында әнші боласыз, журналистің арасында журналист... солай кете береді ғой. Әлемге аты әйгілі бизнесмендер де үнемі сондай кеңес береді. Сағаттап басқа саланың адамымен уақыт өткізгенше, 15 минут болса да, бизнесменмен сөйлесіңіз. Сұраңыз. Менің өзіме жастар жиі хабарласып, кеңесіп тұрады. Тағы бір айтатыным,  бизнеспен айналысқысы келетіндер алдағы он жылдағы образын, тіршілігін  қазірден бастап анықтап алуы керек. Орыстарда «будьте осторожны со своими мыслями, они имеют свойство материализоваться» деген керемет сөз бар. Сондықтан жақсы нәрсені ойлау қажет. Өз басым елімізде бизнеспен айналысатындар көп болса деген тілегім бар. Себебі өз кәсібі барлар мұқтаждыққа тап болмайды. Демек елдің жағдайы жақсарады.

- Сұхбатыңызға рахмет!   

Суреттер кәсіпкердің жеке мұрағатынан алынды

Бұл жаңалықты Whatsapp арқылы немесе әлеуметтік желіде бөлісіңіз

⇓⇓⇓

Тағы оқыңыздар:

БҚО тұрғыны полицейден көрген қорлығын айтып берді

Данияр Елеусінов кәсіпқой боксқа ауыспайтын болды

Апатты жағдайда қонған Bek Air ұшағына қатысты тергеу басталды

Абаев: Әзірбайжан банкіне салынған зейнетақы қорындағы қаражатқа ешкім алаңдамасын

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1498649-shymkenttik-biznesmen-tabysty-boludy/

pixel