Меруерт Өтекешова: Қазақтың Қыз Жібегінің даңқына қылау түсірмедім
Жарияланған күні:
«Ақжүніс» интернет басылымында жарияланған курстасым Тұңғышбай Жаманқұловтың сұхбатын, соның ішінде Тұқаңның мен туралы айтқан пікірлерін оқығанда жаным жабырқады.
Оның ақ-қарасын бір Құдай, содан кейін сот анықтай жатар, бірақ мен жайлы айтқан пікірлері барып тұрған шектен шығу, жүгенсіздік, мәдениетсіздік. Онымен сұхбат құрып отырған журналист келіншектің сөздерінен де кекесін есіп тұр. «Меруерт Өтекешова да «Сахнагер» сыйлығын алды. Сөз жоқ, сонау 1970-ші жылдардағы «Қыз Жібек» фильмінен кейін ол кісі «кімсің – Меруерт Өтекешова» болды. Өмір бойы сол Қыз Жібегімен келе жатыр. Кинодағы одан кейінгі бірен-саран рөлдерін ешкім білмейді десек, артық айтқандық емес. Театр сахнасында да соңғы рет қай жылы, қандай рөл ойнағанын білу үшін біраз театр тарихын қопаруға тура келеді. Жалпы, театрда ауыз толтырып айтатын рөл сомдады ма? «Сахнагер» деген сыйлықты қандай еңбегі үшін алғаны бізге түсініксіз болды. Әлде мен әділетсіз баға беріп отырмын ба?.. Сіздің алғашқы махаббатыңызға…». Сұрақтың сиқы осы. Менің қызымдай баланың бойындағы бұл не деген жек көру сезімі. Интернет басылымының аты «Ақжүніс» екен. Барша қазақ үшін аяулы атты меншіктей отырып, үлкенді сыйлау, ақ шашты ананы қадір тұту деген қасиеттерден жұрдай, ұр да жық, көкбеттік симптом есіп тұрған қой терісін жамылған бұл не басылым? Осы сауал санамды жегідей жеді. Содан кейін «Бірақ менің Меруерт курстасым ақыры қазақшаны білмей кетті. Біледі-ау, дұрыс сөйлей алмайды, іртік-іртік, акцентпен сөйлейді» деген Тұңғышбайдың сөздеріне қарамастан, өз жауабымды берейін деп шештім.
Алдымен «Сахнагер» сыйлығын маған қимай соншама әдепсіз, кәсіби этикадан ада сауалдар қойып, ситуацияны ушықтырып отырған Сәуле Әбединоваға айтарым, әлі бала ғой, не істеп жүргенін білмейді ғой деп ақтайтын жас мөлшерінен асып кетіпсіз, елуге таяп қалыпсыз. Бұл сіздің деңгейіңіз болса, өте өкінішті. Енді түзелмессіз. Бірақ кейде, үлкен кісілердің арасына килігіп, осылай жағдайды ушықтырар алдында кішкене болса да ойлануыңызды сұрар едім. Басылымыңыздың уақытша жоғары рейтингі сіздің репутацияңызды кері қайтара алмайды. Тұқаңа жаныңыз ашымасын емес, ашысын, бірақ әр нәрсенің өз шегі, өзінің этикасы болады. Соның ішінде журналистік қағида деген бар, әділ болу, екі жақтың пікірін тең, дербес отырып тыңдап, сараптап, содан кейін көпшілік назарына ұсыну деген сияқты, тағысын тағылар. Сіз соны ұстанбағансыз.
Сіздің театртанушы екеніңізді, тіпті академияда шәкірттерге дәріс беретіндігіңізді естігенде тіпті таң қалдым. Апырай, театртанушының интеллектуалдық деңгейі, ішкі мәдениеті, ойлылығы артистер мен режиссерлерден он есе биік болуы тиіс еді ғой. Мынадай әлсіз эмоциямен, көзсіз қисынмен шәкірттерге қандай ұлағат пен тәрбие бересіз? Әлде, күнде әр лекцияңызда «Меруерт Өтекешованың Жібектен басқа ешбір ролі жоқ» деген дүмбілез пікіріңізді жүз рет қайталайсыз ба? Ия, Қызжібек – менің өнердегі «төлқұжатым». Ал сіздің төлқұжатыңыз қандай? Лиро-эпостық жырдағы болсын, кинодағы болсын Қыз Жібектің даңқына қылау түсірмедім.Осындай сәтте орыстың «У хамства ноги короткие» деген даналығы еске түсіп отыр. Қазақша айтсақ, арсыздықтың құйрығы бір-ақ тұтам. Ең бастысы, ол – көркем құндылыққа да жатпайды. Адамның ішкі мәдениетінен туындайды. Кәсіби маманның бойында, тамыры тереңде жатқан шексіз ой болуы тиіс.
