Еліміздегі табысты бизнесмен анасын ойлап, көз жасын тоқтата алмады
Жарияланған күні:
Белгілі кәсіпкер Қайрат Құдайберген Алматыда Қазақстанның ең танымал миллионерлерінің басын қосты деп хабарлайды NUR.KZ тілшісі.
SYNEQ BUSINESS FORUM жиынында миллионерлер өз бизнес жолындағы жеңісі мен жеңілісін сөз етті.
Көптеген басылымдарға сұхбат беріп жүрсе де, Қайрат Құдайберген осы кездесуде бұрын еш жерде айтылмаған жайттармен бөлісуді дұрыс деп тапты. Бизнесмендердің шеберлік сағатында сөз алған ол әлеуметтік желіде өзінен жиі сұралатын «Сен кімсің?» деген сұраққа кеңірек жауап беруді жөн көрді. Ол сондай-ақ қазір немен айналысып жүргенін, осы дәрежеге қалай жеткенін баяндап берді.
«Маған желіде: «Сіз әнші, актер, шоумен, мемлекеттік қызметкер әлде бизнесменсіз бе?» деген сұрақты жиі қояды. Мен бұл сұраққа бүгін кеңірек жауап берейін», - деп бастады өз сөзін кәсіпкер.
Қайрат Құдайберген өз бизнесін құрылыс саласынан бастап, бүгінде оны әртараптандырғанын айта кетті.
«Мен негізін қалаған холдинг алғашында құрылыс компаниясы болып құрылды. Біз тұрғын үй кешендерін, бизнес орталықтарын, спорттық кешендер салумен айналыстық. Бірақ уақыт өте келе болашақты бағдарлап, өз бизнесімді әртараптандыруды шештім. Оның әр салада қызмет көрсеткенін дұрыс деп ойладым», - дейді бизнесмен.
Қазір кәсіпкер мұнай саласына бет бұрған. Қайрат Құдайберген өз холдингінің капиталдану көрсеткіші бір жылдан соң 55 миллион долларға жететінін айтты.
Сөз соңында өзінің балалық шағы жайлы айтып берген Қайрат Құдайберген көз жасына ерік берді. Оның айтуынша, ол бала кезінде тұрмыс тауқыметін көрген анасының көз жасын еске алыпты.
«Мен көптеген басылымдарға сұхбат та беріп жүрмін, бірақ бүгін мен одан да көбірек нәрсемен бөліскім келеді. Мен өте керемет, қайырымды жандардың отбасында дүниеге келдім. Олар маған ең бастысы жақсы тәрбие берді. Иә, біз бай тұрмадық. Біз жаздық уақытша баспанада тұрдық, пешке от жақтық. Тіпті үйде жейтін ештеңе болмаған кез де болды», - деген кәсіпкер көпшілік алдында жылап жіберді.
Бизнесменнің жүрек тебірентерлік сөздерін шеберлік сағатына қатысушылар да бейжай тыңдап отыра алмады. Олар кәсіпкердің сезімталдығына қайран қалып, қол соқты.
Қайрат Құдайберген осы кездесуде 16 жасында намаз оқып отырып, өз-өзіне берген сертінің сырын ашты. Ол бірінші курс оқып жүргенде жанына батқан жайтты есіне түсірді.
«Біз үшін қиын кезең болды. Мен өзімнің болашағыма сенбедім. Мен бүгін осындай ғажап адамдардың алдында тұрып, өз тәжірибеммен бөлісетінімді білмедім», - дейді кәсіпкер.
«Анам өте ширақ адам. Ол кісі сол уақытта адам қолы жетпейтін заттарды тауып алатын. Ол варенка мен джинсы еді. Біз жерге төсенішті жайып жіберіп, сол джинсыды сататын едік.
Бізді сол заманда «спекулянттар» деп атайтын. Бұл сөз 1995 жылға дейін қазіргі таңда бизнесмен сөзін алмастырып келді. Бізді милиция жиі қуалайтын. Мен анаммен бірге қашатынмын. Ал өсе келе онымен бірге базарда саудамен айналыса бастадым.
