Алматы облысында жомарттығымен танылған Есім төренің кесенесі ашылды
Жарияланған күні:
Алматы облысы Алакөл ауданына қарасты Жыланды ауылында өткен ғасырдың атымтай жомарты саналған Есім төренің кесенесі бой көтерді. Бұл туралы NUR.KZ тілшісі хабарлайды.
Кесененің ашылуы жергілікті халық арасында кішігірім тойға айналды. Көпшілік кесене маңынан киіз үй тігіп, қазан асылып, ауыл ақсақалдары мен ақ жаулықты аналар әйгілі болыстың аруағына құран бағыштады.
Есім төре кесенесі белгілі меценат Бауыржан Оспановтың қолдауымен бой көтерді. Бүгінгінің болысы атанып кеткен Бауыржан Кеңебекұлы баба рухын құрметтеп, мыңдаған жылдар бойы сақталатын күмбез орнатуды көптен бері жоспарлап жүр екен.
«Бала күнімізден Есім төренің атына қанығып өстік. Ойын баласы кезімізде болыс жатқан маңдағы бұлақтан су алып, ауыл үлкендерінен Есім төре туралы аңыздарды көп естігенбіз. Есім төре осы маңның болысы атанып, өз дәуіріндегі беделді тұлғалардың бірі болған. Оны Романовтар әулетінің 250 жылдығына орай Петерборға шақырған екен. Осыдан-ақ, оның ел арасында мәртебесі жоғары адам болғанын аңғару қиын емес», - дейді Бауыржан Оспанов.
Есім төре дегенде ең алдымен оның жомарттығы ойға оралады. Жергілікті болыс шексіз байлығын халыққа бөліп беруімен аты шыққан. Тіпті, қиын-қыстау кезеңдерде Есімнен көмек сұрауға Шығыс Қазақстан облысы мен Жезқазған маңынан да халық ағылады екен.
Есім төре шексіз бай әрі қайырымды адам болған. Оның мыңдаған жылқысы Шынжылы өзенінен су ішкенде, өзен суы тартылып қалады деген аңыз бар. Кәсіпкер Бауыржан Оспанов бұл аңыздың растығына өзінің де көзі жеткенін айтады.
«Ауыл ақсақалдарынан Есім төренің жылқылары туралы аңызды естігенде, «Бұл қалай?» деп таңдай қағатын едік. Кейін Австралиядан 6 мың бас ірі қара әкелдік. Сол ірі қараны бір мезетте суғарсақ, шын мәнінде өзен суы азаяды екен», - дейді кәсіпкер.
Есім төре сол кездегі Алаш арыстары мен жазушыларға да демеушілік танытқан. Деректер бойынша, Есім төре Әлихан Бөкейханұлының кітабын шығаруға көмектескен. Әйгілі болыс 1916 жылы, ұлт-азаттық көтеріліс басталмай тұрып өмірден өтеді.
Өкінішке қарай, болыстың артында өз ұрпағы қалған жоқ. Үш әйел алған төренің өз кіндігінен бала болмаған. Ал Есімнің інісі Ешекеден тараған ұрпақ бүгінде Алматы облысында тұрып жатыр. Олар өз бабасының жомарттығы бүгінге дейін ұмытылмай, халық арасында аңызға айналғанын мақтан тұтады.
Алаш қозғалысының 100 жылдығы қарсаңында бой көтерген Есім төренің кесенесі жүздеген жылдар бойы сақталатыны сөзсіз. Өйткені, кесене күннің ыстығы мен суыққа төзімді саналатын қаптама мәрмәр тастардан салынған.
Бауыржан Оспановтың бастамасымен Есім төре және өзге де Алаш арыстарына қатысты деректер Ресейдің бірнеше қаласындағы мұражай, архивтерден жинақталды. Алдағы уақытта еліміздің ұлы тұлғаларына арналған арнайы кітаптар жарық көреді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1542466-almaty-oblysynda-zhomarttyghymen-tany/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.