Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Екі аяғынан айырылған қарттар үйіндегі әжейдің әңгімесі көпшілікті елжіретті (фото)

Опубликовано:

Қарттар мен мүгедектер үйіне келген Ағила Әмірова екі аяғын жамбасынан кестірген. Балалары анасының күтімін жасай алмаған соң 4 ай бұрын мемлекеттің қамқорлығына өтуге шешім қабылдапты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ақтөбедегі қарттар үйіне 4 ай бұрын келген Ағила Әмірова бұл шешімді қабылдау өте қиын болғанын көзіне жас алып, айтып берді.

«Өзім Ақтөбе облысы Темір ауданы Алтықарасу ауылында тұрдым. Сауатым жоқ, тек 7 кластық білімім бар. Әкем соғысқа кетіп, інімді бақтым. Қазір жасым 83-ке келді. Күні-түні тылда еңбек етіп, қара жұмысты талғамай істеген едім. Шөп шабу, мал бағу, сиыр сауып, қырманға бару біздің негізгі жұмысымыз болды. Кеудемдегі төсбелгілер Жеңістің 60, 70, 80 жылдығында берілді. Қарттар үйіне келгеніме 4 ай болды. Қалада үйім болды, бірақ балаларым қартайып, баға алмайтын күйге түсті», - деді Ағила Әміров.

Қария үш бала өсірген. Екі қызы, бір ұлы, немере-шөберелері де бар. Қазір жаңа мекенге бейімделіп, жан-жағымен танысып жатыр.

«Ұлым жүрегіне ота жасап, мүгедек болды. Үлкен қызым 65 жаста, зейнеткер. Ал кіші қызымның екі бүйрегі ауырады. Мені көтеріп, күтім жасауға мүмкіндігі жоқ. Екі аяғымды 6 жыл бұрын кестірдім. Себебі, қант диабеті ауруына шалдығып, жара шығып, іріңдай бастады. Күн сайын ем аламын, 6 рет инсулин беріледі. Қант асса, басымды көтере алмай, төсекте жатамын. Диета ұстау да мүмкін емес. Бар тамақты ішіп, жан сақтап отырмын. Дәрігерлерге алғыс айтамын, күні-түні күтім жасайды», - деді қария.

«Балаларым баға алмаса қайда барамын» деп көзіне жас алған Ағила Әмірова қарттар үйіне қоныс аудару туралы шешімді қабылдап, екі ай бойы көзінен жас кетпегенін жасырмады.

«Көкірегімнен шер, көзімнен жас кетпеді. Үйімді тастап келу оңай емес. Қазір жаңа ортаға үйреніп келемін. Менен де басқа адамдар бар, мен жалғыз емеспін. Дегенмен ауыл тамағын сағынамын. Келген адамдарға «талқан, қаймақ әкеліп бер» деп өтініш айтамын. Диета сақтап жүрген адамға бұл тағамдарды жеуге болмайды. Бірақ құрт пен ірімшікті аңсаймын, жасырын сақтап, жеп аламын», - деді Ағила Әмірова.

Қарияның балалары мен туыстары жағдайын біліп, көңілін сұрап қарттар үйіне келеді. Ақжарқын ана балаларына салмақ түсірмейін, денсаулықтары сыр берді деп, өзі шешім қабылдады. Бұл ісіне өкінген емес.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1634309-eki-ayaghynan-ayyrylghan-qarttay-uyinde/

pixel