Сегіз жасымда мектептен кейін анам жылына тұрсын деп ол кісіні алмастыратынмын. Ал әкем зоотехник болды. Мен басында ұялып жүрдім. Өйткені сауда ұят кәсіп деп саналатын. Бізге адамдар саусағын шошайтатын. Бірақ тіршілік ету керек болды. Өз сыныптастарымды, мұғалімдерімді көрсем, лавканың астына жиі тығылып қалатынмын. Уақыт өте келе өз еңбегіңнен ұялмау керек екенін түсінгендіктен тығылуды қойдым. Анамның қасында жүріп мықты саудагер болдым. Өзім барахолкаға барып, тауар алып келетінмін. Анам маған толық сенді. Базардағы адамдар күле қараса да, маған тауарды көтермелеп сата беретін. Мен сол заттарды 200 пайыз үстемемен саттым. Біраз уақыттан кейін менің табысым анамнан да асып түсті. Базарда ойыншық саттым. Милиция келіп барлығын ұстайтын. Ал мен ешқашан ұстатпадым. Өйткені қатты жүгірдім. Екі жарым метр биік дауалдан қалай секіріп кеткенімді өзім де білмей қалатынмын. Егер ол кезде видеоны желіге салатын мүмкіндік болса мен мыңдаған лайк пен жүз мыңдаған қаралым жинайтын едім. Қазір де мен сегіз жасымдағыдай жүгіріп жүремін.
Ал, неліктен 16 жасымда енді жыламаймын деп өзіме серт бердім?
Ол кезде мен бірінші курс студенті едім. Отбасымыз қиын кезеңді бастан өткеріп жатқан болатын. Сондықтан, ата-анам маған ары-бері жолақыға 50 теңге ғана бере алды. Маған автобус аялдамасына дейін бір жарым-екі шақырым жаяу журуге тура келетін. Сабаққа кешігіп барғаным үшін ұялатынмын. Маған үнемі ұрсатын. Мұғалімдерге оның себебін түсіндірудің қажеті шамалы болды. Ал менің таңғы бесте тұратыным ешкімді қызықтырмады.
Бір күні сабақтан соң, таңғы асымды ішпегендіктен қарным қатты ашты. Қалтамда қайтуға 25-ақ теңгем бар еді, біреуге «тоқаш әперші» деуді ұят санадым. Сөйтіп үйге келдім. Ешкім жоқ екен. Үстелге қарасам, ештеңе жоқ. Үйден көктеп кеткен картоп тауып алдым. Кішкене күріш және сорпаға қосатын дәмдеуіш бар екен. Нан да болмады. Картопты тазалап, суға салдым. Алдын ала суға бұқтырылған күрішті де қоса қайнаттым. Дәмдеуішті қостым да, бесін намазымды оқуға кеттім. Оқып болғаннан кейін сәждеде отырып алып, жыладым. Мен жай жылаған жоқпын, өксідім. Маған көп нәрсе түсініксіз болды. «Неліктен ешкімге зияны тимеген, адал жүріп-тұрған отбасымыз дәл осылай қиналып өмір сүріп жатыр?» деген сұрақ мені мазалап жүретін. Кенет сол отырысым намысыма тиіп кетті. Жылап отырғаныма қатты ұялдым. Сол сәттен бастап енді мен ешқашан материалдық игілікке бола жыламаймын деп өз-өзіме уәде бердім. Бұл маған өте қатты әсер еткен сәт болды. Бұл менің өз-өзіме алғаш есеп беруім еді», - дейді Қайрат Құдайберген.
Содан кейін ол жүк тасушы, даяшы, диджей, казинода дилер, тіпті аула сыпырушы болып та үлгерген.
«Мен өзіме сеніп тапсырылған барлық жұмысты атқардым. Менде таңдау еркіндігі болған жоқ. Бірақ ол туралы ата-анама айтқым келмеді. Өйткені олар онсыз да маған басқа балалардың ата-аналары сияқты қажеттің бәрін әперуге шамасы келмегені үшін ұялатын еді. Сонда да мен өз ата-анамды мақтан тұтамын. Өйткені олар - ниеті таза адамдар»,- деп түйіндеді ол өз сөзін.
Бизнесмен осы форумды жас кәсіпкерлерді ынталандыру үшін, жастардың өз-өзіне сенімін арттыру үшін ұйымдастырып отырғанын тілге тиек етті.
Қайрат Құдайберген форумда бой көрсеткен Кеңес Рақышев, Анатолий Пабияхо, Махмуд Шадиев, Марғұлан Сейсембаев, Бейбіт Әлібеков, Дана Орманбаева, Динара Сәтжан сынды кәсіпкер-миллионерлерге өз тәжірибесімен бөліскендері үшін алғысын жаудырды.
Бұл жаңалықты Whatsapp арқылы немесе әлеуметтік желіде бөлісіңіз
⇓⇓⇓
Тағы оқыңыздар:
Қуат Найман: Қанат Ислам мексикалықты нокаутпен жеңеді
Корейлік қыз 123 қабатты ғимаратқа ешқандай жіпсіз өрмелеп шықты
Ақтөбеде жергілікті билік сот бұйрығын орындай алмай, қарапайым халық зар еңіреп отыр
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1499866-tanymal-biznesmen-16-zhasynda-namaz-oqyp/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.