Атырауда күйеуімен ажырасқан жетім келіншекті енесі үйінен қуып шықты (фото)
Жарияланған күні:
Атырау қаласының тұрғыны Сәния Нұрымова NUR.KZ порталына хабарласып, өз жағдайы туралы айтып берді. Әңгіме барысында 33 жастағы тұрғын өзінің тұл жетім екенін және барар жер, басар тауы қалмағанын айтып ағыл-тегіл жылап жіберді деп хабарлайды NUR.KZ.
Сәния кішкентай кезінде ата-анасынан айырылып, інісі екеуі апа-жездесінің қолында тұрған. Айтуынша, оның балалық шағы азаппен өткен. Себебі жетімдерді өз қарауына алған туыстары оларға күн көрсетпей, түрлі азаптарға душар еткен.
"Апа-жездем бізді құлша жұмсайтын. Олардың істемеген ісі жоқ. Әсіресе, жездемнен көп зәбір көрдім. Дәл қандай істерге барғанын айтпай-ақ қояйыншы. Ол кісі қазір бұл дүниеде жоқ. Әпкеміз де қайтты. Оның күнәсін өзіме алып қайтейін. Бірақ балалық шағымда өзімді бала сезініп көрмеппін. Оларға қатты ренжулі болғаным соншалық, тіпті өлгенде де дұрыстап жылай алмадым", - дейді Сәния.
Бой жетіп, мектеп бітірген қыз тұрмысқа шыққанымен, бірінші некесі сәтсіз болып екінші рет тұрмысқа шыққан. Ол бүгінге бір қызды тәрбиелеп отыр.
"Бірінші некем сәтсіз болды. Екінші рет тұрмысқа шықтым. Бірақ онымен де тұра алмадым. Мүлдем келісе алмадық. Күнде ұрыс, күнде айқай. Ақыры ажырасатын болдық. Мені кемсітетін. Жетім болғанымды басынды. Мені олар уақытша есігінің алдындағы "времянкаға" тұрғызды. Өзім 2-топтағы мүгедекпін. Жұмыс істей алмаймын. Қызым 3,5 жаста. Енді кеше ресми түрде ажырастық. Олар мені үйден қуып шықты. Қайда барарымды білмеймін", - деп ағыл тегіл жылады келіншек.
"Жетім болғанына ешкім кінәлі емес қой, әрине. Бірақ шын мәнінде қайда барарымды білмеймін. Інім үйленген, Астанаға жұмыс істеуге кетті. Оны да жездем кезінде мектептен шығарып алып, ауыр жұмысқа салып қойған. Мектеп бітіргені туралы аттестаты да жоқ", - дейді ол.
Сәния Нұрымова жердің де, үйдің де кезегінде тұрғанын, алайда оны жуық арада алатынына күмәні бар екенін айтады.
"Мен қалай күн көремін, жұмыс істеуге жарамаймын. Қызымды қалай асыраймын?", - деп егіле жылаған әйел телефонмен өксігін әрең басты. Ол қайырымды жандардың көмегі болып қалар деген үмітпен хабарласып отырғанын жеткізді.
Сәнияның тағдырына бей-жай қарамайтын жандар табылса, редакцияның нөміріне хабарласуына болады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1723728-atyrauda-kjeuimen-azyraskan-zetim-kelinsekti-enesi-jinen-kuyp-sykty-foto/