Қазаққа тұрмысқа шыққан жапон қызы той күні көз жасын тоқтата алмады (фото)
Жарияланған күні:
Жапон қызына үйленіп, бүгінде Жапонияда тұрып жатқан қазақ жігіті өзінің интернационалды өмірі туралы айтып берді. Бір-біріне үйренісе алмай, әбден қиналған ерлі-зайыпты бастапқыда екі ұлтқа тән менталитетті түсіне алмай әлек болған. Бұл туралы жапон қызын алған Әбдіғали Әли Central Azia Monitor басылымына берген сұқбатында айтты деп хабарлайды NUR.KZ.
Алматы облысындағы Талғар қаласының тұрғыны 12 жыл бұрын Қытайда бірге оқыған топтасы - жапон қызы Айкоға үйленген. Басқа елдің салт-дәстүріне үйренісе алмаған жас жұбайлар көптеген түсініспеушіліктерді басынан өткергенін айтады. Әсіресе, қазақ жігіті жақындарына, тіпті туысына қарызға ақша бермейтін жапондық қайынжұртын көріп жаға ұстаған. Ал жапон қызы ысырыпшылдықпен жасалған тойындағы дүйім жұрттың әрекетіне куә болып, қатты таңғалған.
Күйеуінің ақшаны үнемдей алмайтынын, қарызға ақша сұрайтынын көрген жапон қызы қазақтардың біреудің мойнында отыратынына кейіді, дейді Әбдіғали.
"Үнемдеу деген сөзді түсінбейтінмін. Қалтамда ақша пайда болса, оны жұмсауға асығатынмын. Ол болса, менің бұл әрекетімді түсінбейтін. "Қалайша? Жасың 25-ке келді. Ал сен болсаң өз өміріңді де, ақшаңды да басқара алмайсың! Бізде балалар да ондай емес" деп сөкті. "Сендер барлық жауапкершілікті достарың мен туыстарыңа артып қоясыңдар", - деген еді ол бір сөзінде.
Жапондарда әр адам өз проблемасын өзі шешеді. Қандай қиын жағдайға тап болмасын, олар ешқашан әлеуметтік желі арқылы көмек сұрауға бармайды. Ақша жинап, біреудің өмірін құтқарып қалайық деген әңгіме жоқ. Онда оған елдің бәрі бір түрлі қарап: "Есің дұрыс па? Осыған дейін қайда жүрдің? Жинаған қаражатың қайда? Қайғылы жағдайдан неге сақтандырылмадың?" дер еді", - дейді қазақ жігіті.
Сонымен бірге, оның айтуынша, оның жапондық әйелі Қазақстанда болған үлкен тойды көріп, жағасын ұстаған. Мәселен, ол соншама қырауар қаражаттың босқа шашылуын, тойдағы қонақтардың ішіп алғандағы түрлі әрекеттерін көріп, наразы болған. Әбдіғали сол түні жас әйелінің солқылдап жылағанын байқап қалған. Мұның барлығын ол өзара түсініспеушіліктен болды дейді.
"Ол қазаққа тұрмысқа шыққаны үшін өкіндім деп айтқан жоқ. Себебі ол бәрібір өткенді қайтара алмайтын еді. Біз ғой кез келген нәрсені жарты жолдан тастап, кете береміз. Ал олар болса, өз еркіңнен тұрмыс құрдың ба, демек оған өзің жауап беруің керек деген қағидамен өмір сүреді", - дейді жапондық күйеубала.
Жапон қызынан сүйген екі баласына ол Қанат және Нұрия деп қазақша есім берген. Айтуынша, олар елге жылына бір-екі аптаға ғана келіп кетеді. Алайда олармен әкесі толықтай қазақша сөйлесетінін айтты. Айтуынша, анасын жиі шақыртып, балаларының ана тілін ұмытпауы үшін барынша тырысып бағуда. Ал Жапонияда жинаған тәжірибесін ол өз елінде кәдеге жаратуды көздейді.
Мақала авторы: Сара Садық
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1718099-kazakka-trmyska-sykkan-zapon-kyzy-toj-kni-kz-zasyn-toktata-almady-foto/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.