Астананы мойындатқан ең танымал шымкенттіктер кімдер?
Жарияланған күні:
Астанаға бас қала статусы берілгелі бері, қаланың бет-бейнесі мен ондағы халық саны күрт арта түсті. Бас шаһарға жан-жақтан ағылып келген қазақстандықтардың легі көбейді. Олардың арасында күні бүгінге дейін оңтүстіктің тумалары басым сыңайлы. Осы орайда, NUR.KZ порталы елордада көптеген жетістіктерге жетіп, бүгінде билік пен өнер, спортта жүрген атақты шымкенттіктерді назарларыңызға ұсынады.
Бүгінде Шымкент тумалары билік басында көп десек жаңылыспаспыз. Солардың бірі – Өмірзақ Шөкеев. Көп жылдар бойы "Самрұқ Қазына" ұлттық әл-ауқат қорын басқарған ол, бүгінде Ауыл шаруышылығы министрі қызметін атқарып отыр.
Айта кетерлігі, министрлер арасында аталған өңірдің тумалары бәрінен көп болып шықты. Мәселен, Әділет министрі – Марат Бекетаев 2016 жылдан бері осы қызметте отыр.
Сол сияқты Қорғаныс министрі – Сәкен Жасұзақов та ОҚО-ның Шалдар ауылында дүниеге келіпті. Шенеунік министр қызметіне 2016 жылдың қыркүйек айынан бастап кіріскен.
Айтпақшы, министр қызметінен кеткен экс-министрлер арасында да шымкенттіктер көп болып шықты. Мысалы бұрынғы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова мен Дін және азаматтық қоғам министрлігінің бұрынғы басшысы – Нұрлан Байұзақұлы Ермекбаев та ОҚО-ның тумалары.
Ал Шымкенттен келіп биліктің жоғары сатысынан көрініп жатқан шымқалалықтар қаншама. Олардың ішінде елге кең танымалы – Шымкент шаһарының бұрынғы әкімі Ғабидолла Әбдірахымов. Бүгінде ол "Нұр Отан" партиясының хатшысы қызметін атқарып отыр.
Биліктен бөлек өнер мен спортта жүріп, бүгінде Астананың қақ ортасында зәулім үй салып, "астаналық" болып кеткен оңтүстік тумалары да бар. Солардың бірі – Қайрат Нұртастың әулеті. Бүгінде Нұртасовтардың Астанада қоныс тепкеніне бірнеше жылдың жүзі болған. Нұртасовтар жанұясының Түркістан қаласынан екені баршаға аян.
Астанаға көшіп келгеніне көп өтпесе де, хан сарайындай үй салып, тыңдармандарын сән-салтанаты жарасқан баспанасымен қызықтырып қойған әншінің бірі – Алтынай Жорабаева. Бүгінде өнер иесі қыздарымен бірге елордалық болып, бас шаһарда өз кәсібін ашты.
Астана бас қала бола салысымен шаһарға көшіп, өз отауын осында құрған келесі бір өнер иесі – Маржан Арапбаева. 1978 жылы Шымкент қаласында дүниеге келген ол, бүгінде Астанадағы шаңырағында екі қыз тәрбиелеп отыр.
Белгілі тележүргізуші, журналист – Ләйлә Сұлтанқызы да ОҚО-ның тумасы. Көп жылдан бері "Балапан" телеарнасын басқарып, қазір Жетінші арнадағы "Өз ойым" бағдарламасын жүргізіп жүр.
Күні кеше БАҚ-қа сұхбат беріп, өзінің жеке өмірі жайлы сырларын көпшілікке жария еткен әйгілі гимнасшы Әлия Юсупованың да қазір Астанада екені белгілі болды. Танымал спортшы Шымкент қаласында дүниеге келген.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1730235-astanany-mojyndatkan-e-tanymal-symkenttikter-kimder/