"Ұнамаса, қарамасын": Кинода жалаңаштанған қазақ актрисасы өзін сөкпеуді сұрауды (фото)
Жарияланған күні:
Танымал қазақ актрисасы Бибігүл Ақтан «Жұлдыздар отбасы» журналына берген сұхбатында отандық модельдік бизнес туралы сөз қозғап, ондағы олқылықтар туралы жасырмай айтты деп хабарлайды NUR.KZ.
"Қазақстандық модельдік бизнес таныс-тамырдың, аға-көкенің арқасында «өркендеп» жатыр. Бір жағынан, Қазақстанда модельдер үшін өте аз гонорар беріледі.
Ал шетелде біздің елдегідей бармақ басты, көз қысты әрекеттер жоқ. Шетелдік модельдер қатты еңбектенеді.
Жұмыс кестелері таңғы алтыдан бастап, күніне жиырма кастингке дейін қатысады. Бұл жас қыздар үшін ауыр болатыны рас.
Алайда шетелде жұмыс істеу арқылы тіл меңгеру, тәжірибе жинау мүмкіндігі зор. Қазақстандық модельдер шетелде сұранысқа ие. Әсіресе бізбен бірге Жапония, Гонконг, Сингапур, Тайланд елдері жұмыс істегісі келеді.
Қазақ қыздары азиаттық болғанымен азиаттықтарға тән тапал емес, сұңғақ бойы бар, ботадай көздері бар. Мен Кореяда жұмыс істегенімде көпшілігі менің келбетіме таңғалды.
Ал актерлікке келсек, Ресейде қазақ актерлері баршылық. Бірақ олардың көпшілігі түр-келбеті үшін үнемі азиаттық персонаждарды ойнайды", - дейді ол отандық модельдік бизнес туралы.
Сонымен бірге актриса ешқашан төсек қатынасы бар сахналарға түспейтінін де айта кетті.
«Мен ешқашан мұндай сахналарға түспеймін. Егер ондай жағдай қажет болса, мені дублер ауыстырады», - дейді ол.
Актрисаның айтуынша, оның Шәкәрімнің өлеңіне жазылған «Көңілдес» фильміне түсуі кезінде арқасын жалаңаштауы эротикалық сахнаға жатпайды.
«Біз бұл жерде суретшінің картинасын визуализацияладық. Мұның бәрі бейнені қалай ұсынғанымызға байланысты. Әйел жалаңаштанған арқасын көрсетсе, бұл – порнография емес. Екі ғашықтың ат үстінде арқалары көрінеді.
Мен бұл фильмде кеудемді көрсеткен жоқпын. Мұны өнер деп түсінсеңіздер екен. Фильмде эстетикалық сұлулық болуы керек. Мен мұндай жоғары талғамды жобалармен қуана жұмыс істер едім. Бұл фильм ешқандай да коммерциялық жоба емес. Оның мақсаты – поэзияны насихаттау, поэзияны биіктету.
Мені «ұятсыз» деп сынағандардан бөлек қорғағандар да болды. Бұл – өнер. Егер сіздер дінге қатты берілген адам болсаңыздар, ғаламторда жалаңаш әйелдердің бейнелерін қарап отыруларыңыздың себебі неде? Егер сіздерге мұндай бейне ұнамаса, қарамаңыздар. Бұл фильмді ешкім сіздердің ұялы телефондарыңызға жіберген жоқ. Өздеріңіз ғаламтордан тауып алып көресіздер де, ұят туралы пікір айтасыздар. Мұндай адамдардың мені сынауына құқығы жоқ.
Шәкірімнің бұл өлеңі әйелге арналғаны анық. Өлең жолдарында ешқандай Құдайға бағытталған сөздер жоқ. Мен өзім өлеңді бірнеше рет қайталап оқып шықтым. Мен орыс тіліндегі аудармадан бөлек, қазақ тілін жетік білетіндерден түпнұсқаны жете түсіндіріп беруін сұрадым. Сол себепті сындардың бәрі де орынсыз деп ойлаймын», - дейді ол.
Бұдан бөлек актриса желіге жартылай жалаңаш суреттерін салудан қымсынбайтынын жеткізді.
«Хейтерлер әр танымал адамда болады. Мен хиджаб киіп сурет салсам да олар мені сынап шығатын еді. Барлық адамға бірдей ұнай беру мүмкін емес. Біз зайырлы қоғамда өмір сүріп жатырмыз. Қазақ қыздары ешқашан хиджаб кимеген, ат мініп, еркін өскен арулар болған. Тек құрмыс құрып, келін атанған кезде басына орамал таққан. Мен еркін адаммын, әлеуметтік желіге қалаған суреттерімді саламын.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1731813-namasa-karamasyn-kinoda-zalaastangan-kazak-aktrisasy-zin-skpeudi-sraudy-foto/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.