Қызылорда облысында дипломы бар мамандар жол бойында балық сатып, жан бағып жүр (фото)
Жарияланған күні:
Қызылорда облысы Арал ауданы Аралқұм ауылының тұрғындары NUR.KZ порталына хабарласып, өздерінің аянышты күйін көрсетті. Ауыл тұрғыны Қонысбайдың айтуынша, қыс демей, жаз демей ауылдан өтетін тасжолдың бойында сауда жасап тұрған әйелдердің кейбірі жоғары білімі бар мамандар.
Редакцияның + 7 747 535 12 98 WhatsApp нөміріне хабарласқан тұрғындар өз шындығын айтып, жанайқайын жеткізді.
«Мына сурет біреулер үшін күлкілі көрінетіні рас. Ақпанның саршұнақ аязында бет қаратпас боранмен алысып, шілденің шіліңгір ыстығында күн астында қақталып тұрған осынау кісілер үшін бұл көрініс жан бағудың амалы. Ақтөбеге не Қостанай апаратын автожол Аралқұмнан өтеді.
Ауылға жақындай бере бір топ бүрсеңдеген әйелдердің балық көтерген сұлбасы алыстан менмұндалайды. Бір қолында қатып қалған балық, екінші қолында қаусап қалған шұбат қауырсыны кімді де болсын елең еткізеді. Кейбіреулер осынау жанбағып тұрған жандарды мазақ қылғандай, суретке түсіріп жатады.
Көлік тоқтаса, олар жапатармағай сізге қарай жүгіреді. Сондағы, бар ойлары бала-шағаның бүгінгі напақасы. Қолдарында тізбектелген түйе жүнінен жасалынған шұлық одан қалса шұбат, пар-парымен балық, тағысын тағылар. Бірінші рет көрген адамға әсер етпей қоймайтын аянышты кадр", - деп баяндағын оқырман.
"Бір қызығы сол, әшейінде ат басын тіреп, халық жағдайын сұрамайтын әкім және оның шабармандары ауылға комиссия не аудан әкімі келгенде осынау жандарды дорба-дорбасымен тым-тырақай таратып жібереді.
Аудан әкімі келсе, өтірік есеппен "қағанамыз қарқ болып жатыр, халық ықылық атып отыр" деген желеумен шығарып салады. Ал, кеткесін жағдай басқаша.
Біздегі, көпекөрнеу алдаудың шағын эпизодын осынау істен байқауға болады. Жалған цензураның ауылдағы көрінісі бұл. Бұған дейін осынау жабайы сауданың кесірінен екі рет көлік оқиғасы болып, адам өлімі тіркелді.
Бүтіндей бір отбасының асыраушы әкесі осылай балық көтеріп тұрған сәтінде ажал құшты. Мен білетін бұл ауылда жиырма не отыздан астап отбасы осынау трассадан нәпақасын айырып отыр", - дейді Қонысбай есімді ауыл тұрғыны.
Оның айтуынша, ауыл жастары жұмыссыз. Қолдарында білдей дипломдары болса да жолда балық дорбасын арқалап, сауда жасап жүрген жоғары білімді мамандар өте көп, дейді ол.
Ал Ә. есімді ауыл тұрғыны болса, өзінің дипломы болса да, қолына дорба ұстап сауда жасауға шығатынын айтады. Бұған себеп, оған лайық жұмыстың табылмағаны.
"Таңның атысы, кештің батысы осы трассада тоңып шашырап отырамыз. Қолымызда диплом болғанымен, дорба көтеріп, амалсыз әр көлікке телміруменкүніміз өтеді. Күніне ішіп-жемімізді айырсақ, соған қуанамыз.
Әкімге талай рет жұмыс сұрап бардым. Ешқандай көмек жоқ. Жұмыс та жоқ. Осыдан кейін ауыл қалай көгереді? Онда тастайық та, бәріміз қалаға кетейік. Бізге де өмір сүру керек қой. Осыдан кейін ешкім ауылды көркейту туралы әңгіме айтпай-ақ қойсыншы", - дейді ол.
Оқырман дәлел ретінде балық сатып отырған ауыл тұрғындарының суретін де қоса жіберген.
Материал ҚР құқықтық заңнамасымен қорғалған. Мақаланы көшіру, көшіріп басу, таратуға редакцияның рұқсатынсыз тыйым салынады.
Егер сіз тосын жайттың куәгері болсаңыз немесе бізге айтар маңызды жаңалығыңыз болса + 7 747 535 12 98 нөміріне хабарласыңыз!
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1719818-kyzylorda-oblysynda-diplomy-bar-mamandar-zol-bojynda-balyk-satyp-zan-bagyp-zr-foto/