Қызылордада "бесікке салу" дәстүрі жас жұбайларды ажырастырып тынды
Жарияланған күні:
Қызылорда облысының шалғай ауданында дұрыс орындала қоймаған салт-дәстүр бір отбасының ойрандауына әкеп соқты. "Бесікке салу" салдарынан ажырасып кеткен ерлі-зайыптылар оқиғасы көпшілікті таңғалдырған деп хабарлайды NUR.KZ.
Үйленгендеріне екі жыл болған жас жұбайлар ұлдары дүниеге келгеннен кейін екі бөлек кетіп қалған. Оған себеп дұрыс орындалмаған дәстүр болса керек.
Салт бойынша, жаңа босанған қыздың анасы нәрестеге арнайы бесік сыйласа, қайын енесі құдағиына жауап ретінде алтын алқа алып беру керек. Алайда, орын алған күтпеген жағдайларға байланысты бұл дәстүр шарт бойынша орындалмаған.
"Біздің келін өте ашушаң адам. Үйленгендеріне екі жыл болған соң, ол бала ұл сыйлады. Алайда оны перзентханадан шығаратын күні менің қызым жол апатына түсіп, ауыр жарақат салдарынан ауруханаға жатып қалды. Оның емделуіне қомақты қаражат жұмсалған соң, "Бесікке салу" дәстүрі бойынша алтын алқа алуға, шыны керек, жағдайымыз болмады. Сол себепті түк бермегеннен гөрі тым болмаса күміс алқасын сыйлауды жөн көрдік. Бірақ ол құдағидың көңілінен шықпаған сияқты", - дейді Тұрсын апа.
Не болса да салт-дәстүрді үзбеу үшін олар дастархан жайып қонақ шақырған. Қыздың анасы жаңа туылған немересіне көптеген сый-сыяпаттар алып келіпті. Алайда оған жауап ретінде күміс алқа алғанда ол қатты ашуға бой алдырған.
"Қонақтар кетіп қалған соң құдағиым дау-дамай көтеріп, ренішін білдірді. Өз жағдайымды айтып түсіндіруге де мұрша бермей есікті тарс жауып кетіп қалды", - дейді Тұрсын апа.
Екі құдағи бұл оқиғадан кейін бір-бірін қонаққа шақыру тұрмақ, қоңырау шалуды да тоқтатқан көрінеді. Анасын ұятқа қалдырды деп санаған бойжеткен де қайын жұртына мінез көрсете бастаған.
"Ол бөлмеден шықпай қойды. Үй жұмысы былай тұрсын, немеремізді де сирек көретін болдық. Уақыт өте келе жағдай жақсарады деп күтіп жүргенімде ұлым ажырасатындарын айтты. Біз келінді райынан қайтармақ та болдық. Алайда ол біздің көз жасымызға да қарамастан кетіп қалды", - деп ағынан жарылды қайын ене.
Осылайша, күміс алқа кесірінен келіншек күйеуінен де ажырасып кеткен. Бүгінгі күні ол анасының қолында тұрады.
"Бәрінен де ұлыма жаным ашиды. Бұлай боларын білгенде қарызға кіріп алып беретін едім алтынын, бірақ олардың біздің жағдайды біле тұра, түсіністік танытпағандары жүрегіме қатты тиді. Ажырасумен шектелмеген олар енді немеремді көру құқығымнан да айыруға ниет білдіріп отыр", - деп қорытындылады Тұрсын апа.
Жас ана ажырасуға арыз берумен қатар, анасының талабымен қайын жұртына немересімен көрісуге тыйым салуға қол жеткізбекші.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1730972-kyzylordada-besikke-salu-dstri-zas-zbajlardy-azyrastyryp-tyndy/