Ләйлә Сұлтанқызы тағдыры ауыр қазақ қыздарына арнап тағы бір кітап шығарды
Жарияланған күні:
Белгілі тележүргізуші Ләйлә Сұлтанқызы «Әйел» атты екінші кітабының тұсауын кесіп, оқырмандарын тағы бір туындысымен қуантты деп хабарлайды өңірдегі NUR.KZ тілшісі.
Кітап авторының айтуынша, туындының жарыққа шығуына тағдырлары сан қилы, өмірден қиындық көрген түрлі кейіпкерлердің оқиғалары негіз болған.
«Әйел бақыты» бағдарламасын жүргізгенде мен көптеген әйел адамдармен сұхбат жүргіздім, олардың ауыр тағдырымен таныс болдым. Сол сияқты, менің әлеуметтің желідегі парақшаларыма күн сайын мыңдаған хаттар келіп жатады, олардың барлығы әйелдерден. Мәселен, өмірі қиындыққа толы нәзік жандылар өздерінің ішкі сырлары мен құпияларын ешкімге айтпауымды өтініп, «анонимді» түрде жариялауымды сұрап жатады.
Сол оқиғалардың жиынтығын қалың оқырман осы кітаптан таба алады. Қаламы қарымды қаламгер, жазушы емеспін, оны мен үнемі айтып та жүремін, мен тек журналистпін. Кітапты осы қырымнан жаздым», - деп өз ойын ортаға салды тележүргізуші.
Сондай-ақ, ол аталған туындының жалғасы ретінде, тағы бір кітаптың жарық көретінін мәлімдеді.
«Қазір әлемдегі қазақ әйелдерінің тағдырынан сыр шертетін кітап басып шығаруды жоспарлап отырмын, ол туынды ағылшын тілінде жарыққа шықпақ. Мәселен, Қытайдағы қазақ әйелдерінің тағдыры дегендей, әрине, барша әйел қауымының тағдыры бір болуы мүмкін, алайда оның ішінде, қызығын таңдап, олардың келісімін алып, көпке жариялаудың өзі үлкен еңбек пен қажырлықты талап етеді. Бүгінде кітапқа қажет ақпаратты жинап жатырмын, туындының қай уақытта жариялатыны әзірге белгісіз», - деді кітап авторы.
Әңгіме барысында, танымал тележүргізуші алғашқы кітабының үш мәрте басылып шыққанын, кітап шығаруды «бизнеске» айналдырмайтынын да айтып берді.
«Шынымды айтсам, кітап сатып байып кетеді деген түсінікпен келіспеймін. Бірақ, әрине үздіктер қатарынан табылғың келеді, адам бір жоғарыдан көрінсе, сол межеден түскісі келмейтіні де баршаға мәлім. Жоба коммерциялық мақсатта болғанымен, оған бизнес ретінде қарамаймын. Бәріңіз білесіздер, менің қандай да бір бизнесім жоқ, керісінше, жолдасым кәсіпкер, жағдайы бар жігіт. Шығармашылық тұрғыда, бірқатар телевизиялық жобаларым бар, сол кәсібім, құдайға шүкір, менің күнделікті тұрмысыма, наныма жетеді», - деп ағынан жарылды белгілі тележүргізуші.
Тележүргізуші, сонымен бірге, әйгілі «De beers» зергерлік компаниясының келбеті болатынын атап өтті. «Бұл ұсыныс ойламаған жерден болды, алдағы уақытты осы компаниямен бірге жұмыс жасамақпыз»,-деп қысқа қайырды тележүргізуші.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1717043-ljl-sltankyzy-tagdyry-auyr-kazak-kyzdaryna-arnap-tagy-bir-kitap-sygardy/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.