Ақтөбелік журналист орысша сұхбат бермеген қызметкерді "ұлтшыл" деп атады (видео)
Жарияланған күні:
Ақтөбелік журналист тек қана қазақша сөйлеген мемлекеттік қызметкердің ұлтшыл екенін айтты. Бұл туралы аймақтағы NUR.KZ тілшісі хабарлайды.
Жергілікті «Рика ТВ» телеарнасы даулы ақпаратты «Ескерткіштер - ел тарихы» шарасы кезінде түсірген.
Ақтөбе облыстық тарихи-мәдени мұраларды қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекциясының бас инспекторы Фархад Досмұратов журналистерге қазақ тілінде сұхбат береді. Ал журналист «орыс тілді халық та қарайды ғой» деген оймен ресми тілде ақпарат алуға тырысқан.
Алайда мемлекеттік қызметкер «Мұндай шараларды орыс халқы қарамайды» деп қысқа қайырып, орысша сұхбат беруден бас тартады.
«Сонда сіз ұлтшыл болып тұрсыз ба?» деген журналист сауалына: «Ұлтшыл болмағанда қайтесің енді?» деп жауап береді. Осылайша, инспектор өзінің тек қана қазақша ақпаратпен бөлісетінін мәлімдейді.
Журналист эфирге шыққан сюжет соңында мемлекеттік инспекцияның мамандары ескерткішті күту жұмыстарымен ғана емес, өз мәдениеттерін де түзеумен де айналысу керектігін ескертеді.
NUR.KZ тілшісі осы оқиғаға қатысты екі тараптың да пікірін тыңдады.
- Біз шара өткізілетін жерге редакция тапсырмасымен барғанбыз. Ұйымдастырушылардан екі тілде ақпарат бере алатын маман тауып беруін сұрадық. Бас инспектормен қазақ тілінде амандастым, сөзімді қазақшадан бастадым. Телекомпаниядан келіп тұрғанымды және екі тілде ақпарат алатынымды ескерттім. Ол кісі бірден орыс тілінде беруден бас тартты. «Мен орыс тілінде бермеймін» деді. Әрине, орысша сөйлей алмайтындар да болады. Оларға түсіністік танытып, аударма жасаймыз.
Бірақ ол кісі: «Қазақ қазақпен қазақша сөйлесу керек. Мен орысша бермеймін. Мен орыс мектебінде оқыдым, жоғарғы оқуды орыс тілінде бітірдім. Сөйлей аламын, бірақ, бермеймін. Менде принцип солай», - деп мақтанышпен айтып тұр. Ақпаратты қазақша алдым. Бізбен «Мен ұлтшыл бола қояйын» деп қоштасты.
Қазақстан көпұлтты мемлекет. Жақында ғана президент тілге қысым жасамауды ескертті. Еліміздің көп ұлтты мемлекет екенін айтады. Мен журналистикада 16 жылдан бері жүрмін. Осындай жағдаймен бірінші рет бетпе-бет келдім, - дейді журналист Ләззат Сахиева.
Ал мемлекеттік қызметкер бұл жағдайға пікір білдіруге дайын еместігін айтты.
«Келесі аптада хабарласыңыз. Менен пікір алмасаңыздар да ренжімеймін»,-дейді Ақтөбе облыстық тарихи-мәдени мұраларды қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекциясының бас инспекторы Фархад Досмұратов.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1510489-aqtobelik-zhurnalist-oryssha-sukhbat/