Әр отбасында қанды із қалды: Елбасы ардагерлерді Жеңіс күнімен қалай құттықтады? (фото)
Жарияланған күні:
Нұрсұлтан Назарбаев соғыс ардагерлерін Жеңіс күнімен құттықтады. Ел президенті Алматыдағы 28 гвардияшыл-панфиловшылар саябағындағы салтанатты шараға қатысты деп хабарлайды NUR.KZ.
Президентке құрметті қарауыл құрмет көрсетіп, оркестрдің сүйемелдеуімен ол Мәңгілік алауға гүл шоқтарын қойды. Бір минутқа созылған үнсіздіктен соң республика гимні ойнады.
"Құрметті қазақстандықтар, Ұлы Отан соғысының ардагерлері! Бүгін Ұлы Отан соғысындағы жеңіске 73 жыл толып отыр. Уақыт зымырап өтіп жатыр, алайда бұл оқиғаның маңыздылығы ел есінен ешқашана кетпейді. Қаһарлы соғыста әкелеріміз от кешіп, ұрпағының тыныштығы үшін, бейбітшілік үшін елді қалай қорғағаны есімізде. Олар нағыз ерлік көрсетті. 500 отандасымыз Кеңес Одағының батыры атағына ие болды. Бір миллион сегіз жүз мың жерлесіміздің жартысы елге қайта оралмады. Әр отбасында бұл соғыстың қанды ізі қалған", - деді ол.
"Біз бейбіт елміз. Жан-жағымызбен достық қарым-қатынасымызды сақтай отырып, ел ішінде тұрақтылық пен достықты дәріптей отырып біз тәуелсіз елімізді құрудамыз. Бұл болашақтағы көптеген жеңісіміздің бастауы деп санаймын. Бірақ біз бұл соғысты ешқашан естен шығармақ емеспіз. Отар полигонындағы әскери оқу-жаттығу шараларынан әскеріміздің берік екеніне, әскерді арнайы техникамен қамтамасыз еткенімізге, кадрлар даярлағанымызды көрдік. Сондықтан біз елімізді, жерімізді сақтау үшін қолдағы барды жетілдіре түсетін боламыз", - деді ол.
Сонымен бірге ол Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне де құттықтау сөзін арнады.
"Әрине, талай жасқа жеттіңіздер, естеліктеріңіз өте көп. Бірақ жылдан жылға қатарыңыз сейіліп келеді, осы көңілді құлазытады. Сіздер жанымызда жүрсеңіздер, біздің де көңіліміз тыныш. Сіздерге қарап елді, бабалар жерін сүюді үйренеміз. Қасық қаның қалғанша Отан үшін шайқасуды үйренеміз. Сіздерді мерекемен құттықтаймын, бар жақсылықты тілеймін", - деп сөзін аяқтады елбасы.
Сөз соңында Нұрсұлтан Назарбаев әр ардагердің жанына барып, олардың қолын алды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1730887-r-otbasynda-kandy-iz-kaldy-elbasy-ardagerlerdi-zeis-knimen-kalaj-kttyktady-foto/