Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Атамекеніміз - Өзбекстан: Көрші елдегі қазақтардың тұрмыс-тіршілігі туралы не білеміз? (видео)

Опубликовано:

Ресми дерек бойынша, бүгінде Өзбекстан елінде бір миллионға жуық қандасымыз тұрады. Оның басым көпшілігі Ташкент қаласы мен Навои облысында. Осы ретте Оңтүстік Қазақстан облысындағы NUR.KZ тілшісі шекара асып, өзбек еліндегі қазақ ауылында болып қайтты.

Өзбекстан Республикасының Навои облысы қазақтардың мекені ретінде көпшілікке таныс. Аталған облысқа сегіз аудан қараса, оның төртеуі: Кенимех, Тамды, Үшқұдық және Нұр Ата аудандарындағы тұрғындардың басым көпшілігін қазақтар құрайды. Тілшілер болған Кенимех ауданында шамамен 38 мың халық тұрады. Оның 16 мыңнан астамы қазақ ұлтының өкілдері.

Төрехан Нарынбетов - ғұмырын білім саласына арнаған жан. Талай жыл аудандағы қазақ мектебінде директорлық қызмет атқарып келген ол бүгінгі таңда бұл қызметпен қатар Навои облыстық қазақ мәдени орталығының төрағасы міндетін де атқарады.

Жасы алпысты алқымдаған ақсақал жұбайы Жақсыгүл апа екеуі үш қыз, бір ұл тәрбиелеп өсірген. Бүгінде бұл шаңырақтың үлкені Гүлдана Нарынбетова аудан әкімдігінің қолдауымен жарыққа шығатын «Кенимех таңы» газетінде редактор. Одан кейінгі қызы Әйгерім әке жолын қуып, оқытушылық саласын таңдаған. Қазіргі таңда Кенимехтегі қазақ мектебінде бастауыш сынып мұғалімі. Үшінші қызы Маржан Қазақстанға тұрмысқа шыққан, Жамбыл облысында тұрады. Отбасының кенже ұлы Тараз мемлекеттік университетінде электрик мамандығы бойынша білім алуда.

Шаңырақ отағасы Төрехан Нарынбетовтің үйіне арнайы баратынымызды естіген отбасы мүшелері Қазақстаннан қонақтар келе жатыр деп абыр-сабыр дайындыққа кірісіпті. Көше бойынан қарсы алған Төрехан қарияның үйіне кіре сала Жақсыгүл апа етін асып, қазақтың ұлттық тағамын тарту етті.

Шыны керек, өзбек елі деген аты болмаса, бұл ауылдан қазақтың иісі аңқып тұр. Тіпті Төрехан атаның шаңырағында көрпе-төсектің барлығы қазақи оюмен нақышталған.

Айтпақшы, Өзбекстандағы қазақ ауылындағылар қазақстандық арналарды тамашалай алады екен.

«Біздің үйде Отау қосылған. Қазақстандық арналарды көріп отырамыз», - деп сөзін бастаған Төрехан Нарынбетов шет елде өмір сүріп жатқан қазақтар жиі бас қосып тұратынын айтты.

«Біздің қазір тұрып жатқан ортамыз - қазақ. Шыны керек, құжатымызда Өзбекстан азаматы деген аты болмаса, мұндағы жер-су аттарына дейін қазақша. Өзім осында туып-өстім, ата-бабамыз осында жерленген. Әйтеке бидің сүйегі осы Навои облысында жатыр.

Қазақ мектептері баршылық. Бәріміз бір-бірімізбен қазақша сөйлесеміз. Шекара бөлінген кезде біздің тұрып жатқан жер Өзбекстанға өтіп кеткен. Өзге елдеміз дегенімізбен, бөтенсіп жатқан жоқпыз. Сіздер Отанымыз Қазақстан деп айтасыздар, ал біз Өзбекстан дейміз. Осы жер - біздің атамекеніміз», - деген Төрехан қария «оралман» деген сөзге өзбекстандық қазақтардың не үшін ренжитінін де айтып берді.

«Дүниежүзілік қазақтар қауымдастығының құрылтайына қатысып тұрамын. 2013 жылы Алматыда өткен жиында 33 мемлекеттен қазақтар келді. Онда оралмандар туралы сөз қозғалды. Өткірлеу келген егде жастағы бір әйел азаматы: «Сендер анау-мынау деп жатырсыңдар. Сенің Төлебиің мен Әйтеке биің қайда жатыр? Мен ғой, басыма орамал тартып жүрген әйелмін. Қолыңнан келсе, жеріңді қайтарып ал. Жер сенікі ғой... Біз қашып кетпегенбіз, Қытай, Моңғолиядан келгендерде оралман деуге болады. Бізді оралман деуге қақыларың жоқ» деп ашуланып еді. Тағы да қайталайын, біз осы жерде туып-өстік. Ата-бабамыздың сүйегі осында жатыр», - деді Өзбекстандағы қазақ азаматы.

