Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Халал ауыл: ОҚО-да ішімдіксіз тату-тәтті күн кешіп жатқан тұрғындар елді сүйсінтті (фото)

Опубликовано:

ОҚО-да тұтастай бір ауылдағы дүкендерде ішімдік деген мүлдем сатылмайды. Жергілікті халық қандай да бір бас қосу немесе той өткізсе, тек халал дастархан жаюды әдетке айналдыра бастаған деп хабарлайды өңірдегі NUR.KZ тілшісі.

Халал ауыл
"Халал ауыл". Фото: nur.kz: UGC

Мақтарал ауданындағы Алмалы ауылындағы дүкендерде спирттік ішімдіктің сатылуы осыдан бес жыл бұрын тоқтай бастапты. Соңғысы бір жылдан бері алкогольді сусынды сатуды мүлдем доғарған. Мұнда ащы су сатылуының тыйым салынуына ақсақалдар мен имамдар себеп болған.

Халал ауыл
"Халал ауыл". Фото: nur.kz: UGC
"Осыдан бірнеше жыл бұрын ауылдың имамы мен қариялары болып дүкен иелерімен сөйлестік. Өзі ауылымызда бес-алты дүкен бар.

"Ішімдік ішкен адам түнімен көшеде жүріп, елдің мазасын алады. Қылмыстың да орын алуына сол ащы су кесірін тигізеді. Спирттік ішімдік сатуыңды қой. Содан пайда таппасаң болмай ма? Басқасын да сатсаң жетеді ғой" деп жабылып жүріп дүкен иелеріне ішімдік сатуын тоқтаттық.

Қазір ауыл тыныш, қылмыс та азайды. Тіптен орын алмайды десем де болады",-деді ауыл ақсақалы Елеусін Жастаев.
Халал ауыл
"Халал ауыл". Фото: nur.kz: UGC

Ауылдағы танымал "Нұрхан ата" азық-түлік дүкенінің иесі ақсақалдың сөзін растады.

"Дүкен соңғы он үш жылдан бері жұмысын тоқтатқан емес. Спирттік ішімдік сатуды тоқтатқанымызға бесінші жылға өтіп жатыр. Ақсақалдардың ақылымен сондай шешім қабылдадық.

Арақ сатып, пайда көп табуға болады деп ойлайтын шығарсыз, бірақ бізге пайдадан гөрі ел тыныштығы маңыздырақ. Ауыл халқы бөтен емес, ауызбіршілік жоғалмасын деген мақсатпен ішімдік сатпайтын болдық.

Халал ауыл
"Халал ауыл". Фото: nur.kz: UGC
Ауылда мүлдем спирттік ішімдік ішілмейді дей алмаймын. Кейде қонақ келіп қалады, ол кезде үй иесі Жетісайдан сатып алып келеді. Себебі ауыл халқы мұндағы дүкендерде спирттік ішімдік сатылмайтынын біледі, тіпті бізден сұрамайды", - деді дүкен иесі Мұқан Мырзақасов.
Халал ауыл
"Халал ауыл". Фото: nur.kz: UGC

Алмалыдағы бұл жағдайдан көрші ауыл халқы да хабардар. Солардың бірі - Жібек жолы елдімекенінің тұрғыны - Құрсанбек Жұматаев.

"Біздің ауыл Алмалыдан екі шақырымдық жерде орналасқан. 30 ғана отбасы тұрады. Бізде дүкен деген атымен жоқ. Қажеттілігімізді Алмалыға келіп аламыз. Балаларымыз да осында оқиды.

Бұл ауылда арақ, сыра секілді ішімдік сатылмайтынына біраз боп қалды. Тіпті темекіні табудың өзі қиын.

Бірнеше дүкендерді шарлап жүруге тура келеді. Ауыл ақсақалдарының бұл шешімін толықтай қолдаймын", - деді тұрғын Жұматаев.
Халал ауыл
"Халал ауыл". Фото: nur.kz: UGC

Алмалы ауылының өзге өңірдерден тағы бір ерекшелігі - мұнда жиын-тойларға жалға берілетін ыдыс-аяқ пен қазан-ошақ, тіпті үстелдердің өзі тек халал тойларға жөнелтіледі.

"2006 жылы ауыл азаматтары Алмалы мешітін салды. Содан қариялар болып бастама көтеріп, ыдыс-аяқ, қазан-ошақ сатып алдық. Үстелдер бар. Жалпы 50 адамға арналған ыдыс-аяқ түгелденді. Ауыл ішіндеміз, жиын-басқосулар болады. Көпшілік болған соң кейде ыдыстар сынып та жатады. Оның орнын жалға алушы кейде өзі толтырып қояды. Кейде өзіміз сатып аламыз", - деді ауыл тұрғыны Елеусін қария.
Халал ауыл
"Халал ауыл". Фото: nur.kz: UGC

Бір қызығы, ауылдағы мектепті бітірген түлектер жиырма жылдық басқосуларында жалға берілетін ыдыс-аяқтар мен өзге де қажеттіліктерді толықтырып отырады екен.

Ерекше айта кетерлігі, жиындарда берілетін ыдыстар мен қазан-ошақтарды тұрғындар ешбір ақысыз пайдалана алады. Тек қариялардың қойған бір шарты бар. Дастарханда спирттік ішімдік қойылмауы тиіс.

Халал ауыл
"Халал ауыл". Фото: nur.kz: UGC

Кейде "арақ қоймаймыз" деп, келген қонақтардың көңіліне қарап ішімдік ұсынатындар да кездеседі екен. Ондайларға ақсақалдар қауымы келесі жолы ыдыстарды пайдалануға рұқсат бермейді. 72 жастағы ауыл тұрғыны мұның себебін былайша түсіндірді.

"Ол ыдыстар тек той-думан емес, ас пен жаназаларда да қолданылады. Сондықтан арақ ішілген ыдыстарды құран оқылатын дастарханға қалай пайдалануға болады? Сол себептен осындай шешімге келдік. Ауылда екі жүзден астам отбасы тұрады", - деді Елеусін Жастаев.
Халал ауыл
"Халал ауыл". Фото: nur.kz: UGC

Қариясын сыйлаған тұрғындар бүгінде халал жиындар өткізуді әдетке айналдырып отыр. Ал үлкен той жасайтындар тойханаларды жалға алады екен.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1732234-halal-auyl-oko-da-isimdiksiz-tatu-ttti-kn-kesip-zatkan-trgyndar-eldi-sjsintti-foto/

pixel