Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Бас мүфти: Қажылыққа барған адам Құдайдың қонағы болып саналады

Жарияланған күні:

Мекке мен Мәдина жақындай түсті. Санаулы күндерден кейін 2500 отандасымыз қасиетті қажылыққа аттанады. Ұлы сапарға ниет етіп отырғандар Астана, Алматы және Шымкент қалалары арқылы Мекке мен Мәдинаға санаулы сағаттарда жететін болады. Қазақстандықтарды отандық «SKAT» әуекомпаниясы тасымалдайды.

Қазақстаның бас мүфтиі Ержан қажы Малғажыұлы қажылыққа рухани дайындық пен одан кейінгі жауапкершілік туралы баяндап берді.

«Аса Қамқор, ерекше Мейірімді Алланың атымен бастаймын! Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің хадис-шарифінде: «Кімде-кім Алла Тағала ризашылығы үшін қажылық жасаса, жаман сөзден, жаман қылықтардан, күнәлардан сақтанса, анасынан туылғандай пәк болып қайтады», – деген. Қажылыққа бармас бұрын ұлы құлшылықтың парыздары мен шарттарын, міндеттері мен әдептерін білу, қажетті дұғаларды мүмкіндік болса жаттап алу, соған амал ету – өте маңызды», - дейді бас мүфти Ержан Малғажыұлы.

Қажылыққа ниет етсең, денсаулығыңды тексертуді ұмытпа!

Дін қызметкерлері сапар алдында денсаулыққа көңіл бөлуді ескертеді.

Тағы оқыңыздар: Ең арзан билет 400 мың теңге: Головкин мен "Канело" жекпе-жегінің VIP билеті қанша тұрады?

«Қажылық алдында рухани дайындықпен қоса, денсаулығымызға да мән беріп, медициналық тексеруден өтіп, алдын-ала қажетті ем-дом алғанымыз абзал. Өйткені, климат ауыстырған адам науқастанып қалуы мүмкін. Қазақстан Қажылық Миссиясының құрамымен 4-5 дәрігер қажылық сапарға аттанады. Бұдан бөлек, әрбір қажылық компаниясының жеке дәрігері болады. Олар Мекке мен Мәдинада қандастарымыздың денсаулығын бақылап, қажетті алғашқы медициналық көмек көрсетеді. Қасиетті екі қаладағы Қазақстан Қажылық Миссиясы жанынан стационарлық пункт ашылып, орталық отандық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етіледі. Бұл – жыл сайынғы қажылық маусымындағы дәстүрлі жұмыстарымыздың бір парасы», - дейді бас мүфти.

Қажылықтан кейінгі жауапкершілікті сезін

«Қажылық – Исламдағы ұлы құлшылық, бес парыздың бірі. Қажылыққа барған адам Құдайдың қонағы болып саналады. Алла қалаған пендесіне қажылықты нәсіп етеді. Халқымыз қажылық парызын өтеп келген кісіге ерекше құрмет көрсеткен. Оны қадірлеп, төріне шығарған. Ұлық сапар мұсылман баласынан рухани һәм материалдық, жалпы жан-жақты дайындықты талап етсе, қажылықтан кейінгі өмір де адамға үлкен жауапкершілік жүктейді. Қажылықтан кейін мұсылманның өмірінде жақсы жағынан үлкен өзгерістер орын алуы керек. Қажылыққа барған адам айналасындағы адамдарға үлгі көрсететіндей дәрежеге жетуі тиіс. Дініміз мұсылманнан осыны талап етеді. Ал халқымыз қажының аузынан салиқалы сөз естіп, бойынан көркем амалдарды көргісі келеді. Егер пенде осы дәрежеден көрініп жатса құба-құп», - дейді Ержан Малғажыұлы.

Мұсылманның қажы дәрежесінде көріне алмауы діннің кемістігі емес

«Мұсылман бұл дәрежеден көріне алмаса – бұл діннің кемістігі емес, кемел дінді ұстана алмаған пенденің кемшілігі деп ұғу керек. Сондықтан мұсылман кез-келген ортада сөзі мен іс-әрекеті арқылы өзінің асыл діні туралы жағымсыз ой қалыптастырып алмауға өте-мөте сақ болуы тиіс. Сол секілді қажылар да ұлық сапардан оралған соң «қажы» деген атқа сай өмір сүруге тырысуы ләзім. Біз отандастарымызды осы нәрсеге аса мән беруге үндейміз.

Бір ізгі ғұламаның: «Исламға пайдаларың тимесе де зиян келтірмеңдер» деген сөзін әрқашан қаперде ұстасақ көп жақсылыққа жол ашамыз»- дейді Ержан қажы.

Тағы оқыңыздар: Астанада грантқа іліге алмаған түлектердің ата-анасы Білім министрлігіне басып кірмек болды

Қажылық маусымында барынша табысқа кенеліп қалуды көздейтін компаниялар бар

«Маған қажылыққа барып келген кісілер тарапынан қажылық компанияларының қызметіне қатысты шағымдар мен өтініш хаттар келеді. Бас мүфти лауазымына тағайындалған сәтте қажылықпен айналысып жүрген фирма жетекшілерінен қажылықты бизнес көзіне айналдырмауды талап еттім. Халықтың қажылыққа деп жинаған қаржысын оның өз игілігіне толық жұмсауды тапсырдым. Алайда осы салада бірнеше жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан компания басшыларының қажылық маусымында барынша табысқа кенеліп қалуды көздейтін әрекеттері байқалады. Әрине, біз нарықтық қоғамда өмір сүріп отырмыз. Оны да ескеруіміз керек. Алайда, ақша табу – басты мақсатымызға айналып кетпеуі тиіс. Біз фирма өкілдерінен осыны талап етеміз», -дейді бас мүфти.

Жіберіп алма: Күннің басты жаңалықтары енді сенің қолыңда - біздің Instagram парақшамызға жазыл! >>

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1585611-bas-mufti-qazhylyqqa-barghan-adam-quday/