Өз сөзінде Төрехан Нарынбетов өзбек елінің басшылығы ауысқалы бері мұндағы экономикалық дамудың сезіліп жатқанын жасырмады. «Қара базардан арылатын болдық» деген ол бұрынғы президент Ислам Каримовтың да еліне талай еңбегі сіңгенін айтты. "Бастысы, бейбітшілік" деген ол биліктің қазақ ұлтына деген көзқарасы жақсы екенін жеткізді.

«Бір ғана біздің ауданда 35 мектеп болса, соның 28-і таза қазақ тілінде білім береді. Ал Тамды ауылында барлық мектеп қазақ тілінде оқытады. Сенесіз бе, Жүзқұдық деген ауылдағы №2 мектеп жуырда жаңа ғимаратқа көшті. Небәрі 27 бала оқитын мектеп жаңа ғимаратқа көшті. Онда 10 балаға арналған балабақша да бар», - деп сөзін жалғастырған Төрехан қария жақында Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев Өзбекстенда ресми сапармен болып қайтқанын, жақын күндері Қызылорда аумағынан шекара ашу мәселесі шешіліп қалады деген жақсы жаңалықты естігенін қуанышпен айтты.

«Мұндағы қазақтардың барлығы мал шаруашылығын меңгерген» деп сөзін түйген Төрехан Нарынбетовтың сөзін Кенимехтің тағы бір тұрғыны Кенбай ақсақал жалғады.

«Қарағым, біз бұл елге кеше немесе бүгін келіп отырған жоқпыз. Бөтендігіміз жоқ, араласып, сіңісіп кеткенбіз. Елге келген жаңа президентіміз халыққа қызмет етіп жатыр. Сондай ұлды тәрбиелеген атасына рахмет. «Мені сайлаған халық, халық үшін еңбек етемін» деп айтты. Уәдесінде тұрып, елдің жағдайын жақсартуда тер төгіп жатыр. Қазіргі жағдайымыз жақсы. Мұнда еңбек етемін, тіршілік қыламын десең, жұмыс табылады. Жұмыс көп», - деп сөзін түйген Кенбай ақсақал Шымкентте институтта бірге оқыған достарына жиі барып тұратынын айтты.

Кенимехтің үлгілі отбасыларының бірі атанып кеткен Төлегеновтер шаңырағының отағасы Медиғат Төлегенов №12 қазақ мектебінде директордың орынбасары боп жұмыс істейді. Әйелі Айзада да аталған білім ұясында жұмыс істейді. Жас отбасы иелерінен Қазақстанға көшу туралы жоспарын білмек болып сұрақты төтесінен қойғанымызда отағасы Медиғат Төлегенов әзірге өзі туып-өскен, білім алған ауылға өз еңбегін сіңіруді көздеп отырғанын жеткізді.

Осы ретте біз оның келіншегі, қазақ қызы Айзада Пардабаеваны аз-кем әңгімеге тарттық.

Көпбалалы отбасында тәрбиеленген жас келін - үйдің кенжесі. Төрт ағасы мен үш әпкесі де қазақ ұлтының өкілдерімен шаңырақ құрған.

«Барлығы да қазақтың салтымен тойларын өткізді. Мені де жолдасым сырға салып, қолдан алып кетті», - деген Айзада енесінен көп нәрсені үйренгенін жеткізді.

«Бізде келінге қайын жұрттың өкілдерін есіммен атауға болмайды. Сондықтан енемнің есімін айта алмаймын. Ол кісі маған өз анам секілді боп кетті. Келін боп түскенімде жаспын ғой, үйдің шаруасына ебім болмады. Оның үстіне үйдің кенжесімін, ерке боп өстім. Енем барлығына көз жұма қарап, білмегенімді үйретті. Әрине, ол кісіге алғысым шексіз», - деп сөзін жалғаған жас келін бүгінде жолдасы екеуі енесінің қолында тұратынын айтты.

Айтпақшы, Навои облысындағы Кенимех ауданындағы қазақ мектебінде қазақстандық танымал жұлдыз Ернар Айдар білім алған. Тамды, Өтемұрат, Жаңа шаруа, Баймұрат, Үштөбе сынды ауылдардағы қазақтарды нағыз дәстүрді ұстанған қандастарымыз деуге болады. Ондағылар қар үйде тұрып, тіпті күнделікті өмірде қазақи оюмен нақышталған киімдерді киіп жүреді екен. Тек өкініштісі, Өзбекстандағы қазақ мектептерінің атауы жоқ. Тек нөмірленген.

Тағы оқыңыздар:

Назарбаевпен кездескен шетелдік дипломаттар қазақша сөйледі

Роналдумен бір күн: Америка тұрғыны атақты футболшы үшін 32 мың еуросын қиды

Әкесінің қымбат көлігін айдаған бойжеткен бағдаршамда тұрған 11 адамды таптап өтті

Шекарада есірткімен ұсталған қырғыз офицері Қазақстанда бір ай қамауда отыратын болды

Атышулы ресейлік тележүргізуші Путиннің рұқсатымен президенттік сайлауға түспекші (видео)

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1651790-atamekenimiz-ozbekstan-korshiles-eld/

pixel