Алты әйел алған алматылық азаматтың әрекеті шенділерді шошытты (фото, видео)
Жарияланған күні:
Алматылық келіншек махаббатың буына мас болып, сәләфизм ағымындағы азаматтың алтыншы тоқалы болған деп хабарлайды NUR.KZ порталының тілшісі. Жалғыз кісілік ана жат ағымның жетегінде өзі ғана кетпей, 13 жастағы туған ұлын да радикалды жолға салып, туған-туысын сәләфизге кіруге үгіттеген. Бұл туралы журналистке келіншектің экс-күйеуі мен бауыр еті баласы айтып берді.
Светлана (аты өзгертілді) гимнастикадан сабақ беріп жүріп екі жыл бұрын сақалды азаматпен танысып, мешітте некелескен. Жаңа махаббатының сөзіне сенген ол екі айдың ішінде христиан дінінен шығып, жұмысын тастап, хиджап киіпті.
«2015 жылы жазғы каникулға әжеме кетіп, екі айдан соң үйге оралсам анам ұзын, қара көйлек киіп, бетін тұмшалап алған. Бөлмедегі сурет, ойыншық, техниканың бәрін жинастырып тастаған. Үстелдің үстінде оннан аса мұсылмандық кітап жатыр. Аяғымды шешпестен маған «сен қазіргі сәттен жаңа өмір бастайсың. Бұдан былай ойыншық емес, құран кітабын және намаз оқисың» деді. Анамның жаңа сүйіктісі Солих (аты өзгертілді) болса «Жұмақта өмір сүргің келсе, мұсылман болуың керек. Егер, күн бойына намаз оқысаң Аллах саған көп ақша береді» деп қызықтыра бастады. Алғашында «намаз оқымаймын» деп қарсылық танытқаныммен, уақыт өте олар мені қорқытып, бес уақыт сәждеге бас июге мәжбүрледі»,-дейді 7-сынып оқушысы В.
Жеткіншек екі жыл бойы өгей әкесімен анасынан әбден қорлық көргенін айтады. Қорыққанынан намаз оқып, сабаққа үлгерімі төмендеп, денсаулығы сыр бере бастаған. Себебі анасы «көшеге күйеусіз шығу - харам» деп азық-түлік әкелмей, үнемі Қытай кеспесін жегізіпті.
«Күріш пен қой етінен басқасын «харам» деп жегізбейді. Ал тамақ алуға сыртқа шықпайды. Амал жоқ, күнде күріш қайтып, Қытай кеспесін ғана жедік. Тіпті, балық пен тауық етін де «кәпірдің асы» дейтін. Ойыншық ұстасам - шайтанның ермегі, сурет салсам – үйге жын шақырдың деп ұрсады. Теледидар көру, музыка тыңдауға мүлдем тиым салып, бәрін далаға шығарып тастады. Сабақ жоқ болса да өтірік айтып демалыс күндері мектепке барып жүрдім. Үйде тұру мүмкін емес еді» деп есіне алады жеткіншек.
Азып-тозып кеткен ұлының жағдайын алғашқы болып әкесі көріп, сөзге тартқанда бар былық ашылған.
«Ұлым үйге келгенде ашықтан оралғандай көп тамақ жеп, өзін біртүрлі ұстайтын еді. Не болғанын жәйлап сұрағанда, анасының жаңа күйеуі психологиялық қысыммен күн көрсетпейтінін айтты. Біз дереу полицияға арыз жазып, сотқа шағым түсірдік»,- дейді В-ның әкесі.
Төрт айға соғылған сот процесі кезінде Светлана мен оның сүйіктісі Солих теологтардың тексеруінен өтіп «сәләф» екендері дәлелденген. Сараптама қорытындысынан соң судья жеткіншекті бұдан былай анасымен емес өз әкесімен бірге тұруына шешім шығарған. Тіпті, әйелге сот отырысы кезінде тура жолға түссе, ұлын қалдыру туралы да ұсыныс жасалған. Алайда тақуа келіншек бәрінен бас тартып, барлығын «кәпір» деп балағаттапты.
Солих пен Светлананың қалалық дін істері басқармасында әңгімелесуден өткен сәті.
«Анам Солихтың алтыншы әйелі екенін білетін. Мен оған «неге сен алтыншы әйелісің? Ол біздің үйде аптасына үш рет түнейді. Тым құрымаса екінші немесе төртінші әйелі болмайсың ба?» деп сұрасам, ол маған «ислам дінінде еркектер соңғы әйелдерін алдыңғыларына қарағанда қатты жақсы көреді. Мен оның алтыншы тоқалы екеніме қуанамын» деп жауап берді. Анамның шын басы айналып қалғаны сонша күн сайын маған «жақын күндері соғыс болып жатқан елдердегі мұсылмандарды құтқаруға аттанамыз. Олар сенің нағыз бауырларың. Жер шарын кәпірлерден тазартумен айналысамыз» деп айта беретін»,- дейді В.
Жас келіншектің басын айналдырған азамат Алматыда шағын тісемханасы бар кәсіпкер екен. Ол өгей ұлына «сәләфизм - исламның түп тамыры. Осыны ұстансаң көп әйелің мен ақшаң болады. Ал сенің әжең мен әкең құдайдың жаулары» деп миын улап, туыстарымен кездесіне де тиым салған.
Қалалық дін істері басқармасы болса сәләфизм жолына түсіп кеткен отбасыға оңалту орталығында тегін дәріс алып, түзу жолға түсуіне үгіттеген. Алайда, олар «құдайдың бұйыртқаны» деп баладан да, басқадан да бас тартып отыр.
Материал Қазақстан Республикасының заңнамасымен қорғалған. Эксклюзивті материалды көшіріп басуға редакция тарапынан қатаң тыйым салынады!
Бізбен бөлісер қызықты әрі маңызды жаңалығыңыз болса, NUR.KZ порталының WhatsApp нөміріне жолдаңыз: + 7 747 535 12 98
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1712380-alty-jel-algan-almatylyk-azamatty-reketi-sendilerdi-sosytty-foto-video/