Мына сұхбаттағы қазақ өнерінің мақтанышы Асанәлі Әшімов хақындағы пікірлерің журналист ретінде де, театртанушы ретінде де өреңіздің өте төмен деңгейде екендігін көрсетті. «Бекежандар атақ алған заман» деген не сөз ол? Бекежан – көркем бейне. Біріншіден, талантыңыз тасып бара жатса, сұхбаттасқан ағаңмен бірге Бекежандай көркем бейне жасап көр. Асаналі Әшімов жасаған сахна мен экрандағы бейнелер – ұлтымыздың рухани қазынасы. Бұл менің жеке пайымым ғана емес, әлемдік деңгейдегі театр және кино сыншыларының бағасы. Мен театртану мен театр сынының негізін салған Бояджиев, Марков, Аникст, Зингермандарды айтпай-ақ қояйын. Көрнекті театртанушылар А.Бартошевич, В.Силюнас, Н.Крымовалардан үлгі ал. Театр сыншысының этикасы мен көркем мінезі, ішкі мәдениетін, танымы мен тағылымын ұғын. Әттең өмірден ерте кетті. Дәл осындай пайымдауларың үшін Әшірбек Сығайдың өзі кәсіби үкім айтар еді.
Тек, Қыз Жібек емес, қазақ аруларының бірталайын сомдау бақыты бұйырды маңдайыма. Театртанушысың ғой, мен сомдаған қазақ аруларыны сен білуге тиіссің.
Өнерге қатысы жоқ, алайда «Қыз Жібек» фильмінің жанашырлары хабарласты. «Меруерт апай, сіз туралы түйдек-түйдек сөздер жазып отырған журналист, теледидарда бір кездері «Ақжүніс» бағдарламасын жүргізіп, «Қыз Жібек» туралы әдемі сөздер айтқан жан. Тіпті, сіздер сол бағдарламаның қонағы да болдыңыздар» деген де, ойланып қалдым. Бұл не қылған екіжүзділік. Бұл қайдан шыққан аярлық. Екі сөйлеу, желдің ығына қарай ығысып, ұстанымынан ауытқушылық деген осы емес пе?!
Тұңғышбай Жаманқұловты маған және менің жеке басыма соншама кәрін төгуге итермелеген жиналыста айтқан «Я стесняюсь, что я учился вместе с этим человеком» деген сөзім екен. Бұл менің азаматтық позициям. Тұқаң маған тек курстас емес, талай жыл театрда директорым да болды, сахнада партнерым да болды. Мен ол кісіні жан-жағынан, барлық қырынан білемін. Көз алдымда қартайды. Сондықтан егер бұл сөздер айтылса, ол қызуқандылықпен, бір сәттік эмоциямен айтылған сөздер емес екенін білуге тиіссіздер. Демек ол сөздерде астар бар. Айтылуында себеп бар. Дәл қазір оның бәрін ақтарып, сіздердің алдыларыңызда бүге-шігесіне дейін ашып түсіндіруді артық санаймын. Тұқаңның кәсібилігіне де шәк келтіріп, ол кісінің деңгейінде (маған қатысты айтылған сөздерінің деңгейінде) сынағым келмейді. Бәріне уақыт пен халық төреші. Бірақ бұл дүниеден өтіп кеткен ардақты Хадиша Бөкеева, Әзірбайжан Мәмбетов секілді тұлғаларды кіріктіріп, соларды сөзге дәйек етіп көлденең тарту әділдік емес. Ең болмаса, әруағын сыйлайық. Бұл кісілердің Тұқаңа жасаған жақсылығы мен Тұқаңның ол жақсылықтарды қалай қайтарғанын бәріміз білеміз, жан түршіктірер ситуацияларды көздерімен көрген жандар әлі қатарымызда. Солар өтірік айтқызбас.
«Қыз Жібек» фильмінен кейін ол кісі «кімсің – Меруерт Өтекешова» болды. Өмір бойы сол Қыз Жібегімен келе жатыр» деген анықтама болса мен үшін үлкен қошемет. Жоғарыда жаздым. Тағы да қайталайын, мен қазақтың Қыз Жібегі деген мәртебелі атаққа қылау түсірген жоқпын. Адал жар болдым, үш бала өсіріп тәрбиеледім. Немерелерімінің қызығына бөленіп отырмын. Қыз Жібектің бойындағы махаббатқа деген адалдықты, тазалықты, пәктікті мен өзімнің өмірлік темірқазығыма айналдырдым. Сондықтан шаңырағымның жылуы менің өмірлік мұратым болып келеді. Қыз Жібек бейнесі арқылы ұлттымыздың өскелең ұрпағына үлгі болу керектігін өте ерте ұғындым. Құман екеуміз еліміздің көптеген жас шаңырағына ақ батамызды бердік. Ел мен жұрттың махаббаты мен қошеметіне бөлендік. Жастар үшін біз адал, ақ махаббатың аққудай символымыз. Кәсібіме адалмын. Өнерімнің жемісін жеп келемін. Мені жетесіз біреу болмаса, ешкім сахнаға ғұмырын арнаған жоқ деп айта алмайды. Есімді білгелі өнерге қызмет етіп келемін. Сондықтан бұндай сөздерді доғарыңыздар, ұят болады. Өзімнің Алла енші еткен ғұмырымды кіршіксіз сүріп жатырмын. Елдің бетіне тік қараймын, жалтақтамаймын, жанарымды тайдырмаймын.
Сіздер ше, сұхбат құрушы екі адам, мен сияқты осылай риясыз мақтана аласыздар ма?
Айтарым осы.
Дереккөз: abai.kz
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1510262-meruert-otekeshova-qazaqtynh-qyz-zhibeg/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.