Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қанды кек: Алматы облысындағы "криминалды авторитеттердің" ауылы туралы не білеміз? (фото)

Опубликовано:

90-жылдары елді бұзақылық жайлап, белгілі елді мекендерде қылмыстық беделді "тұлғалар" бүкіл елді дүр сілкіндіріп тұрғаны белгілі. Көршілес ауыл тұрғындарының зәре-құтын қашырып, уысында ұстайтын қылмыстық топтар Алматы облысында да жоқ емес. NUR.KZ порталы еліміздің мегаполисі саналатын Алматы маңындағы елдің зәресін ұшырып, атыс-шабыстан "көз ашпайтын" Нұра ауылына арнайы барып қайтты.

Нұра (бұрынғы - Октябрь) ауылы Алматыдан 50 шақырым жерде орналасқан. Кеңес үкіметі кезінде Нұра ауылшаруашылық саласы жақсы дамыған елді мекендердің бірі саналған. Онда жергілікті тұрғындармен қатар республиканың өзге өңірлерінен келгендер де қоян-қолтық өмір сүрген.

Тағы оқыңыздар: Алматыда жолсеріктер өздерін құл ретінде "ұстаған" басшыларының былығын ашты

Ауылдағы нағыз бұзақылық 90-жылдары басталған. Бұл жылдары тек Нұрада ғана емес, өзге өңірлерде де "криминалды авторитеттер" билік құрғанын бүкіл халық біледі. Осы тұста Алматы маңындағы кішігірім дүкен, базар, қоғамдық тамақтану орындарының көбі осы Нұра ауылының жігіттерінің қолында болған.

Алайда ауылдағы бұзақылықтың сорақылығы сол, олар ауыл көшесінде тапа-тал түсте жанжал шығарып, бір-бірін атып кете беретін. Бұл туралы ауыл тұрғындары әлі де қорқа-қорқа айтады.

"Қазір ауылдағы жағдай тынышталғандай болды. Ауыл жастары екіге бөлініп, "Тайфун" және "Бродяги" деген бір-бірімен жау екі топ құрып алған. Олардың арасындағы қақтығыс 90-жылдары, тіпті одан да бұрын басталған. Мектеп кезінен бір сыныпта оқитын балалар екі бөлек топтың құрамында болғандықтан, сабақ үстінде жанжал шығаратын. Мұғалім түк те істей алмай, оларды далаға қуып жіберетін", - деп есіне алады Ж. есімді ауыл тұрғыны.

Ауылдағы екі топ мүшелерінің бір-біріне деген жауластығы кәдімгі қанды кекке ұқсайды. Егер бір топ екінші топ мүшесін жарақаттап немесе өлтіріп кеткен болса, олар кек қайтармай тынышталмайды.

Нұра ауылының жігіттері көршілес ауылдарға да бұрыннан қызуқандылығымен танылған. Сондықтан болар, қала мен екі ортада қатынайтын таксистер ауыл тұрғындарын Нұраға дейін жеткізіп салудан қашады.

Тағы оқыңыздар: Көкшетауда 173 мұғалім далада түнеуге мәжбүр (фото)

"Жоқ, Нұраға дейін бармаймыз. Бұрын да бармайтынбыз, қазір де барудан қашамын. Қазір жол жаман. Сосын Нұраға кірудің өзі қауіпті", - дейді ауылға барудан қашқақтаған көрші ауылдың таксисі.

2010 жылы Нұраны ғана емес, бүкіл Алматы облысын дүр сілкіндірген оқиға да дәл осы ауылда орын алған. Бұл жайт туралы республикалық басылымдар жарыса жазған.

Бітпейтін жанжалдардың бірінде қайтыс болған Н. есімді 26 жастағы азаматты жерлеу рәсімі кезінде үйдің маңына екі көлік тоқтайды. Сол кезде оларды көре сала, жерлеуге келгендердің бірі оларға оқ атқан. Кісі өліп жатқанда, қару асынып келген көліктегілер де қарап қалмай, жерлеуге келген барлық кісілерге қарай оқ жаудыра түседі. Нәтижесінде, бір-біріне оқ атқандар дін аман қалады да, жергілікті тұрғындардан бірнеше адам зардап шегіп, бір әйел қайтыс болады.

