Жігіттері романтик, қыздары қатал: Көкшетауға көшіп барған қызылордалық неге таңғалды?
Жарияланған күні:
2014 жылы Елбасының бастамасымен «Серпін» бағдарламасы аясында солтүстіктің бес облысына оңтүстіктің бір топ жастары лек-легімен білім гранты үшін ағылған болатын. Сол жастар қазір оқу орнын бітіруге жақын. Қызылордадан Көкшетауға көшіп барған студент NUR.KZ порталына солтүстік өңір тұрғындары туралы ойын айтып берді.
Бүгінгі таңда Көкшетау қаласының өзінде оңтүстіктен келген жастардың қарасы қалың. Осы орайда, оңтүстіктен келген студенттер арасында шағын сауалнама жасаған болатынбыз. Алғашқы келген бірінші курс студенттерінің Көкшетау туралы қызықты он дерегін назарларыңызға ұсынамыз.
- Көкшетауда тілдің өзіндік ерекшелігін жергілікті тұрғындардан бірден байқауға болады. Тұрғындар көп аса «а» дыбысын «ә» дыбысы қылып айтуды әдет қылып алған. Мысалы ауызекі тілде құләғ, жәңәлық, бұләқ т.б.
- Көкшетау халқының үлкен асты қонақ алдына тартуда да өзіндік ерекшілігін байқауға болады. Үлкен астың қамырынан гөрі еті әлдеқайда көп болады. Тұрғындар көбінесе етті ағаш табақпен дастархан басына алып келгенді жөн санайды.
- Жергілікті халық «пара» дегеннен қатты қорқады. Мемлекеттік қызметтегі азаматтар мен мұғалімдер ол нәрседен барынша қашқақтайды. Бұл оңтүстік пен солтүстік басты айырмашылықтарының бірі.
- Мұндағы қазақ тілінің жағдайы көңіл көншітпейді. Мектептерде қазақ балалары бір-бірімен тек ресми тілде ғана сөйлеседі. Барлық емханалар мен мемлекеттік органдарда ана тілдің жағдайы аянышты кейіпте. Ал бізде, керісінше.
- Көкшетаудың қысы бес ай, кейде одан да көпке созылады. Сондықтан сақырлаған сары аязды қыста кемі екі аяқ киімді тоздыруға тура келеді. Оңтүстік жастары алты айға созылатын қысқа үйренісе алмай, әбден қиналдық.
- Табиғатының салқындығы адамдарының мінезіне де ықпалын тигізбей қоймайды. Қала тұрғындарының көпшілігі салқынқанды және сұраққа қысқа қайырумен шектеледі.
- Бұл жақтың жігіттері қызға келгенде өте романтик келеді және қызбен араласуда сыпайылықты басты назарға алады. Сыйлық жасауда гүл сатушы апайлардың қалтасы томпаятыны анық.
- Ал қыздары салқынқанды, кейде түсі қатал көрінеді. Олардың жанына біздегі секілді оп-оңай жақындай алмайсың. Ашық киініп, өздерін емін-еркін ұстағанымен, маңына себепсіз жуытпайды. Есесіне, қыздардың құны да биік, оларды ерлер құрметтейді.
- Жергілікті жерде қазақ тілдегі басылымдар өте аз. Кітапханаларда тұрған кітаптардың жетпіс пайызы орыс тілінде.
- Мұнда оңтүстік базарларындағыдай бәсекелестік байқалмайды. Саудагерлер бір бағаны ұстап тұруға тырысады. Заттың құнын клиентпен келісе отырып, түсіріп бергенді ұната бермейді.
Ескерту! Материал ҚР құқықтық заңнамасымен қорғалған. Мақаланы көшіру, тарату және өзге мақсаттарда пайдалануға қатай тыйым салынады!
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1721879-zigitteri-romantik-kyzdary-katal-kksetauga-ksip-bargan-kyzylordalyk-nege-tagaldy/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.