Қызылордалық келіншек бала-шағасы бар жігіттен екі рет жүкті болып қалған
Жарияланған күні:
27 жастағы қызылордалық келіншек «сүйген» жігіті үшін екі рет түсік жасатқанын жайып салды деп хабарлайды NUR.KZ тілшісі.
Гүлсім есімді қызылордалық тұрғын (аты-жөні өзгертілген – авт.) өзінен 22 жас үлкен жігітке қалай алданып қалғанын айтып берді.
«Мен онымен екі жыл бұрын Алматыға бара жатқанымда таныстым. Қызылордаға келгенде, ол мені күтіп алды. Менен 22 жас үлкенін кейін білдім. Өзі жас көрінетін. Төрт ай бойы сөйлесіп жүрдік. Оған қалай ғашық болғанымды аңғармай қалдым. Мені сүйетіндігін айтып, қызғаныштан мені достарына да көрсетпеуге тырысатын», — деп ағынан жарылды Гүлсім.
Сезімге мастанып, жігітпен төсекті де бөліскен келіншек кейін өкініп қалғанын жасырмады.
«Бір күні аяғым ауыр екенін білдім. Оған үйлену туралы айттым. Бірақ ол «жоқ, баланы алдыртып таста» деп бір аптаға хабарсыз кетті. Ауылыма қайттым. Төрт айдан кейін ол маған қоңырау шалып, «Шымкенттің онкологиялық емханасында жатырмын... Сені сүйемін, ажырамайықшы» деп еңіреп жылап тұрды. Ойланбастан іздеп бардым», — дейді келіншек.
Айтуынша, ол жігіт емхананың ішінде сөз салып, үйленуге ұсынысын айтқан. Ата-анасымен де таныстырған. Алайда, Гүлсім ащы шындықты жігіттің жолдасынан естуге мәжбүр болады.
«Оның әйелі мен екі баласы бар» деген сөзді естігенде төбемнен жай түскендей болды. Бірақ сенгім келмеді. Ата-анасының батасын алған едік. Кейін ол бәрін мойындады. «Саған үйленемін» деп қарсыласты. Әйеліне бар шындықты айтып бердім. Бірақ ол үндемеді», — деп Гүлсім көз жасын тия алмады.
Қиындықтар үсті-үстіне қабаттасып кеткен сәтте Гүлсім екінші рет жүкті болып қалғанын біледі. Не істерін білмеген келіншек жігітіне қайтып барады. Ол да бұл хабарды күтпеген болу керек.
«Мені ұрып-соғып, өзім жалдап жүрген пәтеріме қамап тастады. Сол жерде балам түсіп қалды... Бір өзім өмірмен арпалыстым... Өлгім келді, шаршадым...», — деді тағдыр тәлкегіне өкпелі келіншек.
Гүлсімді көршілері босатып алған. Полицияға арыз түсірмеген. Бұл сұмдық оқиғаны тезірек ұмытуға тырысқан келіншек ендігәрі жігіттерге сенбейтінін айтты.
«Өз-өзіммен өмір сүріп жатырмын. Сөз салып жүрген жігіттер бар. Бірақ жігіттерден көңілім қалды, мен оларға сенбеймін», — дейді ол.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1727721-kyzylordalyk-kelinsek-bala-sagasy-bar-zigitten-eki-ret-zkti-bolyp-kalgan/