Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

ОҚО-да бес тілді еркін меңгерген балақай тағы 10 тілді үйреніп алуды армандап жүр (фото)

Опубликовано:

Оңтүстік Қазақстан облысында тұратын 10 жастағы мектеп оқушысы бес тілді меңгерген. Ол алдағы уақытта мұнымен шектеліп қалмаймын деп отыр. NUR.KZ порталының өңірдегі тілшісі полиглоттың үйінде болып, өзімен аз-кем сұхбаттасып қайтты.

Кентау қаласының тұрғыны Жанполат Рахманқұлов дарынды бала. Оқу озаты болып, қатарластарының ортасында ерекше көзге түсіп жүр. Жанполаттың көп тілді үйренуіне ата-анасының да әсері бар деуге болады. Әкесі - түрік азаматы. Бүгінде Түркия еліндегі танымал оқу орындарының бірінде ректор қызметін атқарады. Анасы -  қазақ ұлтының өкілі.

«Менің анам өзбек ұлтының өкілі, белгілі себептерге байланысты мен дүниеге келгенде құжатыма ұлтым «өзбек» деп жазылған. Негізі өзім қазақпын, руым «Арғын», - деді полиглот баланың анасы Надира Рахманқұлова.

Тағы оқыңыздар: ОҚО-да өзін-өзі "ұрлап" кетіп, күйеуінен ақша бопсаламақ болған әйелдің масқарасы шықты

Жанполаттың тілі бір жасында шығыпты. Туыстарының әсері ме, әлде ортасы сондай болды ма, полиглот бала алғашында өзбекше сөйлеп жүрген. Анасы да бұл тілді жетік меңгерген. Оқушының қазақ тілін үйренуіне анасы септігін тигізген. Балабақшада тәрбиеленіп жүрген кезінде де Жанполаттың қазақшасы тәуірлей түсіп, ойын еш қиналмастан жеткізе бастаған.

Ата-анасы балалары көп тілді еркін меңгерсін деген оймен мектепке орыс сыныбына береді. Ағылшын тілін үйренуіне де мектептің септігі тиіпті. Оған қоса анасы Надира апай шет тілді тереңдете үйренсін деген мақсатпен қосымша курстарға жаздырған. Ал түрік тілін әкесінен үйреніпті.

Бүгінгі таңда бұл тілде ойын еркін жеткізе білгенімен, жазуды енді үйреніп жүрген Жанполат Рахманқұлов алдағы бір-екі жылда онға жуық тілді білсем деген арманы барын жеткізді.

Тағы оқыңыздар: Ішімдікке тойып алған шымкенттік келіншек жеті айлық баласын жоғалтып алған

Биыл араб тілін үйренуді мақсат етіп отырған оқушы көп тіл білгеннің пайдасы жақсы деп отыр.

"Өзге ұлт өкілдерімен еркін сөйлесіп, тіпті шетелде де еш қысылмаймын, жазғы және қысқы демалыс кездерінде Түркия еліне әкемнің қасына барамын", - деген ол араб тілін үйренген соң қытай мен жапон тілдерін де меңгеруді ойлайды.

Оқушының көп тіл үйренемін деген талабын анасы үнемі қолдаймын дейді. Айтуынша, баланың он екі жасқа дейін есте сақтау қабілеті жақсы болады. Айта кетерлігі, оқушының сабақтан тыс бос уақыты мүлдем жоқ. Сурет пен шахмат үйірмелеріне қатысатын Жанполат қол үйірмесіне де уақыт табады.

Анасы Надира Рахманқұлова баласының сабақтан тыс кезде бос жүрмеуін үнемі бақылауында ұстайды. Тіпті өз сөзінде кейбір көршілерінің бала тәрбиесіне аса мән бермейтініне қынжылды.

Кішкентай полиглот болашақта дәрігер болуды армандайды. Анасы да оның бұл таңдауын құптап отыр. «Дәрігер болса, сонша тіл қажетсіз боп қалмай ма?» деген сауалымызға ол кісі көп тіл білудің ешқашан зияны болмайтынын алға тартты.

«Болашақта кім біледі, бәлкім балам шет елде қызмет істейтін шығар. Алда не болатынын білмейміз ғой. Мүмкін Ресей немесе Түркияда тұра ма? Қытай кетіп қала ма? Болашағын кесіп айта алмаймын», - деген Надира Рахманқұлова болашақта ұлы қайда барса, өзі де онымен бірге жүретінін жеткізді.

Сұхбат соңында Жанполаттың анасы Надира Рахманқұлова баласының тілі енді шыға бастағанда онымен үлкендерше сөйлесіп, әрбір сөзді анық жеткізгенін айтты.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1638441-oqo-da-bes-tildi-erkin-menhgergen-balaq/

pixel