Әйелінің көзіне шөп салып жүргенін білген жігіт жанайқайын жеткізді
Жарияланған күні:
Жамбыл облысының тұрғыны өзінің басынан өткен оқиғасымен бөлісті. Ол әйелінің көзіне шөп салып жүргенін кеш байқағанын NUR.KZ порталына баяндап берді. Сондай-ақ ер-азаматтарға «Ерте бастан әйелге қатал болу керек» деп кеңес берді.
Арман (ред. Есімі өзгертілді) есімді азамат осыдан сегіз жыл бұрын өзі ұнатқан аруды алып қашыпты. Сол уақытта ол 28-де болса, сүйген аруы бар болғаны 18 жаста екен.
«Ата - анам тұңғышым үйленді деп барын шашты. Өзіміз ауылда тұратындықтан он шақты сиырымыз, бір үйір жылқымыз болатын. Майысып отырып шай құятын келіншегіме қарап жүріп, риза болатынмын. Ауыл тірлігіне үлгермеген кезінде, қасында еріп жүріп көмек көрсететінмін. Бұған жеңгелерім күліп қараса да, мен бақытты едім», - деп әңгімесін жалғады Арман.
Содан өмірге тұғышымыз келді. Бақытым еселенгендей болды. Біресе кішкентай қызыма, біресе келіншегіме қарап, жұмыстан шаршағанымды да ұмытып кететінмін. Қызымыз бір жастан асқанда келіншегімді ауыл мектебіне жұмысқа орналастырдық. Бәленің бәрі осы жерден басталды. Келіншегім жұмыстан шаршап үй тірлігіне де селқос қарауды шығарды. Оның үстіне ара-қатынасымыз бұрынғыдай емес. Шаршап жүр ғой деп түсіністік танытқан сайын, мені басына бастады.
Осылай жүргенде екінші баламыз да өмірге келді. Декреттік демалысын зорға өткізген әйелім баламыз жасқа толмай жұмысқа шығып кетті. Жұмысын, толтыратын қағаздарын сылтауратып жексенбі күні де мектепке тартып отыратын болды.
Осылай жүріп, мен 15 күндік вахталық жұмысқа ауыстым. Кешкілік хабарлассам үнемі бос емес, бірде анасымен, бірде құрбысымен сөйлесіп жатады. Ал үйіме сағынып келгенде түрлі сылтаумен жанына жақындатуды да қойды.
Бір күні достарыммен жиналып, сыралаттық. Біраз бөтелкенің түбіне жеткенімізде, сөзден-сөз шығып, бір досым менің әйелімнің көзіме шөп салып жүргенін айтты. Оны ауылда менен басқалардың бәрі білетін болып шықты.
Ашумен үйге келіп шу шығардым да, әйелімді оңдырмай сабап тастадым. Оның бірде-бір сөзіне де, балалардың жылағанына да мән бермедім. Ішім удай ашып, еріксіз жыладым.
Осылай жатып, ұйықтап кетіппін. Түсте бірақ ояндым. Көзімді ашсам, үйде ешкім жоқ. Әйелім де, балаларым да көрінбейді. Сөйтсем, әйелім ұлым мен қызымды алып, төркінге тартып кетіпті. Ал түстен кейін анасы хабарласып, аузына ақ ит кіріп, көк ит шығып, қызын ажыратып алатынын айтты да, тұтқаны тастай салды.
Мен мәселенің анық-қанығына жетпей, шу шығарғаныма өкінгенмен болмады. Анасы қызды медициналық сараптамаға да беріпті. Онсыз да менің ұрғаным көгерген денесінен көрініп-ақ тұр. Ортаға әке-шешем араласқанынан ештеңе шықпады. Ақыры ажырасып тындық.
Арада айлар өтіп, бала-шағамды сағына бастадым. Қайтадан әйеліме түрлі сылтау айтып хабарласып, екеуіміз жасырын кездесуді бастадық. Ал екі үй бет көріспестей қырылып қалған.
Алты айдан соң екеуіміз, бәрінің қарсылығына, сөзіне қарамай қайта қосылып, Шымкент қаласына тартып кеттік. Сол жақта пәтер жалдап, мен 15 күн түзде, 15 күн үйде қызметімді істеп жүрдім. Үйде жүрген уақыттарымның бірінде әйелім есік алдына балаларға шығып кетті. Сол сәтте оның қалта телефонына смс келді. Ашып оқысам белгісіз номерден, «Жаным, енді қашан жолығамыз» деген жазба екен. Қаным басыма шауып, қайта шу шықты. Осы жағдай одан соң да бірнеше рет қайталанды.
Қазір ауылға қайтатын бет жоқ. Достарыммен де араласпаймын. Күйігімнің бәрін ішімдікпен басып, өмір сүрудемін. Балаларым үшін әйеліммен бірге тұрамын. Ал оған менің өлі-тірі екенім бәрібір секілді. Өмірден шаршадым», - әңгімесін аяқтады кейіпкер.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1714867-jelini-kzine-sp-salyp-zrgenin-bilgen-zigit-zanajkajyn-zetkizdi/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.