Осылайша, "қанға - қан" деп ұрандатқан жігіттер жерлеу рәсімінде де өздерін сабырға шақыра алмаған. "Время" басылымының жазуынша, дәл осы жайт та жоғарыда айтылған қанды кектің салдарынан туындап отыр.

Ал Нұра ауылы тұрғындарының айтуынша, бір жылдары тіпті күнде атыс болатын кез де болған. "Тайфундықтар" мен "Бродягалар" әйелдер мен балалардың көзінше бір-бірін ұрып, атып кетуден "тайсалмайтын". Олардың арасындағы қақтығыстарға жергілікті тұрғындардың әбден еті өліп кеткен.

Тағы оқыңыздар: Бакуде гейлер мен жезөкшелерді полиция күшпен қамап тастады

"Бұл кек бітпейді. Жалғаса береді. Білмеймін, енді әбден қартайғанда болмаса. Ауылдағылардың көбісі сотталып келген ғой. Тіптен қазіргі жастарға дейін сотталғандары жетерлік. Бұл ауылдың әйелдерінің көрмегені жоқ. Есік алдында атыс-шабыс болып жатса, еркектері үшін, балалары үшін жанын шүберекке түйіп отырады", - дейді М. есімді тұрғындардың бірі.

Мұндай оқиғалар тұрғындардың айтуынша, өте көп. Мәселен, бұл топтармен жауласқан тағы бір кісіні әйелі мен баласының көзінше, көрші ауылдың дүкені маңында атып өлтіріп кеткен.

"Ол күні бүкіл маңдағы ауыл шулады. Ауыл шетіндегі дүкенге кіріп кеткен отағасын әйелі мен баласының, дүкендегі сатушының көзінше атып өлтіріп кеткен. Сотталғандар сотталды ғой", - дейді ол.

Оның айтуынша, кезінде ауылдағы кей үйлерде арнайы "Калашников" автоматын салып, оқ ататын жер де жасап қойғандар болған екен.

Нұра ауылынан бүкіл республикаға танымал "Рыжий Алмаз" қылмыстық тобының бір мүшесі де шыққан. Кейін ол жеке ісін қолға алып, заңды түрде кәсіппен айналысуға көшкен.

Ауылдағы ер-азамат атаулы ғана емес, нәзік жанды әйелдердің өзі адуынды көрінеді.

"Біздің ауылдың әйелдері де мықты. Алматыдан ауылға арнайы көлік келіп, арзанға сүт жинап әкететін. Оның тым арзанға сүт қабылдайтынын естіген әйелдердің барлығы көлік келер кезде күтіп тұрып, жаппай тас лақтырып, ауылдан қуып жергені бар. Жүргізуші әзер құтылған", - деп күле еске алады ауыл әжейі.

Ауылда демалыс күні болса да, тыныштық орнаған. Сабылып жатқан көлік те, көшеде жүріп жатқан халықтың қарасы да көрінбейді. Тіпті көшеде ойнап жүрген балалар да некен-саяқ.

Көшеде кездескен бірен-саран ауыл тұрғынының айтуынша, бүгінде ауыл шын мәнінде тынышталып қалған. Жастар оқуға, жұмысқа Алматыға қатынайды. Жаңа үйлер салынып, шеттен келген қандастар көптеп қоныстануда.

"Ауылымыздың болашағы бар екеніне сенемін. Тұрып жатырмыз осында. Кішігірім қожалығымызды дөңгелетіп отырмыз. Бала-шаға, немере бәрі осында. Еш қорқыныш жоқ. Ондай-ондай қай ауылда болмайды?! ", - дейді болашақтан үміт күтетін ауыл ақсақалдарының бірі.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1620376-qandy-kek-almaty-oblysyndaghy-krimina/

pixel